///

 Идеологияның құны қанша немесе біз қаншалықты рухани жаңғырдық?

13367 рет қаралды
2

Cәуірдің 12-сінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына төрт жыл толады. Төртінші жыл жүзеге асырылып жатқан жоба аясында не жүзеге асырылды, осы жолда қанша қаржы жұмсалды? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрдік.

2017 жылдың 12-сәуірінде Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Содан бері мақалада айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін бес жылдық бағдарлама қабылданып, миллиондаған іс шаралар ұйымдастырылды. Бюджеттен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 54 миллиард теңге қарастырылған.

2018 жылы “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институты” коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Ал 2019 жылы Қазақстанның он төрт облысы мен республикалық маңызы бар қалаларында “Рухани жаңғырудың» жобалық кеңселері ашылды. “Рухани жаңғыру» алты бағыт бойынша жүзеге асырыла бастады: «100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Киелі Қазақстан», «Қазақстанның жаһандық әлемдегі мәдениеті», «Латын әліпбиіне көшу» және «100 жаңа есім».

2017 жылы республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге (12,5 миллион доллар), 2018 жылы 531 миллион теңге (1,3 миллион доллар) көлемінде қаржы бөлінді. Дегенмен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бөлініп жатқан қаржының көбі имидждік шараларға жұмсалды. Конференциялар мен патриотизмге үндейтін іс әрекеттер көбірек ұйымдастырылды. Сол себепті бұл бағытта бөлініп жатқан қаржының  тиімсіз жұмсалып жатқаны жайлы қоғамдық пікірдің өршігені соншалық, Президент Тоқаевтың өзі ақшаны оңды-солды жұмсауды тоқтату туралы тапсырма берді:

– Мемлекеттік шығындардың басты міндеті – қарапайым адамдардың проблемасын шешу. Қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізіліп жатқан имидждік шараларды түбегейлі қысқарту керек.  Мен Үкімет пен әкімдерге сондай тапсырма беремін. Біз мемлекеттік деңгейде бюджетті нақтылауды негізгі мақсат етіп қоюымыз керек. Біздің тұрғындарға таза ауыз су, тұрғын үй, баспана, жұмыс орны және жайлы өмір сүру үшін инфрақұрылымдар керек. Біз осы міндеттерді шешуіміз керек.  Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемалардың шешілуімен бағалаймын. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласының дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастыру, – деген еді мемлекет басшысы.

Президенттің бұлай деуінің жөні бар, тек 2019 жылдың өзінде  әртүрлі 209 имидждік шаралар, конференциялар мен форумдар өткізілген. 2020 жылы Президенттің сөзінен кейін бе әлде пандемия әсер етті ме, жоспарланған шаралар екі есеге дейін қысқарған.

«Біздің министрлік тарапынан қаржыландыру екі бағыт бойынша жүзеге асты: ақпараттық жұмыс және аталған бағдарламаның ғылыми әдістемелік бағытын жасайтын Қазақстанның қоғамдық даму институтының қызметін қамтамасыз ету үшін. Биылғы қаржыландыру екі есеге қысқарды әрі 277 миллион (667 мың доллар) теңге бөлінді. Бұл пандемияға байланысты», – деген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Біз мемлекеттік сатып алулар порталындағы ақпаратты ақтара отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай қаржыландырылғанын сарапқа салып көрдік. Мемлекеттік сатып алулар порталында «Рухани жаңғыруға» қатысты 12 мекеме  тіркелген. Соның бірі – “Рухани жаңғыру” қоғамдық даму институты” коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Бұл қоғамның Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы және тапсырыс беруші.  Ал өнім беруші ретінде ешқандай ақпарат жоқ. Алайда, Statsnet порталының мәліметтеріне сүйенсек, мекеменің жылдық пайдасы 2019 жылы – 862 миллион 824 мың,  2020 – 8 миллиард 866 миллион 313 мың тенге,  2021 жылы – 3 миллиард 817 миллион 070 мың теңге, тиісінше ең көп салықты 2020 жылы төлеген. Үш жыл ішінде жалпы 400 миллионнан астам салық төлеген. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші және өнім беруші. Үш жылғы сатып алулар нәтижесіне көз жүгіртсек, 2019 жылы – 24 миллион 260 мың теңгенің келісім шартын жасасқан. Тапсырыс беруші  – Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму басқармасы. Қызметтің қысқаша мазмұны – “Рухани Жаңғыру” бағдарламасын іске асыру аясында іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу. Техникалық ерекшелік бойынша – 20 сағатқа есептелген “Рухани Жаңғыру” бағдарламасын іске асыру үшін мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, ұлттық бірегейлік пен эволюциялық даму қағидаттарын насихаттау мақсатында оқыту бағдарламасы, кемінде 450 адамды оқыту көзделген.

2020 жылы дәл осы қызметті бұдан екі есе артық сомаға өткізу жоспарланыпты (40 миллион 178 мың). Тек бұндағы өзгешелік – 600 адамды қамту көзделген, бірақ оқыту сағаты – 16.

Дәл осындай сомаға 2021 жылы да келісім шарт жасасып үлгерген. Қызмет түрінің алдыңғылардан айырмашылығы жоқ. Барлық сатып алу бір көзден жасалған. 

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының “Рухани Жаңғыру” жобалық кеңсесі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші және өнім беруші. Бұл мекеменің 2019-2020 жылдары орындалған сегіз келісім шарты бар. Оның ең көбі 2019 жылға тиесілі. 55 миллион 762 мың теңге. Екі келісім шарттың екеуінің де тапсырыс берушісі  Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы. Аталған мекеме 54 миллион теңгеге (қосымша құн салығын қоса есептегенде) Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарындағы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының “Рухани Жаңғыру” жобалық кеңсесінің” қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған үш күндік семинар өткізу, мемлекеттік мектептердің оқытушылары үшін қаланың киелі орындарына экскурсия жасау, 4 тақырыптық монография мен 20 талдамалық материал мен мақалаларды жазу және шығару, тақырыптық билбордтардың эскиздерін дайындау, Алматы қаласында әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысқан қайырымды жандар мен волонтерлерді марапаттау бойынша «Жомарт жүрек» конкурсын ұйымдастыру және өткізуді  жоспарлаған.

Ал, 1,2 миллион теңгеге тақырыптық видеороликтер дайындау көзделген. Әр видеороликтің ұзақтығы – 1 минуттен кем емес 7 ролик дайындалуы керек делінген техникалық сипаттамасында. 

Ал 2020 жылғы бұл мекеменің сатып алу біршама аз. Атап айтар болсақ, бас аяғы алты тапсырыс алған. Тапсырыс берген мекемелер де әртүрлі. Мәселен, “Алматы” телерадиокомпаниясы, “Алатау ақпарат” ЖШС, Алматы қаласы Білім басқармасының “Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы Білім басқармасының “Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, Алматы қаласы Білім басқармасының “Алматы көпсалалы колледжі” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және Алматы қаласының Мәдениет басқармасы. Бұл мекеме 2020 жылы жиыны 7 миллион 773 мың теңгеге келісім жасасқан. Төмендегі графикке көз салыңыз: 

Алматы облысының “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші және өнім беруші.  Аталған мекеме 2019, 2020 жылдары 308 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырса, 2021 жылдың өзінде 25 миллион теңгенің екі келісім шартын жасасып үлгерген. 
Жүзеге асырылған шараларды сарапқа салып көрсек. 2019 жыл:
«Т-СОN» комикстер фестивалін өткізу және ұйымдастыру (27 миллион 801 мың теңге); 
«ZHETYSU VINE FEST» фестивальін өткізу және ұйымдастыру бойынша қызметтер (33 миллион 526 мың теңге);
Орбұлақ шайқасының тарихи реконструкциясы – 2019 іс-шарасын өткізу бойынша қызметтері (98 миллион 813  мың теңге);
2020 жылы:
«ЗЕРДЕ» зияткерлік ток-шоуын ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер (9 миллион 100 мың теңге);
“IQ DODA” зияткерлік ойынын ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер (33 миллион 074 мың теңге); 
«ЖЕТІСУ АРТ – 2020» КӨПСАЛАЛЫ ІС-ШАРАСЫН өткізу бойынша қызметтер (10 миллион 600 мың теңге);
«JETISY ЭРОН ДРОН» (JETİSÝ dron jarysy) жарысты ұйымдастыру және өткізу бойынша қызмет (9 миллион 303 мың теңге);
«Біржан мен Сара» (Ақиқат, салмақты сөз – айтыстан туады) атты сөз додасына алғаш қадам басқан жас буын айтыскерлердің облыстық онлайн айтысын өткізу және ұйымдастыру бойынша қызметтері (5 миллион 270 мың теңге);
“Zhetysu ESPORTS Cup” кибертунирін ұйымдастыру бойынша қызметтер (5 миллион 167 мың теңге)
«OPEN AIR «НАМЫС» (NAMYS ашық мастер класс) мастер классын өткізу бойынша қызметтер (18 миллион 817 мың теңге);
«ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРІ» әдеби туындысының шығармашылық жұмыстарын ұйымдастыру және басып шығару қызметтері (17 миллион 939 мың теңге);
«Жетісу – оқырмандар мекені» жобасын өткізу бойынша қызметтер (6 миллион 900 мың теңге);
Еріктілер жылының жабылуына арналған Алматы облысы әкімінің «ASYL JÚREK» сыйлығын өткізу бойынша қызметтер (31 миллион 936 мың теңге);
2021 жылы: 
Аталған мекеме облыстың ішкі саясат басқармасымен екі келісім шарт жасасып үлгерген. 14 миллион 321 мың теңгеге “JETISY ЭРОН ДРОН» (JETİSÝ dron jarysy) дрондарда жарысты ұйымдастыру және өткізу” бойынша қызметтерді атқаруды мойнына алса, екіншісі «ЗЕРДЕ» зияткерлік ток-шоуын ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер. Бұл қызметтерді өткізу үшін 11 миллион 225 мың теңгенің келісім шартын жасасқан.
Демек, ең көп қаржыны 2019 жылы жұмсаған. Ал пандемия өршіп тұрған 2020 жылы 148 миллион теңге жұмсап, рекорд орнатқан. Дәл сол кезде Алматы облысының ауруханаларында орын болмай, дәріханаларда дәрі тапшылығы байқалды. Адамдар коронавируспен қалай күресерін білмей сабылып кетті, бірақ облыстың ішкі саясат басқармасы көңіл көтерер шаралармен айналысып жатқан. 
 
 
Ал Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының “Рухани жаңғыру” жобалық кеңселерінің мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәртебесі – ұйымдастырушы, тапсырыс беруші. Сол себептен бұл мекемелердің өнім беруші ретінде ақпараттарын таппадық. Сонымен қатар порталда өнім беруші ретінде тіркелген ФД “Рухани жаңғыру: Железинка ауылым-алтын бесігім”, Ф-д “Маңғыстау-Рухани жаңғыру” мекемелері бар. Бірақ олардың мемлекеттік сатып алулар порталында ешқандай келісім шарты жоқ.
Тағы бір мекеме “Астана Рухани жаңғыру” ЖШСнің 2018 жылдан бері орындалған 75 миллион теңгенің 25 келісім шарты бар. 
 
 
 
Тағы бір ескертетін жайт: “Туған жер”, “100 жаңа есім”, “100 оқулық”, “Қазақстанның киелі жерлері”, «Қазақстанның жаһандық әлемдегі мәдениеті» және «Латын әліпбиіне көшу» секілді бағдарламалардың бюджеті бұл сатып алуларға кірмейді. Алдағы күннің еншісінде қалған бағдарламалардың бюджетін сарапқа салып, нақты не істелгенін сараптау ісі тұр. 
Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Қандай да бір бағдарлама қабылданғанда, оған шенеуніктер, одан төменгі атқарушылар жымқырып қалу тұрғысынан емес, шынымен ұлтына жаны ашып, іске кіріссе, қаншама жетістікке жетер едік, жоғымыз түгенделер еді. Санамыз қашан өсіп, қашан тойынып болар екен біз?! Эхххх

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар