///

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман эссе) (жалғасы)

3636 рет қаралды
СҰРБИЕ АТТАН ЗЕЙІЛ ДҮЛДҮЛ ЕДІ

 Мен тайдан түсе қалғанымда, жуық ойпаңда арқандаулы тұрған Кәуатамның сұр биесі мені тани кетіп, оқыранды. Өйткені Кәуатамыз о жақ, бұ жақтан келгенде, мінген атын бос қоя салатын. Көп үйде болатын мен сұр биенің ерін алып, отқа қойып, жүрерінде әкеп ерттеп беретін-мін. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көр» демекші жолдағы көштен қысылған, қысылған ба?! Кәуатам осында екен, енді қайттім… Қайтіп өтірік айтамын. Кәуатамды көргенде, жыламай қайтіп шыдаймын. Шыбын жаным шырқырап, қиналғаным-ай. Қайтейін, «ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар» дегендей, «беттің арын белбеуге түйіп» тәуекел,– деп жыламай шыдауға бекініп, есікті ашып, кіріп бардым. Үлкен құдағиымыз Әлиман апа, кіші құдағи Бұлғынбай екеуі сары майды салып, қойдың қою сүтін қатып, бір шәугім шайды шара толы қаймақ, жұмсақ жаңа сүзген ақ ірімшікті бәрін баптап, алдына алып отырып жатыр екен. Кіріп барғанымда алғашында Әлиман апа:

–Үй, Егеухан! Таң атпай қайдан жүрсің,– деп үркердей болып сасып қалды. Әлгі қатаң шыққан дауысты төр алдында ұйқылы ояу жатқан Кәуатам естіп қалып, басын жұлып алып:

–Егеубай, жай ма, жай ма?– деді. Мен өзімше салмақтанып:

–Жай-жай, Кәуата, жұмысқа келіп едім, атым қашып кетті, сұр биені мініп атымды ұстап алайын ба?– дедім.

Сұр бие арқандаулы тұр, міне ғой, – деді. Бірақ ары қарап көрпесін жамыларда:

– Бұл бала неге мұнша ерте жүр, – деп күбірледі. Әлиман құдағи мен Бұлғынбай енді сыбырға көшті. Қорыққаннан ба? Шаршағаннан ба? Сөйлеуге ауызымның ебі келмей, бер жағым жайбырақатсып, өзімді-өзім әрең ұстап отырғаным болмаса, ар жағым қалтылдап зорға отырмын. Оларға жоғары жақтан біреуді сұмынға шақырып жіберген атым үркіп суға жығып кетті,– деп сыбырладым. Шыныға құйылған қою шайды ішіп жіберіп, алдыма қойылған аяқ шыныдағы қаймақтан 2-3 қалақ асап, екі жапырақ жұмсақ ақ ірімшік жедім де, едел-жедел екі-үш шыны шайды ішіп:

 Құдағи, бата беріңіз, – деп қол жайдым.

– Қарағым, таңертеңгі шайға іліндің, ырымдап отырмын. Жортқанда жолың болсын! Жолдасың қыдыр болсын! Бағың жансын, балам, – деп бетін сипады.

Әлиман құдағи апам сыртқа жүгіріп шығып сұр биені ауыздығын алып тізгінін басына түріп, шылбырына арқан жалғап арқандап қойған екен. Ауыздығын салып, жетелеп әкеліп ерттеп жатыр едім, Машақ құда арт жақтан келіп қалды.

– О, құдаша, неге ерте жүрсің? Амансың ба?

–  Амансыз, – дедім.

– Өзің асығыссың ғой, отырып неге шай ішпедің? – деді.

– Шай іштім. Біреуді сұмынға шақыруым керек,– деп жаттығып қалған өтірігімді жалғастырдым. Сұр бие айылын тістеп тарттырмай тұрған. Құда айылын тартып берді. Мініп алып өрлей жөнелдім.

Сұр бие құлындамайтын қулық бие. Шіркін сау желгенде, жылқы жетпейді деп мақтасатын.

 

Сұр бие аттан зейіл дүлдүл еді,

Екпіні тау ауасын тілгіледі.

Бөктер жолмен келемін сау желдіріп

Үстімде сағым ойнап, нұр күледі.

 

Ат үсті арындатып алға қарай,

Үлпілдек үкі үмітті жалғағаны-ай

Сезіндім аспан жердің арасында

Ақиық ақ сұңқар боп самғағандай.

 

Тұрса да биік қамал өтетіндей,

Асудан әрі асып кететіндей.

Арманым ақбас шыңға шықса-дағы

Ұмтылсам созсам қолым жететіндей.

 

Өңірге өрнек салып төгіліп нұр,

Төскейге қонған ауыл жарасып бір.

Әрбір үй, әрбір адам бір-бір жұмбақ,

Қай үйден қалауымша шешілер сыр.

 

Пай-пай оған қалай, қашан жолығар екенмін. Әлімханұлы Ақи атты досы бар еді, соның үйіне барып соны жұмсайын деп жаңа ғана ағытылған қозыны қайыруға құла тайын құлдыраңдатып мініп шыға келген баладан:

      – Ақидың үйі қайсы?– деп едім.

      – Анау, – деп шеткі үйді нұсқады.

Желісімді бәсеңдетіп бала нұсқаған үйдің сыртына жетіп келдім. Ат дүбірін ести сала есікті айқара ашып, біреу бар пәрменімен үйден атып шықты. Мен де ат үстінде тұрып амандастым. Ол әйел амандығымды алмады… Мен де сұрақты төтесінен қойдым:

– Ақи бар ма?– дедім. Ол тіпті жиырыла қарады. Адамның қиялынан жүйрік нәрсе бар ма? Өткен жылы шілдеханада кезігіп қалып, ол Ақиды жанына ертіп алып Кәппен бір таңға таяу айтысқанымызда тыңдаушы халық айтысымызға риза болып рахмет айтып, «Өркенің өссін! Өнерлерің үстем болсын! Көп жасаңдар!» – деп бата бергенде екеуінің әйелдері қосарлана:

– Сен қыз, біздің байымызға бұдан кейін жолама, енді олармен айтысатын болсаң андағы төгілген шашыңды жұлып аламыз! – деп айбар шеккен. Сондағы ажар кейпі ызғарлы көзі өңменімнен өтіп барады. Ол дұрыс жауап бере ме, жоқ па білмеймін жауап күтіп жалтақтап мен тұрмын. Қызғаныштың қызыл иті қылп етіп, ашу-ызасы бетіне шыға қалған әйел:

– Ақи үйде жоқ, тауға қарағай дайындауға кеткен болар. Оны іздесең таудан қара! – деді  де кері айналып кетіп қалды. Мен тарыға, торыға тауға шықтым. Ешбір басқа тірі жаннан жөн білуге батылым жетпейді. Не іздеген адамымның атын айтуға қорқамын. Кең алқапты қарағайлы өңірді желдіртіп аралап шықтым. Қарағай жап-жасыл орман тамылжып тұр. Арасынан бір шырпы сынбаған. Ешбір пенде қарағай жығып дайындау былай тұрсын, бірде-бір қарағайдың бұтағын майыстырмаған. Алданғанымды біліп, не де болса, ауылға қарай бет алдым. Ең басқы ауылдың басқы үйінің жанына келіп, аттан түстім де, жетелеп жайыла жайма шуақ отырған әр үй сайын кіріп:

– Ақи бар ма? Ақи бар ма? «Әкімшілік тауып кел» деп еді, –  деп жағалай сұрап келемін. Ақи жоқ. Ауыл әйелдері білмейтіндері:

      – Бұл кім өзі? Не қылған қыз?,– десе, кейбір танитындары:

–  Мынау әлгі сұмындағы хатшы қыз ғой, не болды екен? Мына қыздың жүрісі өте сөдегей. Бір сойқан шығармаса жарар еді-ау – десіп, кейі сыбырлап-күбірлеп сөйлесе, кейі әдейі естіртіп шиқанымды шымшып, «бұл неге жай жүрсін, біреуді іздеп жүр ғой» деп қатты сөйлеп тұр. Атымды жетелеп ауылдың аяғынан бірақ шықтым. Адамдардың көзі арқамнан қадалып тұрғандай. Мен ешкімге кезіге алмаймын ба деп жүрегім өрекпіп, бүйрегім бүлкілдеп, аяғым жерге басылмай атыма зорға міндім де сыр бермей сұр биенің әдемі аяңымен ауылдан алыстап жүре бердім.

 ШҰҒЫЛ ШЕШІМ

 ,Ауылдан алыстай бергенімде, алдымнан күрең дөненімен құйғытып, арпалысып қарағайлы беткейден араламаған қарағай, жайлауда өзді-өз ағайынымен жеке-жеке ауыл болып жайбырақат шашыла қоныстанған ауылдан кірмеген үй қалтырмай іздеп жүрген Ақиым ақшолпандай жарқ етіп шыға келгені. Оны көргенде көзім шырадай жанды. Бойымды басқан зіл батпан ой сейіліп, қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады-ау. Ақи да:

– Егеш-ау, қайдан шықтың аспаннан түстің бе? Жарқ етіп қайдан жалт ете түстің өзің амансың ба? – деп о да кездейсоқ көргенде қуанғанын жасыра алмай, ала бөтен жайнап кетті. Екеуміз де арқа-жарқа күліп амандасып, қатарласып аяңмен ауылдан ұзап барамыз. Кешеден бері жүрген жалғыздығым, жаяулығым, жанымды жегідей жеп, жетемді жер қылған, өңменімнен өткен тіл, жанды жаралаған ащы сөз, тіл қанжары жүрегімді тілгені, бәрі-бәрі өзегімде өксіп жаныма батқаны сонша, жолай жолыққан жандарға сырғақтап сіресіп босамай шыдаған көз жасым еріктен тыс сорғалай жөнелді. Ол маған жаны ашып:

– Жылама, жыламашы! Не болды саған?  Күш қайратың бар еді ғой. Мұнда мезгілсіз келген себебіңді айтшы, – деп тәптіштеп сұрай бастады. Менде оңай шешілетін түйін емеспін ғой. Оған:

– Сен Кәпті ертіп келші, үшеуіміз бірігіп кеңесейік – дедім. Оның жаңа ғана атын алып жүргенін көргенмін.

Сен ақырын атыңмен ілби бер, мен барып ертіп келейін,  – деп атын тебініп желе жөнелді. Ол жайырақ тұрып аты құданың үйінің маңында жайылып тұрған соң, ол үйге кіре шығайын деп барса, құдағи:

– Бағана таңертең ерте Егеухан сұмыннан жаяу жалғыз келіп, Қабынордың атын сұрап мініп, өрлеп кетті деп сыбырлапты. Кәп мұны естіген соң, қайнатып жатқан шайға қарамай, асығып шығып, атын ерттеп міне сала осылай келе жатқан беті осы екен. Ақи кеткен соң, көп ұзамай кешікпей екеуі аттарын тебініп екпіндетіп желіп келеді. Жаңағы төгілген көз жасым тыйылып, оның «ой орамын» білгім келді.

 

Ағындап кеп атынан қарғып түсіп,

Ат үстінен көтеріп алды құшып.

Жаным-ау, неге келдің, не болды деп,

Құшырлана сұрады қысып-қысып.

 

Сені ол жерде қозғаған өсек шығар

Таппадың ба бір сырлас жаныңды ұғар.

Ашуды ақыл жеңер аптықпайық,

Жайбырақат жайлаудағы аулыңа бар, – дегені.

 

Мені ойлап мұңайғандай ой менен қыр.

Шиеленді шешілмей шерменде сыр.

Теп-тегін тентірейтін тентек емен,

Тірі кейін қайтпаймын сен өзің біл.

 

Қиналды ол жауап естіп жүзді көріп

Қайбір жанға тәуекел өмір серік.

Алған беттен қайтпайтын алғырлық қой!

Арманға жетер білем сертке берік.

 Ол менің ішімде қазір шешіле қоймайтын кереметтей кесапат түйін жатқанын ұғып, оны қозғамай бүгіп тұрғанымды сезініп, қатты қиналып, толқып, толғанып кетті білем. Аз-кем ойланып тұрды да:

Шынында ол дағы адам, мен дағы адам

Бір-бір қой шешемізді қалжалаған, – дегендей  бір шешімге келмесек Егеуханның артынан қуғыншы келіп қалар. Ақи сен ошақты Орылғының  терең  шатқал дарасын білесің ғой, адаммен малдың аяғы баспайтын қиын қысталаң жер. Сол жерге Егеуханды ертіп апарып таста да, өзің Егеухан аралаған ауылды аралап, жансыздап сыбыс біліп қайт. Келешек заманымыз не болады? Мен  мұнда тұрған үйімде университет бітірген дипломым бар, қажетті құжаттарымды алып, артынан жалғыз аяқ жолмен барамын. Енді қозғалайық – деді.

Мен:

– Түскі уақыт таяп қалды, Кәуатам іздеп қалар атын сен жеткізіп бер дедім. Кәп:

Заман ақырын тапса, әркім жақынын табады! – деген бар ғой, жағдайымыз не болады, беймәлім. Қандай бір қауіпті оқиға туындап қалса, ағаңның атын мініп кетсең де сені ешкім сотқа бермейді ғой. Қазір сол атты сен мініп дараға жетіп алғаның жөн болар, – деді. Ол уақытша тұрған үйіне, Ақи екеуміз ойламаған Орылғының дарасына тарттық.

(жалғасы бар)

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар