////

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

3080 рет қаралды
Цамбагарав тауы осы
АТПАСА АЛДЫРМАС!

 «Дэгнүлт» жотасын жоталай жортып «Ағут» жотасына ілініп, шамамызша асығыстау аяңдап,«Ағут» жотасынан Қобда аймағына қарасты «Сәнді жайлау» аталатын кең алқапты өңірге қарай құлдилап, құлдырап келеміз. Бір қасиеті Ағут жотасынан асып еңкейе бергенде таудың беткейінде мөлдіреп пісіп келе жатқан тошаланың қатқылдығына қарамай үзіп-үзіп жеп сусын қандырдық. Сыңсып өсіп тұрған сарымсақты көргенде, табақтағы піскен етке жолыққандай қуанышымызда шек болмады. Сүйірлеу өткір тасты тауып алып, сыңсып тұрған сарымсақты қазып-қазып аршып, тошала ойған таңдайдың ашығанына қарамай, әлі өті жайылмаған удай ащы емес, жай ащылау сарымсақты соны шөп жеген малша күрт-күрт шайнап жеп, «жұтқан жұтамайды» дегендей, әжептәуір ауқаттанғандай болдық. Көбірек қазып, азыққа молырақ алып кететін сарымсақты салып алатын Кәптің сыртынан киген жұқа сулығының екі қалтасынан басқа ешбір дорба, қалта қуыс жоқ. Сол екі қалтаны толтырып алып қана ертерек «Сәнді жайлауға» жетуге асығып, жүріп кеттік.

«Сәнді жайлау» десе дегендей, мал аяғы баспаған түрлі-түсті гүлдері жайқалып тамылжып-ақ тұр. Жайлау жұртта бірнеше бастау бар екен. Бұл бастау тұмалардың бірі ғана адам ішетін, суы таза тұнық мөлдір екен де, басқа екі үш тұманың суы ащы, мал ішпесе, адам ішуге болмайтын борық сулы екен. Біз тамақ істеп әуреленетін жан емес, тұнық сулы тұмадан қанғанымызша ішіп-ішіп, бір қағырлау жерге қисая кеттік. Көз шырымын алған соң, Кәп ширақ азамат емес пе ояныпты да, мені қатты ұйқыдан оятса оңай-оспақ оянбай, ұйқысырап: «тұра тұршы, Ақи ат алып келе жатыр, тұра тұршы», – деппін. Бір заматта оның: – япырай-ай, обалыңа мен қалдым-ау, қаңғыртып, далада өлтіріп алсам, менде де не өмір, не қызық қалады, – деп қамыққаны жетеме жетіп, әрең зорға есімді жиып тұруға әрекеттендім.

Екеуміз де әлгі таза сулы тұманы іздеп таппадық. Асығып қараңғыны қақ тіліп келеміз, жол бағытын әйтеу Кәп біліп тұр ғой. Бойымызды жиып керіліп-созылып жүріп кеттік. Біраз жүргеннен кейін алдымызда самаладай болып бір топ адам тұр екен. Шошығаннан жүрегім тоқтап қала жаздады. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген рас екен деп ойладым. Кәп менің шошып кеткенімді біле қойып маған: – Шошыма! Шошыма! Ол самаладай самсап көрінген келесімен жусап жатқан түйенің өркеші дегені. Біз ол топқа таяп қалғанбыз. Сандал-сандал атандардың өркеші тұрған адамдай көрінген. Жақындап барып қарасаң, жаңа көктеген қарағанның жасыл жапырақ, жұмсақ тікенегін кертіп жеп, әлі ел қонбаған көңді жұртқа сыңсып шыққан алаботаға  еркінше тойған борық, ащылы суға қанып, «Сартаңнан сасырды жеп алған тойым» дегендей, боздақтанып қалған бота тайлақтарын бауырына алып, інгендер сандал атандары паң, маңғаз мамыражай кейіпте еш алаңсыз жайбарақат жусап, келесімен келісіп үйіріліп ұйықтап жатыр. Мен түйелердің бейбіт еркін кейпіне қызығып, жаяулық жаныма батқан басым Кәпке: – Бір бас білгі түйеге мінгесіп кетейікші, түйенің жүрісі майпаңдаған қандай жұмсақ, деп өтіндім. Ол:

– Түйе ұрлап мінуге болмайды, ойсылқараның киесі ауыр болады,– деп түсіндірді.

Біз тағы жылжыдық. Түн түріліп, таң атып келеді. Таудың саумал салқын ауасына денеміз ширақ шақта ұмтыла жүріп, жерді ұтпасақ күн ыстығында менде жүретін қал бола ма, болмай ма, білмеймін. Қалтадағы өлшемді сарымсақты шайнап жейтін қайда?! Мөлшермен көк сабағына дейін тастамай тек қана малтап, әрі сусын, әрі қорек қып келеміз. Өкпең өшетін өр емес, жүрген жолымыз еңіс, құздан құлағандай құлдилап еңкейіп, ылдилаған сайын жүрісімізге көп жеңілдік болды. Таң атып, күн көтерілген, бие байлайтын уақыт болып қалды. Қобда өзенге бет алған соң ыстықтың лебі есе бастады. «Шұрықтың» тастағына таяп қалдық. Тастаққа ілінсек жайымыз қалай болар екен. Малтаған сарымсақтың талшығы да таусылып барады. Күн қызды. Тастаққа іліндік. Қара тастың қатты ысығаны сонша етіктің табанынан ыстық қоламтаны басқандай күйдірсе, төбеден төнген күн қызып тұрған қызыл жалындай шарпып барады. Мен шаршадым ба, шөлдедім бе, денем босап, дымым құрып, әлім кетіп, жүруге шамам келмей қиралаңдай бастадым. Ол мені бір қолтығымнан сүйеп, бір қолыма «Сәнді жайлаудан» тауып алған қатқан ағаш таяқты таянтып қойды. Маған:

– Шыда, шыда жуық жерде Шұрықтың өзені бар. Одан ары қарай жүргенде атақты «Батыр» арығын қайта қазып, қалпына келтіріп, су жүргізіп егіндікке, шаппа алаңына пайдалануды көздеген экспедициялық топ бар. Олар үйлері тігулі, сауатын сиырын үйге кіргізіп шыбыннан қорғап, үйдің есігіне тезек тұтатып, түтін салып бағып сауып отырған кәдімгі ауыл. Кешікпей сол ауылға жетеміз, – деді. Ақырын сүйеніп, сүйемелдетіп жүріп келеміз. Бір аласа белегір сияқты дөңестен асқанда қара тастақты қақ тіліп шұбатқан күмістей жалтылдаған кішірек өзен көзге оттай басылды. Қуанғанымыз-ай, жалтылдап өзен ағып жатыр. Жүріп келеміз. Жүріп келеміз. Үміт оты қуат бергендей, қашан жетіп ана судан сусын қандырып ішер екенбіз депүздігіп жүріп келеміз. Жүріп келеміз. Жолдың таусылмайтыны-ай. Өзен де жеткізбей, ары қарай сағымданып ұзап бара жатқандай. Өлдім-талдым дегенде, түсқия өзенге іліндік-ау әйтеу. Бұрын бүйтіп өмірде өз еркіммен келе жатқанда тау өзенінен өткенде де, аттан қарғып түсіп жата қалып жалтылдаған ақ толқынына бас қоюшы едім. Қазір де өзен жиегіне іліне бере сүйеп келе жатқан одан қолтығымды босатып алып, таяқты лақтыра салып суға бас қойдым. Шіркін, таудың мөлдір салқын суынан қанша жұтқанымды кім білсін. Өзен суының жартысындайын тауысып ішіп қойғандай болдым. Шөлім қанып, есімді жиып, етігімді шешіп, сыртымнан киген келтелеу жасыл қалатымды шешіп ішкі киімдеріммен салқындау суға сүңгіп кеттім. Ол да судың өзі бататындау жеріне барып, суға еркінше аунап, жуынып салқындап жатыр. Пай-пай адам өмірі сумен байланысты ғой. Рахаттанып сергіп қалдық. Салқын суды қимай, судың ішінен шықпай, шөлдеген денеге суды әбден сіңіріп отырғандаймыз.

Елеңдеп маңайға құлақ түрдік пе, әлде сол жақта қозғалыс жаңа басталды ма? Құлаққа гүр-гүр еткен дыбыс келді. Біз қуанып кеттік. Ол: – Айттым ғой, ауқымды бір топ, енді тезірек қозғалып, ертерек сол ауылға жетейік, – деді. Етігімізді киіп елп етіп жүріп кеттік. Судың зәрушілігі жүрегімізге тигені сонша өзен бойымен құлдап келеміз. Біз жақындағанда трактор тағы да біраз жүріңкіреп барып арықтың жиегіне тоқтады. Біз таяп келдік. Жүргізуші жүрексінгендей тағы ары қарай қозғалды. Біз тура ауылға қарай тарттық. Бұл «Шұрық» өзенінің құятын жерін «Қысаң» деп атайды. Өйткені екі бөлек биік-биік әжептәуір тау қолмен қойғандай бір-біріне жуық орналасқаны қызық. Ортасын қақ тіліп Шұрық өзені Қобда өзеніне қарай ағысын бәсеңдетіп сырғып ағып кетіп бара жатады. Жан-жағында ешқандай тау жоқ, қыр жақтары құмдақты жазық дала. Қысаңды қызыл төбенің баурайында қатарластыра тігілген моңғолдың жатағандау 5-6 киіз үйі тігулі тұр. Моңғол халқы да киіз туырлықты ел ғой. Олардың киіз үйлерінің айырмашылығы уығында қарын жоқ, түзу. Керегелері де 9 көкті ықшам, үнемі мал шаруашылығымен айналысатындары түйе болмай қалғанда өгізге артып жүре береді.

Біз үйге жетуге асығып жүріп келеміз. Таяп кеп ең шеткі үйдің есігін ақырын сықырлатпай ашып «орж болохуу» (кіруге бола ма?) дедік. Үйде үш адам отыр екен. Олар бір-біріне қарап «о,о нөгөө хоёр байгаа шүү» (оо, әлгі екеуі ғой) десіп тағы бір-біріне «Ор! Ор!» (Кір! Кір!) деді. Біз кіріп келдік. «Өдөө сууцгаа» (төрлеп отырыңдар)  – деп жоғары таман отырғызды. Өздерінің асықпай амандасатын салтымен аман саулық сұрасты.Олар шаршап шалдыққан түрімізге қарап, шай қамын жасай бастады. Үстелдің үстінде табақтағы ақ ірімшік, шүйірмек, үлкен аяқтағы қаймақ, нан бәрі дайын тұр екен. Бізге үлкен сары жез шәугімдегі толы шайды жақындатып кемеріне күміс жалатқан екі тостағанды қолға берді де, шай ішіңдер деді. Біз шай құйып іше бастадық. Тамақ жеңдер! Же, же! – десті. Екі үш тостаған шай ішіп, әртүрлі тағамнан, әсіресе қалың қаймақтан қалақтап алып жеп, ауқаттанып қалдық. Біздің әр қимылымызды бағып отырған төрдегі қария ақсақал атай қалтасынан бүктеулі қағазды алып берді. Ашып оқысақ. Бізде іс-қағаздар монғол тілінде жазылады ғой:

«Замын нөхөдүүдтэй анхаарлын бичиг. Баяннуур сумаас хоер оргодол орголоо. Эрэгтэй нь Х.Кав сургуулийн захирал, эмэгтэй нь М. Егеухан сум захиргааны (бичээч) машинист. Замын хуудастай, буутай, сумтай (бүрэн зэвсэгтэй) их бэлтгэлтэй явсан болноо. Хоер хүн, дөрвөн морьтой, буудаж баривчлах хэрэгтей. Энэ оргодолуудыг амархан барившилж чадах юм уу даа.  2–р багийн дарга Машах.

 

29/VI 1957/ Ом

 ЖОЛДАҒЫ АЗАМАТТАРҒА ЕСКЕРТУ ХАТ

 “Баяннуур сұмынынан екі қашқын қашты. Азаматы Х. Кәп мектеп мүдірі. Қызы. Егеухан сұмын атқару әкімшілігінде (хатшы) машинист. Мылтық оқ дәрі сияқты қарулармен толық қаруланған. Төрт атты. Егер жолыға қалса атып, ұстамаса оңай-оспақ алдырмайтын алаяқтар.

 2-бақтың бастығы Машах 29/ VI 1957 жыл депті”.

 Біз ол хабарландыруды оқып, таң-тамаша болдық. Бізден бетер ана отырған адамдар таңданып отыр. Бұл өтірік ақпар ауыл адамдарын аяғынан тік тұрғызыпты. Бұл хатты кеше түс қия сол өзіміздің ауылдың дәрігері Жанымхан алып келіп, бізді біраз тосқан екен. Жетегінде екі аты бар. Аты шыбынға шыдамай қайтып кетіпті. Бұл жердегі адамдар ана хатты оқыған соң, тайлы-таяғы қалмай жиналып 15-16 адам екі бөлініп, екі таудың төбесіне шығып, дүниенің төрт бұрышын түгел көріп отыратын ыңғайлы иықтарға орналасып көздерін төңіректің төрт бұрышына қадап кірпік ілмей түнімен машина, трактор, ауыл үй, орын-жай барлығын көзден таса болғызбай күзетіп шығыпты. 

Биіктен Дэгнүлт тау жағына дүргімен қарап отырғанда сенделген екі жаяу «Сәнді жайлаудан» Шұрықтың өзеніне қарай құлдилап түсіп келе жатқанын көріп, бәрі қайта-қайта қарап, бас аяғын түгел тексеріп, екі жаяудың жүдеп-жадап келе жатқанына көз жеткен соң көңілдері жайланып, үйді-үйіне тарапты. Бұл хатты оқығанда, мына қарияның айтқандарын естіп Кәп қатты қамықты. «Атып ұста! Атып ұста!» деп қайталады. Бұл қылық Қалқаман-Мамыр жырындағы Қалқаманның өзін оққа байлап: «Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін. Көкенай сонда атсын» – деп бұйырыпты, деген үкіммен Қалқаман шауып өтіп Көкенай атқанда оқ Қалқаманның санын тесіп өткенде ауылға алып барамыз, аман қалдың той жасаймыз деген жастарына Қалқаман: «Өлерде аямайды, қайда аяйды. Бұл елге мойын бұрып тұра алмаймын» – деуі де осындай ойранды оқиғадан туындаған екен ғой деді. Налгар қария қатты ызалы: «Муу-сайн хасагууд, осмааны үлдэгдэлүүд, дандаа худал ярж ардуудыг айлгаж, сүрдүүлж байдаг. Унж явсан морь нь аль, буу, зэвсэг нь аль гэсэн» (осы кейбір оңбаған атқа мінер қазақтар, Оспанның құйыршықтары, өстіп үнемі өтірік айтып қарапайым халықты үркітіп, қорқытып жүреді. Осындай өркөкірек бақ бастығына кісіні атып ұстауға бұйрық беретін дәрежені кім берді. Неткен ұятсыз. Елді дүрліктіріп айтқандары шындыққа жанасса бір сәрі. Мініп кеткен төрт ат қайда, мылтық қайда) деп кіжінді. Бізге шешініп, жуынып дем алыңдар. Сендерде кінә жоқ, жағдайларың түсінікті. Ана қыз баланы сүйемелдеп әрең жеткіздің ғой. Төсекке жатып дем алсын деді. Мен жолда өзенге шомылып армансыз жуынып алғанмын. Төсекке қисайып жатып қалдым.

(жалғасы бар)

 

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар