///

Пандемияға бір жыл: Нені үйрендік, нені жоғалттық?

2651 рет қаралды

«Шырылдауық шегіртке,
Ыршып жүріп ән салған,
Көгалды қуып, гөлайттап
Қызықпен жүріп жазды алған…» (Абай)

Қазақтың пандемияға дейінгі өмірі туралы ойлағанда, Ұлы Абай Крыловтан аударған осы  бір «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы еске түседі.

2020 жыл 15 наурыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикада төтенше жағдай жариялау туралы қаулыға қол қойды. Ал, 2020 жылғы 16 наурыз күні Мемлекет басшысы қазақстандықтарға үндеу жасап, сақтық шараларын барынша ұстануға шақырды. Сондай-ақ, өкіметтің  экономикалық жағдайды басты назарда ұстайтынын айтып, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайтынын, ол үшін қаражат қоры жеткілікті екенін жеткізді.

Хош, осылайша «наконец-то» елімізге келген коронавирус инфекциясымен ел болып күресу науқаны басталды. 2020  жылғы  16  наурызда таңғы сегізде енгізілген Төтенше жағдай 15 сәуірге дейін, кейін сәуір айының соңына дейін, кейін мамыр айының  11-іне дейін ұзартылды.  Бұдан кейін төтенше жағдай аяқталғанымен, шектеу шаралары, карантин, локдаун енгізілді. Карантин шаралары ел бойынша әлі де күшін жойған жоқ.

Сауда орталықтары, фитнес орталық, сұлулық салондары, асхана, мейрамхана, құрылыс пен тамақ өнеркәсібінен өзге көптеген сала екі айға жуық уақыт жұмысын тоқтатты. … Ел бойынша мыңдаған кәсіпорынның жаппай жұмысын тоқтатуы кәсіпкерге де, қызметкерге де ауыр соққы болды. Шамамен 1,6 млн адам ақысыз демалысқа жіберілді. Қалалардың іргесіне блок посттар қойылып, қозғалыс шектелді. Әлеуметтік міндеттемелерді орындауға уәде еткен үкімет жұмысы уқытша тоқтаған жұртшылыққа айына 42500 теңгеден төтенше жағдай кезінде өтемақы берілетінін мәлімдеді. Ол үшін бастысы Бірыңғай жиынтық төлем төленуі тиіс еді. Ауыл халқы үшін ол 1325 теңге, қала халқы үшін 2651 теңге болып белгіленді.

Дәл осы 42500 теңге халықтың цифрлық сауаты төмен екенін әшкерелеп берді. Электроны цифлы қолтаңба алу үшін ХҚКО-на ағылатын жұрт, онлайн қолтаңба алудың, БЖТ төлеудің жолдарын іздеп, тегін бітетін шаруаны саудалап, пайда тапқандар да табылды. Жалпы, Үкімет 4,5 млн адамға 42 500 теңге жәрдемақы төледі. Дегенмен, әшкере болған тұсымыз бұл ғана емес

Тәуелсіздік жылдарын былай қойып, бұрын-соңды мұндай шектеу шараларын көрмеген жұрт басында қатты абдырағаны белгілі. Мектептер, колледждер мен ЖОО жаппай онлайн оқу форматына көшті. Теледидардан мектеп бағдарламасына сәйкес телесабақтар беріле бастады. Ал, ауыл-ауылына тарап кеткен студент интернет іздеп қырға шығып, төбе кезіп кетті. Білім саласы күтпеген қиындықпен бетпе-бет келді. Бұған дейін баланың біліміне қатысты жауапкершілікті негізінен мектепке артып келген ата-ана  балаларының оқуына көмектесіп, оның оңай емес екеніне көз жеткізді.  Осылайша «ғашықтықтан» қашықтан оқу процесі бір-ақ күнде басталып кетті.  Ал, мұғалімдермен қатар, көптеген салалар онлайн  жұмыс режиміне көшті.

Ал, медицина саласында пандемияның алғашқы айларында сырқат саны аса көп бола қоймағандықтан жағдай бақылауда сияқты еді. Алайда, маусым айының соңы мен шілде айының басындағы індеттің өршіген тұсында халық абдырап қалды. Денсаулық министрі ауысты. Дәріханаларда дәрі тапшылығы туындап, ұзын-сонар кезекке тұрған жұрт – сұмдықтың бер жағы болатын.

Ауруханаларда коронавирус вирусты пневмонияға айналып, өкпесіне су толған науқастарға ауа жетпей қиналды. Көпшілік ИВЛ аппараттары емес, баллондарға оттегі толтыруға кезекке тұрды. Сырқат санының көбейгені соншалық, науқастың дене қызуы жоғары болмаса жедел жәрдем келмейтін жағдайлар кездесті немесе ауруханада орын жоқ науқастарды қабылдаудан бас тартқан жағдайлар болып жатты. Мұндай жағдайда халық жаппай өзін-өзі емдеуге көшті.

Ал,  коронавирусты емдеу протоколы бірнеше рет ауысты. Өйткені, пандемия күрт басталғандықтан вирустан туындайтын асқынуларға қатысты жүргізілген ғылыми зерттеулер жоқ еді. Науқастан көз жұмғандар саны маусым-шілде айында күрт көбейді. Небір жақсылар мен жайсаңдарын жоқтап қалды, жұрт.

Коронавируспен бірге, мемлекет қазынасынан ақша жымқыруды ойлағандардың да дәуірі жүргендей… Мемлекеттік сатып алу порталы өз бағасынан бірнеше есе қымбат тауарларды (әсіресе медициналық) сатып алу туралы хабарламаларға толды. Алайда, індет пен шектеу шараларынан шаршаған және негізінен әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасап отырған көпшілік мұндай «жаңалықтарды» сабырсыздықпен қабылдады. Соның нәтижесінде бірқатар сатып-алулар өтпей қалды. Ондай асыра сілтеулер туралы Minber.kz сайты да жазған болатын.

Елімізде, пандемия басталғалы 16 модульдік аурухана, 3 инфекциялық аурухана, 63 амбулаторлық емхана  салынды. Алматы мен Шымкентте салынған модульді ауруханаларға жұмсалған қаражаттың қолды болғаны туралы да ақпарат тарап, тексеру жүргізіліп жатқаны мәлім болған еді. Әзірге іс бар, кінәлі табылмағандай… Жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-қимыл агенттігі тексеру барысы жайлы ақпарат таратуда сараңдық танытып отыр.  Айтпақшы, экс-денсаулық министрі Елжан Біртанов та жемқорлық бойынша күдікке ілініп үй қамақта отыр. Алайда,  оның ісіне қатысты да жария ақпарат жоқтың қасы.

Алғашқыда «коронавирус жоқ, ол биліктің ойыны» деп әлеуметтік желіде бал ашқандар «Қасақана жалған ақпарат таратушылар»  заң алдында жауапкершілікке тартылатынын білді.

Пандемия ел экономикасына да біршама әсерін тигізді. 2020 жылдың соңғы бес айында мемлекеттік бюджет шығындары түсімнен екі есе көп болды. Өткен жылдың жеті айында елдің Жалпы ішкі өнімі 2,9%-ға төмендеді. Экономистердің болжамына сәйкес, жағдайдың оңалуына уақыт керек.

Карантинде өткен бір жылда болған оқиғалар легін тізбелей берсек көпке созылары анық.

«Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?» (Абай)

Әзірге, өлеңде суреттелгендей қиын жағдай туа қоймаған шығар деген үміт басым…  Әйтсе де, пандемия халыққа көп нәрсені үйретті деген пікірлер жиі кездеседі. Не үйрендік, сол үйренгенімізді өмірде қолдануға бейімделе алдық па?

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар