////

Бозжыраның даңқы мен дақпырты

6132 рет қаралды

Бозжыраның даңқы мен дақпырты қатар жетті. Егер Бозжыраға қонақ үй салу мәселесі сөз болмағанда мен ол туралы естімеуім де кәдік еді. Мұнайлы өлке Маңғыстауға жолым түскенде өте қатты қуандым. Оның бірнеше себебі бар еді. Бірінші, Қазақстанның 14 облысының ішінде Маңғыстау өңіріне сапар шекпеппін. Екіншіден, осы мұнайлы өлкеде атақты Каспий теңізі бар, Каспийдің жағасына барып, теңіздің суына аяғыңды малу да бір ғанибет қой. Үшіншіден, атақты Бозжыраға барудың сәті түседі. Сол себепті де, «Тілші» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Ақтілеу арнайы шақырған кезде Бозжыраға бару туралы ұсыныс тастаған едім.

АСПАНМЕН АСТАСҚАН БИІКТІК

Сонымен Ақтауға күндізгі сағат 13.00-де түстім. Күн сүркей, аспан қабағын ашпай, жел азынап тұр. «Ақтау» халықаралық әуежайынан қалаға дейін 20 минуттай екен, мені күтіп алған такси жүргізушісі маған теңіз жағалауына серуендеп қайтуды, теңізді көріп, суретке түсуді ұсынды. Ол қызметіне қосымша мың  теңге сұрады. Мен келістім, бірақ, теңіздің жағалауы мен түсетін қонақ үйден онша алыс емес екен.

Теңіз жай ғана толқиды. Қазақтың маңдайына біткен жалғыз теңізінің өзіне бес мемлекет иелік етеді. Өйткені қойны-қонышы байлыққа толы қарт Каспийден алпауыт Ресей де, Иран да, Түркіменстан мен Әзірбайжан да өз несібесін алып қалғысы келеді. Жағалауындағы шаңқылдаған шағалалардың өзі теңізге ерекше көрік беріп, теңіз әніне ән қоса түскендей.

Ақтау шағын ғана қала екен. Онда көше жоқ, тек 45 шағын ауданнан тұрады. Тек Назарбаев атындағы бір ғана орталық көше бар. Ауа таза, бәлкім бұған тоқтаусыз соққан теңіз желінің әсері бар шығар. Ақтаудағы ұнаған бір дүние – көшелерінің тақтайдай тегістігі. Бәлкім жер қатты болғандықтан, асфальттар біздегідей ойылып кетпеген. Мені әуежайға кері жеткізген таксистің айтуынша бұл далада біздегідей ауыр Камаздар да жүрмейді екен. Соның әсері шығар, жолға айтар жоқ екен.

Ұшы қиыры жоқ теңізбен астасқан далада не тау, не бір бұдыр ағаш кездеспейді.

«Бір құдірет тұла бойды тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға»… деп Табыл Досымов айтқандай теңіз аспанмен астасып жатыр. Әр өлкенің өз ерекшелігі бар ғой. Ақтаудың теңізі болса, Алматының тауы бар. Тауы бардың нуы бар, көлі бардың қазы бар.

БОЗЖЫРА 

Теңіздің жеңіл самалымен тыныстаған біздің келесі бағытымыз – атақты Бозжыра еді. Бозжыраға жету үшін Ақтаудағы туристік фирмалардың бірінен автобус жалдадық. Мини автобус 300 шақырым жерді үш сағаттай жүріп өтті. Жол бойында атақты Жаңаөзен қаласын басып өтеді екенбіз. Қаланың маңайы толған мұнай бұрғылары, толассыз жұмыс істеп тұрған скважиналар. Шетсіз-шексіз даланың асты толған байлық, ал осы байлық кімге қызмет етіп жатыр, бұның жауабын бірден айту қиын.

Орта жолдан өткенде жол екіге айырылды, бірі солға қарай кетеді, бұл жол Бекет атаның бейітіне бастайды екен, екінші жол тіке тартады, ол – Бозжыраға бастайды. Көз ұшында менмұндалап атақты Шетпе көрінеді. Тақтайдай тегіс жол зымырап, алға жетелейді. Бізге Үстірт қорығының қызметкерлері кездесті. Турфирма алты адам үшін 1800-дей теңге төлеген екен. Көп ұзамай «Бозжыра 18 км» деген табло көрінді. Біз енді оңға бұрылуымыз керек. Алайда жол бастаушымыз оңға бұрылмады, тіке тарта берді. «Неге?» деген сұраулы жүзімізді түсінді-ау, “егер осы бағытпен кетер болсақ, сай табанымен барамыз, онда Бозжыраға төменнен көз тастайсыңдар, ал үстіртпен барсаңыздар жоғарыдан тамашалау мүмкіндігіне ие боласыздар” деді жол бастаушымыз Қолғанат ағай. Сөйтіп, Бозжыраға биіктен көз тастау үшін, басқа жолды таңдадық. Жолсызбен тек он бес шақырым жүрдік.

Дәл мұндай тамашаны бұрын соңды өз көзіммен көрмеген екенмін. Бозжыра шатқалының табиғи көрінісінің өзі қолмен сурет салғандай. Тіпті, суреттеп жеткізуге тіл жетпейді.

Бұл мекеннің аумағы шамамен 316 141 гектар, ал төменнен мен мұндалап тұрған тауларының биіктігі 180-200 метрге дейін жетеді. Біз барғанда желдің жылдамдығы шамамен 15-20 м/с болып тұрды. Наурыздың ортасында табиғат тосын мінез көрсетуін тыймады, күн сүркей, боранды, бет қаратар емес. Өкпек жел өңменіңнен өтеді. Бірақ ауа райының қолайсыздығы біздің Бозжыраның тамашасына кенелуге бөгет болмады. Ежелгі бір ертегілер еліне келгендей сезімде болады екенсің. “Боз” сөзінің өзі ақ шағыл құмдардан қаланған ерекше жаратылысты меңзесе керек.  Биік жартастардың ортасында қобызын құшақтап, Қорқыт баба тұрғандай. Келесі бетте “Азу тістер” аталып кеткен адамның азуына ұқсас екі төбешік мұндалайды. Бір қараған адамға бұл төбешіктер ежелгі Орта ғасырлық қамалға ұқсайды. Қиялыңа қанат бітіп, мұнда экшн жанрлы қорқынышты фильмдерді түсірсе қалай болар екен деген идея келеді екен. Жарғанаттар ұшып, алып жыртқыштар анталап жүретін қиял ғажайыпты осында елестетіп көріңізші. Төңірекке көз тастай тұрып, тартылған теңіздің қалдықтары ма деген ой еріксіз оралады екенсің. Ішкі түйсігім алдамапты. Жол бастаушымыздың айтуы бойынша, “Бозжыра 5 миллион жыл бұрын ежел­гі Тетис мұхитының табанындағы әк­тас шөгінділерінің көтерілуінен, мұ­хиттың тартылуынан пайда болған” екен.

Дегенмен бізді алаңдатқан бір мәселе – қауіпсіздік мәселелерінің ескерілмеуі. Біз тұрған үстірттен сай табанына дейін кемінде үш жүз метр бар. Төменге қарағанның өзі қорқынышты, желдің екпіні қатты, анау-мынау адамды ұшырып жіберетіндей. Бір жаңылыс басқан қадамың, орны толмас өкінішке ұрындырардай.

БОЗЖЫРАҒА ҚОНАҚ ҮЙ САЛЫНА МА?

Соңғы бір-екі жыл көлемінде туризмді дамыту мақсатында Бозжыраға қонақ үй салу мәселесі қоғамдық талқыға салынып келеді. Мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Жергілікті әкімшілік қоғамдық тыңдау өткіземіз дейді. Алайда жергілікті тұрғындар ешкім әлі тұнығын лайламаған тұмса табиғатқа адам аяғы тисе, онсыз да құрып кетудің алдында тұрған аң-жануарға қырғидай тиеді деп қорқады. “Туризмді дамыту үшін” дейді келесі жақ, “қазіргідей жабайы туризм Бозжыраға қауіп төндіреді, сол себепті оны қорғаудың бір амалы өркениетті жолмен игеру”.

Мəдениет жəне спорт вице-ми­нистрі Өркен Бисақаевтың ай­туынша, Боз­жыра шатқалына келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 10 есе артып, 2 мыңнан астам адам­ға жеткен. Ал ке­лесі жылы бұл көрсеткіш тағы есе­леніп, ке­мі 10 мыңнан аса турист ке­леді деген бол­жам бар. Бозжыраға деген ынтызарды оятқан да осы әңгіме болса керек. Қазір Бозжырада туризмді дамыту идеясына шетелдік туристер де үн қата бастады. Олар да өз ойларымен бөлісіп, түрлі медиа құралдары арқылы пікір білдіріп жатыр.

Сонымен Бозжыраға қонақ үй салына ма? Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше Маңғыстау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу жергілікті биліктің ұсынып отырған басты аргументі екен. “Біз жергілікті халықпен кездесу өткіздік. Жергілікті халық жаңа жұмыс орындарын ашқысы келеді. Маңғыстау облысының халқы тез өсіп келе жатқан өңір. Өкінішке қарай, мұнайгаз саласы ұзақ мерзімді перспективаға ие емес. Біз әйгілі мекенге бардық, Бозжыраның жанындағы “Азу тістердің” маңайына қонақ үй салуға болмайды. Онда “Жабай ұшқан” аумағы мен өңірлік табиғи парк “Қызыл сай” бар. Сондықтан экологтармен келісе отырып қонақ үй бұл аумақтан тыс жерде салынады” деген Tengrinews.kz сайтындағы пікірінде.

“НК Kazakh Tourism” АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Бозжырадағы жабайы туризмді бақыламаса, экологиялық қатердің болуы заңды деген пікірде.

“Мен Бозжырада он рет болдым. Осы уақыт аралығында антропогендік ықпалдың кері әсерін көріп келемін. Ауыр джиптер туристерді қалада жүргендей тасиды. Олар бір жолмен ғана жүреді. Мәселе – Бозжыраны не жауып тастау керек, сөйтіп, қорықтың жоғары талаптары бойынша қол жетімсіз жер ретінде қалдыру немесе туристік инфрақұрылым жасау керек” деген ол.

Алайда, қоғамдық белсенділер бұл пікірді қолдамайды. Мысалы, экобелсенді Сәкен Ділдахмет Үлкен Алматы көлін мысалға келтірген. Қазір бұл аумақтағы сирек кездесетін аңдар адамдар әрекетінен үркіп көрші мемлекеттерге жосып кеткен. Сол себепті де, Бозжырадағы сирек кездесетін аңдарды үркітпеу үшін бұл аумақты сақтау керек.

Біз де Сәкеннің пікіріне қосыламыз. Экотуризмді дамытудан бұрын адамдардың санасына экомәдениетті қалыптастыру керек. Браконьерлігі мен жемқорлығы қатар дамыған қазіргі қоғамда Бозжыра сияқты тұмса табиғатты лайлап қажеті жоқ. Онда барған туристердің лас әрекетінен табиғат ананың өзі шамданып, әзірге ешкімде кездеспейтін асылымызды жоғалтып алармыз. Онсыз да бүкіл әлем адамдардың бейсаналы әрекеттерінен зардап шегіп отыр. Қазір біздің аяғымыз жеткен жердің бәрі бүлінді. Аң-құсы мылтықтың нысанасына алынды, сөйтіп, үрікті, ауды, қазір әлемде мыңдаған аң-құс жоғалып кету қаупінде. Бүкіл жер бетінің экоқабаты бұзылды. Әлем экологиялық қауіп-қатерге тап болды. Табиғи тепе-теңдік жоғалды. Бозжыраны көркейтудің соңы тағы да осындай оспадарлыққа бастамасына кім кепіл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар