///

Шымкент қаласы Наурыз тойына 565 миллион теңге жұмсап отыр

4545 рет қаралды
1
photo: 7kun.kz
Желі қолданушысы Мият Кәшібай фейсбуктегі парақшасына “Жиһаз жасайтын компания өткізіп жатқан 40 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК АЙТЫС” деген жазба жариялап, Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының тапсырысымен өткізіліп жатқан айтысқа 40 миллион теңге бөлінгендігін айтады. Ол сонымен бірге мемлекеттік сатып алулар порталындағы келісім шарттың сілтемесімен де бөліседі. 
Айтуынша, айтысқа 16 қатысқан екен. Бірінші біздің назарымызды аударған мәселе – жиһаз жасайтын компанияның бұл тапсырысқа арнайы шақырылғандығы. Сөйтіп, интернеттегі ашық дерек көздері бойынша өнім беруші “Quraq Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызмет түрін тексеріп көрдік. Statsnet   порталының жазуы бойынша аталған мекеменің  қызмет түрі – түрлі жиһаз өндіру. 
Келісім шарттың техникалық ерекшелігі тым қысқа екен. Шымкенттегі “Наурыз айтыс” іс шарасын ұйымдастыру. Тараптардың келісім шартқа қол қойған уақыты 16 наурыз. Мият Кәшібай арықарай:
“Әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйі осы айтысты өткізу үшін “Quraq Group” ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Құны 40 миллион теңге. Келісім шартқа Майғазиевтың өзі қол қойған. Тендер “тікелей бір көзден сатып алу” тәсілі бойынша өткен. Яғни Майғазиев басқаратын мекеме айтыс өткізу үшін порталда ешқандай хабарландыру жарияламаған, тапсырысты орындаушы ретінде бірден “Quraq Group” компаниясын таңдап алған.
Майғазиев басқаратын мекеменің мейіріміне бөленіп, 16 ақынды екі күн айтыстырып, 40 млн теңгеге қарық болғалы тұрған “Quraq Group” деген қандай компания деп отырған шығарсыз?) Ендеше келесі азат жолдағы ақпарат сол компания жайлы:
Былтыр 8 шілде күні ресми тіркелген. Бастығы – 27 жастағы Сағынтаев Бақдәулет Батырханұлы деген азамат. Компания Шымкент қаласында тіркелген. Статистика комитетінің сайтында бұл компания жиһаз жасаумен айналысады деп тұр. Осы уақытқа дейін мемлекетке бір тиын да салық төлемеген. Бұл аталған компанияның ресми тіркелгеніне 9 айға жуық уақыт өтсе де, әлі жұмыс істемегенін білдіреді. Осы жерде Сәкен Майғазиевке сұрақ: Жиһаз жасаумен айналысатын әрі бұған дейін ешқандай жұмыс істемеген компанияға айтыс өткізуді қалай сеніп тапсырдыңыздар? Бұл компанияны таңдарда не нәрсені негізге алдыңыздар?” деген сауал қояды. Біз де осы сауалды Шымкент қалалық Мәдениет басқармасына қоя отырып, басқарманың Наурыз тойын өткізу жоспарларын сарапқа салып көрдік:
Шымкент Мәдениет басқармасы Наурыз тойын өткізу үшін Мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы алты іс шара жоспарлаған. Ең ірі сатып алуды “Penopro” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасаған. Аталған мекеме мен Шымкент қалалық Мәдениет басқармасы 322 миллион теңгеге келісім шарт жасаған. Бұл қызметтің де техникалық ерекшелігі тым қысқа: “Іс-шара ұйымдастыру/өткізу бойынша қызметті. Наурыз мерекесіне орай “Шымкент қайырымды қала” – ұлыстың ұлы күні” іс-шарасы қызметіне” деп жазылған онда.”Penopro” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Компанияның ресми сайтындағы ақпарат бойынша айналысатын қызмет түрі құрылыс саласына қатысты. Архитектуралық формалар, металл конструкциялар дайындау. Ал бұл компанияның идеологиялық шараларды ұйымдастыруы бізді таңқалдырды. 
 
Бұдан кейінгі ірі келісім шарт – 80 миллион теңгеге “ZHAN ALEMI GROUP” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған. Келісім шарттың қысқаша мазмұны – Наурыз мерекесіне орай “Bala дауысы, Super Live, Жұлдызай” іс-шарасы қызметін ұйымдастыру. Бұл қызметтің де техникалық сипаттамасында бір сөйлемнен басқа ештеңе жоқ. Өнім беруші “ZHAN ALEMI GROUP” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Инстаграмдағы ақпаратқа сенсек, бұл компания түрлі концерттер мен ивенттер ұйымдастырады екен. 
Келесі сома – 50 миллион теңгеге жасалған. Бұл қаржыға – Наурыз мерекесіне орай “Дәстүрлі ән мен жырлар” – Дина Нұрпейсова” іс-шарасын өткізу жоспарланған. Өнім беруші – ИП Дехгани ” Soloist”, Алматы қаласында тіркелген.
Тағы бір 50 миллион теңгеге Prima Gololobova Наурыз  мерекесіне орай “Open Art gallery” – Айқап журналының құрылғанына 110 жыл” іс-шарасын ұйымдастырмақ. Өнім беруші Prima Gololobova Шымкент қаласында тіркелген.
Техникалық ерекшелігінде “Наурыз” мерекесіне орай іс шаралар өткізу” деген бірауыз сөйлеммен сипатталған келесі қызмет – 22 миллион теңге тұрады. Өнім беруші “Impresario Media Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бір қызығы бұл компания Наурыздың 10-ында ғана тіркелген. Ал келісім шартқа 19-ы күні қол қойып отыр. 
Тағы бір назар аударатын мәселе, ZHAN ALEMI GROUP” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Impresario Media Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында бір байланыстың бар екендігі. Өйткені, “ZHAN ALEMI GROUP” ЖШС өткізуді мойнына алып отырған “Жұлдызай” және “Бала дауысы” фестивальдерінің продюсері Жан Муканов “Impresario Media Group” компаниясының да бас продюсері екендігін жазады инстаграмдағы парақшасында.“ZHAN ALEMI GROUP” ЖШС-інің басшысы Александр Ярышев. “Impresario Media Group” ЖШС-інің басшысы  Диана Асқарова. 
Cонымен қорыта айтқанда, Шымкент қаласы жиыны “Наурыз” мерекесін тойлау үшін 530 миллиондай теңге жұмсап отыр.
 
 
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар