Ономастика заңнамасына сәйкес көше атауларын өзгерту туралы ұсыныс ауыл тұрғындары жиналған жиында айтылып, ашық түрде дауыс берілді. Тұрғындардың көбі бұл тарихи өзгерісті қолдаған.
Жаңа атауға ұсынылған көшенің алғашқысы әл-Фараби. Аудан орталығындағы ең үлкен бұл көшеде 232 үй, аудандық кітапхана, бірнеше маңызды әлеуметтік нысан бар. Тұрғындар осы жиында Шонжыдағы тағы бір орталық көшеге қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының аты берілсе деп ұсынды. “Мінбер” сайты Ұйғыр ауданында Абай атындағы көшенің жоқ екендігі туралы жазған еді.
Сонымен қатар, тағы бір көшеге биыл 90-жылдық мерейтойы аталатын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі берілмек.
Қарадала аймағын дамытуға зор үлес қосқан Кентал Исламов, Нуршидин Аппазов, Абдулла Розыбакиев сынды азаматтардың есімін аудан орталығында жаңадан ашылып жатқан үш көшеге беру ұсынылды.
Көше атауларын беру және оны қайта атау туралы мәселелер жергілікті атқарушы органдар мен аудандық мәслихаттың бірлескен шешімімен облыстық ономастика комиссиясының қарауына жіберілді. Алдағы жеті күн ішінде облыстық ономастика шешім шығарады.
Ауыл тұрғыны Сайдахмет Қасымов әлемге әйгілі әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының есімдерін ауыл көшелеріне баяғыдан-ақ беру керек еді, деп айтып, бұл ұсынысты ауыл тұрғандарының қолдайтынын жеткізді.
Аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжановтың айтуынша, өзгерген көше атаулары жеті күннің ішінде күшіне енеді.
Дереккөз Жетісу арнасы https://www.facebook.com/100041760694960/videos/523830355685650/
Сурет elana.kz
[…] […]