Бүгін Алматыда тіркелмеген Демократиялық партиямен мен «Бәсе» арнасының 300 ге жуық адамды қамтыған «Қытай экспансиясына қарсылық» митингісі өтіп жатыр. Алаңға жақын көшелер жабылып,митинг өтіп жатқан Уәлиханов алаңынан Ғылым академиясына дейін интернет толығымен жоғалып кетті.
Митинг болатыны 5 күн бұрын ескертіліп, әкімшілікпен келісілгенімен, сағат 12.00 ге белгіленген митингке, қаланың шеткі облыстарынан, аудандарынан сағат 10.30-дан бастап келген белсенділерден 7 адамды полиция қызметкерлері ұстап алып кетті.
Алматыдағы эпидахуал «қызыл аймақта» болғандықтан, алаңға кіре беріс жерден, митингке жиналған жұртшылықты санитарлық дәрігерлер дене қызуын тексеріп кіргізді.
Митинг барысынан:
Қоғам қайраткері, режиссер Еркін Рақышев:
БІЗ БАРЛЫҚ ҚЫТАЙМЕН ЖАСАЛЫНҒАН КЕЛІСІМ-ШАРТТАРДЫҢ АШЫҚ БОЛУЫН ТАЛАП ЕТЕМІЗ
– Бүгінгі митингтің тақырыбы негізінен екеу: Жерді қорғау және Қытай экспанциясына қарсылық. Жер мәселесіне келетін болсақ. Неге бұл мәселе көтеріліп отыр? себебі, 2016 жылғы халықтың жерге қатысты ереуіліндегі негізгі жеріміз ешкімге сатылмасын, жер жалға да берілмесін деген болған. Бірақ, өкінішке орай, содан бері 5 жыл уақыт өтсе де бұл халықтың талабы орындалған жоқ. Мұны енді жақында ғана Президентіміз Тоқаев Парламентке тапсырма берді. Жеріміз, ауыл шаруашылық жерлері шет елдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін деп тапсырма бергенімен, бұл әлі мәселені шешкен жоқ. Неге? Себебі, кеше ғана құрылған Жер комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановтың бірінші сөзі мынадай болды.
Мына комиссияның құрылғандағы басты мақсаты – ауыл шаруашылық жерлерінің қатынастарын реттеу, жер туралы заңнамаға түрлі өзгерістер енгізу. Көрдіңіз ба? Тек, ауыл шаруашылық жерлерін ғана айтып отыр бұлар. Ауыл шаруашылық жерлері сатылмасын да, жалға да берілмесін дегенмен, қалған жерлер не болады? Орман-тоғайлар не болады? Өзен-көлдер не болады? Ерекше қорғалатын ұлттық парктертер не болады? Бұл жайлы біреуі де ауызын ашып отырған жоқ. Яғни, сол жерлерде сатыла бере ме? Жалға беріле бере ме, Қытайға? Дәл осылар солай істейін деп отыр. Оның бір дәлелі. Мынау Іле Алатау ұлттық паркінің жерін былтыр «КУЛТАУ и К» деген компания 49 жылға жалға алған болатын. Ол компанияның счетында бір тиын да ақша жоқ. Бірақ, олар ақша жоғына қарамай, Алма-Арасан, Шарын шатқалын, Асы жайлауын, Алтын емел ұлттық саябағын алып отыр. Тағы басқа да ұлттық парктердің жерін алып отыр. Өздерінде бір тиын ақша болмаса да, қалай алып отыр? Себебі, олар айтып отыр, мына жерде қытайлармен, арабтармен келесім-шарт жасасып қойдық, 100 млн. долларды солар берейін деп жатыр деп. Енді, кім ақша береді, жер сол адамдікі болмай ма? Сонда бұл жерлердің бәрі Қытайға кетеді 100 жылға, ал 49 жылға дегендері мәңгі айырыламыз деген сөз. Сол үшін, мына комиссияның қазір жасап отырғандарына сенуге болмайды. Бұлар тек қана ауыл шаруашылық жерлері жайлы ғана айтып отыр. Біздің талабымыз, «Қазақстанның ешқандай жері ешкімге сатылмасын. Шет елдіктерге жалға да берілмесін».
Бұл жерде митингке жиналғандағы тағы бір себебіміз, қытайдың 56 заводына қарсылық білдіру. Қытай 15 жылда Қазақстанға 19 млрд. доллар салды. Ал,айналасы 1-2 жылда 24 млдр.доллар салмақшы.ол дегеніміз, Қазақстанды жаулап алу деген сөз. Бізде ешқандай өндіріс орыны жоқ. Ештеңе өндірмейміз. Зауыт, фабрика салу керек. Бірақ, неге Қытай салу керек оны? Неге өзіміз салмаймыз? Өндіріс орыны керек болып жатса, неге Жапониямен бірге салмаймыз, неге Кореямен бірігіп салмаймыз, неге Еуропа елдерімен бірікпейміз? Неге Қытаймен? Себебі, біздің билік Қытайға тәуелді болып қалған.Солардың айтқанынан шыға алмайды. Сол үшінде біз барлық Қытаймен жасалынған келісім-шарттардың ашық болуын талап етеміз, биліктен!
Сондай-ақ, біз биліктен жер туралы комиссия ғана емес, Қытаймен арадағы қатырым-қатынасты зерттейтін тәуелсіз комиссия құруын талап етеміз. Басқа да күрделеніп қалған проблемаларды зерттейтін, қоғам белсенділерінен құрылған комиссия болуын талап етеміз. Әйтпесе, Үкіметтің тығырықтан қалай шығатын бағдарламасы жоқ, тек айтатындары бізді тығырықтан Қытай ғана шығарады. Сол үшін біз мына митингке шығып, жеке пікірімізді айтамыз деп шештік.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Есенғазы Қуандық:
НЕГЕ ЖАПОНИЯМЕН ДОС БОЛМАЙМЫЗ?
2020 жылы6 қыркүйекте біздің Президентіміз Тоқаев Қытай зауыттарының орналасуы туралы қуаесетті таратушылар –Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру мақсатын көздеген деп мәлімдеді. Қазақстан мен Қытай әлеуеті өзара бірін-бірі толықтыруда. Стратегиялық серіктесіміз шынайы достық, түсіністік рухында дамуда деп бүркемелеп, олар мұның бәрін Қазақ экономикасын көтеру мақсатында асырып жатқан игі істерімен көрсеткісі келеді. Қытайдың экспанциясын билік өз қолымен жасап, келісу арқылы жасап отыр. Оның экспансия екенін білсе де, өз жеке бас мүддесін ойлап, жасыруда. Бізде 30 жыл бойы режим авторитарлы емес, тотаритарлы режим басқаруында болды. Бір адамның және бір партияның басқаруында болды. Неге Әлихан айтқан, Қажыгелдин айтқан Жапониямен дос болмаймыз? Айналып келіп, Қытайдан шықпаймыз? 56 зауытқа 26 млдр. доллар жұмсалмақ. Оның ертең әрқайсысына 80% қытай келсе не боламыз? Бұл өте қауіпті мәселе.
Қоғам белсендісі Алимжан Избасаров:
Алдымен экономикалық сфераны өзгерту керек. Біз қазір Тәуелсіз емес, тәуелді мемлекетпіз. Қытаймен жасалынған барлық келісім шарттарды ашықтай халыққа көрсетуі тиіс.
«Ел мен жер» қозғалысының төрағасы Балташ Тұрсынбаев:
– Құрметті қазақ халқы, құрметті қазақстандықтар! Бүгін жиналып, жігерленіп, ұлтқа жандарың ашып, митингке келгендеріңе рахмет айтамын. Егер билікке мінездеме берсек: бұл билік – сатқын, бұл билік – жемқор, бұл билік – ұры! Осы үш сөз жетеді!, Қытай бізге зауыттардың жаңасын салып бермейді, 70-ші жылғы ескірген технологияларын әкеледі, 27 млрд емес, әрі кетсе, 2-3 млрд тұратын зауыт әкеледі. Егер біз өзімізді ұлт деп санасақ, алаңға апта сайын шығып, билікке осы жан айқайымызды жеткізуіміз керек.
журналист әрі қоғам қайраткері Ермұрат Бапи:
– Халықтың екі қолына бір күрек болатындай жұмыс жоқ. Енді екі аяғымызды басып тұратын жерімізді де өзімізге қалдырмайын деп жатыр. Жер мәселесіне қатысты жалпыхалықтық қозғалыс ұйымдастыру керек. Бұған барлық ұйымдар қатысуы керек. Қазақтың жерінің мәселесі жалпыхалықтық мәселе, біздің ертеңгі болашағымыздың мәселесі. жалпыхалықтық митинг жасағанда ғана жерімізді қорғап қала аламыз, – деді ол.
Митингте сөз сөйлеген басқа да белсенділерді қолдап, халық “Қытай елшісі елші ме, жаушы ма?”, “Үкімет Қазақстанды саудаға салмақ”, “Қытай экспанциясына жол жоқ”, “Қытай, жерімізге көз салма”, “Жеріңді қорғамасаң, “жер” боласың”, “Қытай экспанциясы тәуелсіздіктен айыру”, “Жер сатылмайды, жалға берілмейді”, “Саңырау президент керек емес”, “Ұлтарақтай болса да, атақоныс жер қымбат” деп жазылған плакаттарды көтеруде.
Митингіге келгендермен тілдесіп, жағдайды бақылаған және суреттерді түсірген:
Назерке Сексенбайқызы
Парақшамызға жазылыңыз