////

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Бұл заң кемі 30-50 жыл бойы қызмет ететіндей болуы керек

1853 рет қаралды

Соңғы күндері көпшілік арасында Жер реформасы жөніндегі жаңа комиссияның құрамы мен алғашқы отырысы талқыға түсіп жатыр.

ЖЕР – КЕЗ КЕЛГЕН ХАЛЫҚ, КЕЗ-КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ЕҢ «ЖАНДЫ ЖЕРІ

«Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді».  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25-ақпан күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында бір ай ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырған болатын. Президент аталған комиссия құрамына аграрлық сектор өкілдері, жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек екенін де айтқан еді.

«Комиссия (Жер реформасы жөніндегі комиссия) жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысының және шешім қабылдаудың ерекше ашықтығын көрсету. Біз жерге қатысты қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шеше аламыз деп сенемін», – деген еді Қазақстан Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында.

25-ші наурыз күні Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті, көпшілік оны әлеуметтік желілердегі тікелей эфирден де көрген болатын. Дегенмен, осы отырыстың барысы, жалпы комиссияның алға қойған міндеті жөнінде комиссия мүшесі, журналист, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның пікірін сұраған едік.

– Өздеріңізге белгілі 2016 жылы еліміздің көптеген өңірлерінде жаппай өткен жер митингтерінен кейін, Жер Кодексіндегі кейбір баптарға байланысты сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 жылға мораторий жариялады ғой». Осы бес жыл ішінде жер мәселесі қоғам назарына түскен жоқ деген Жанарбек Әшімжан мырза, бұл заңды құбылыс екенін айтады. «Өйткені, жер – кез келген халық, кез-келген мемлекеттің ең «жанды жері.

Жанарбек Әшімжан мырзаның дерегінше, «жерді жекеменшікке беру және шетелдіктерге жалға беру туралы заң 2003 жылы қабылданған. 2015 жылы Жер Кодексіне өзгерістер енгізу туралы мәселе көтерілді. Осы өзгерістерден кейін, бұл мәселеге қоғам тарапынан наразылық туындады». 25 ақпан күні Президент өзінің заң шығару бастамасы құқығын пайдаланып, Жерді шетелдіктерге сатпау және жалға да бермеу мәселесін заңдастыратыратыны туралы саяси шешім қабылдаған болатын.  Ал, 12-ақпан күні Парламент Мәжілісіне «Жер Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түскен.  Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мырзаның айтуынша, соның негізінде Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құрылған.

– Заң бойынша жұмыс істейтін негізінен аграрлық комитет. Бірақ Мәжілістегі 7 комитеттің мүшелерімен қоса  қоғам белсенділері, аграрлық салада жұмыс істейтін мамандар, сарапшылардан жұмыс тобы құрылды. Ол жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен. Бұл жұмыс тобына қосымша вице-министр Ералы Тоғжанов жетекшілік ететін Жер реформасы жөніндегі комиссия да құрылды. 25 наурыз күні комиссияның алғашқы отырысы өткенін білесіздер. 80 адамнан тұратын бұл комиссияның құрамында қоғам белсенділері, депутаттар, саясаткерлер, ірі жер иеленушілер, яғни қоғамдағы барлық тараптың өкілдері қамтылған, бұл комиссияда. Кешегі отырыс ұйымдастыру мәселесіне арналды. Сол алғашқы жиынның өзінде-ақ, осыған дейін Қазақстанда Жер қатынастары қалай шешіліп келді. Қандай мәселелер шешілмеді, қандай мәселені талқылау керек, деген сұрақтарға қатысты Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасап, жарыссөз болды.

ЛАТИФУНДИСТЕР ИЕЛЕНІП АЛҒАН ЖЕРЛЕР ҚАЙТА ҚАРАЛУЫ КЕРЕК

Мәжіліс депутатының айтуынша, аталған заң жобасында шетелдіктермен қатар қандастарға да жер жеке меншікке және жалға берілмейтіні туралы айтылған.  Дәл осы мәселе де көпшілік арасында қызу талқыға түскен. Жанарбек Әшімжан мырза, бұл мәселені дұрыс түсіну керек дейді.

– Бұл оралмандар жерсіз қалады деген сөз емес. Өздеріңіз білесіздер оралмандарға азаматтық беру мәселесі бұрын 5 жыл, кейін 3 жыл ішінде болатын. Қазір, қандастар 1 жыл ішінде азаматтық ала алады. Осы бір жылдан кейін, яғни азаматтық алған соң олар да бірден жерге қатысты барлық құқықтарға ие болады

Елімізге тек қандастарымыз ғана емес, әр-түрлі пиғылмен басқа да адамдар келуі мүмкін екенін айтқан Мәжіліс депутаты кешегі жиында сол адамдарға азаматтық беру талаптарын қатаңдату керек деген мәселе көтерілгенін айтты.  Заң жобасы негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мәселесін шешуге бағытталған. Ал, көпшілік көкейінде басқа мақсаттағы жерлердің проблемасы ескерусіз қалмай ма деген сұрақ тұр.

– Бізге келіп түскен заң жобасында негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мәселесі көтерілген. Демек, алдағы уақытта басқа да тұрғын үй салу мақсатындағы жерлер, өндірістік мақсаттағы жерлерге қатысты сұрақтар да талқыланады деген сөз. Сонымен қатар, комиссияның осы отырысында да бірқатар мәселелер  талқыланып, беті ашылып  үлгерді. Атап айтқанда ауыл шаруашылығына арналған жерлердің жеке меншік құқығына қатысты келісім-шарттарды қайта қарау, жер кадастрының ашық болуы, космомониторинг – ғарыштық мониторинг арқылы Қазақстанда кім қандай жерді, қанша жерді иеленіп отыр деген мәліметтің ашық болуын, комиссия мүшелері қатаң талап етіп отыр. Бұл жүйе негізі қалыптасқан, алайда соңғы уақытта осы жүйе толыққанды жұмыс істемей отырғанына қатысты наразылықтар бар. Сонымен қатар, біздің елімізде қазір ірі-ірі латифундистер бар. Солардың иеленіп отырған жер көлеміне белгілі бір шек қою деген мәселе де қаралды. Өйткені, еліміздің солтүстігінде, оңтүстігінде аса ірі көлемде жерлерді иеленіп отырған латифундистер көп. Қоғамдағы наразылыққа да себепші болып отырған осы жағдай. Яғни, уақытында аса үлкен көлемдегі жерлерді иеленіп алған латифундистердің мәселесін қайта қарау. Дегенмен, жерге иелік еткен уақыт ішінде олар онда инфрақұрылымдар салды, жұмыс орындарын ашып, белгілі деңгейде жұмыс жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе жермен жұмыс істеп отырған азаматтардың тарапынан наразылық тудыруы заңды.
Сондай-ақ, шағын шаруа қожалықтары мен ірі латифундистердің төлеп отырған салығы жайлы да мәселе қаралды. Өйткені, шағын ғана шаруасын жүргізіп отырған қожалықтардың төлеген салығы латифундистермен салыстырғанда көлемдірек болатын да жағдайлар кездеседі. Яғни, ірі жер иеленушілердің аз салық төлеуіне заң жүзінде жағдай жасалған.

ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАҚЫЛАУДЫ ТІКЕЛЕЙ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰЗЫРЫНА БЕРУ
 

Жанарбек Әшімжан мырзаның айтуынша, Жер мәселесіне келгенде сыбайлас жемқорлық та қатар жүреді. Бұл ауыл шаруашылығы жерлеріне ғана қатысты емес, тұрғын-жай, өнеркәсіп кешендерін салу, құрылыс жүргізуге қатысты жағдайларда жиі кездеседі. Әсіресе, Нұр-Сұлтан Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларда тіпті сатуға келмейтін жерлерді бөлшектеп сатып жіберген жағдайлар кездеседі.

– Мұның барлығы да жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалған дүние. Сондықтан, кешегі комиссияда көтерілген тағы бір маңызды ұсыныс: жерге қатысты шешім шығару құқын жергілікті әкімдердің құзырынан алып, үкіметке беру. Ал, Жер ресурстарын бақылауды тікелей Президенттің құзырына беру болды. Менің ойымша бұл аса маңызды. Осылайша, жерге қатысты жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады. Өйткені, жерге қатысты қоғамдағы наразылықты үдетіп жіберген аудан, облыс болсын, жергілікті деңгейдегі әкімдер. Сондықтан осы мәселеге қатысты түбегейлі шешім қабылданады деген үміт бар.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘР АЗАМАТЫНЫҢ 10 СОТЫҚ ЖЕР ИЕЛЕНУГЕ ҚҰҚЫ БАР

Қоғамдағы үлкен мәселенің бірі тұрғын үй салу мақсатында жер алу. Қазір елімізде бір жарым миллион адам он сотық жеру алу үшін кезекте тұр. Ауыл шаруашылығына қатысты болмаса да Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында осы сұрақ та талқыланды. Сондықтан, бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табуы тиіс.

Мемлекет басшысы комиссия жұмысының ашық болуын талап еткен болатын. Сонымен қатар, қоғам үдесінен шығатын заң қабылдау да Президенттің комиссия мүшелеріне қойып отырған, басты талап. Жер шетелдіктерге жалға да, жекеменшікке де берілмейді. Ал, ел азаматтарына келгенде бұл талап қалай жұмыс істейді? Комиссия осы сұраққа тиянақты жауап табуы тиіс, дейді комиссияның және Мәжілістегі жұмыс тобының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан:

– Бұл мәселеге қатысты комиссия құрамында қарама-қайшы пікірдегі азаматтар бар. Бір тарап жер тек мемлекеттің меншігінде болуы тиіс десе, екінші тарап жер жекеменшікке берілуі керек деген ұстанымда. Осы мәселеде де комиссия мүшелері ортақ шешім табады деген ойдамын. Менің пікірімше, жердің мемлекет меншігінде болуы орынды. Дегенмен, бұл мәселеде, яғни жерді 49 жылға жалға алуға қатысты инвесторлар тарапынан күмәндар  бар.

Бір жағынан жер экономикалық құрал ретінде  жұмыс істеуі, игерілуі керек. Дегенмен, оның құнарын да сақтау керек. Мамандардың айтуынша, тіпті қазіргі уақытта жердің құнары 50 пайызға дейін төмендеп кеткен. Өйткені, кейбір кәсіпкерлер көп өнім алу мақсатында жерге көптеген тыңайтқыштар сеуіп, оның қабаттарын зақымдайды. Сондықтан, мұндай жағдайда жерге деген жауапкершілікті арттыру мәселесін де қарастыру керек.

Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері болсын, Мәжілістегі жерге қатысты жұмыс тобы болсын Жерге қатысты дұрыс құжат қабылдануына мүдделі болып отыр. Сондай-ақ,  Жанарбек Әшімжан мырзаның айтуынша, жерге байланысты мәселе – қауіпсіздік, геосаяси мәселемен тығыз байланысты. Өйткені, Заңды қисынын тауып бұзушылар да аз болмауы мүмкін.

– Жергілікті отандастарымыз арқылы сыртқы күштердің жерді өз мүддесіне жұмыс істетуі мүмкін деген күдік-күмәндар аз емес.

Жалпы, қоғамда туындап жатқан даулы мәселелердің барлығы да комиссияның отырысында ашық талқыға салынуда деген  Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның сөзінше депутаттар да, қоғам белсенділері де сарапшылар және заңгерлермен бірлесіп жерге қатысты дұрыс құжат қабылдауға мүдделі.

– Бұл заң кемі 30-50 жыл бойы қызмет ететіндей болуы керек.З аман түзеліп, қоғам түзеліп, жерге қатысты  көзқарас өзгеріп, келесі  ұрпақ  заңға қатысты басқа құжат қабылдағанша, осы құжат ел игілігіне жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Жерге қатысты жарияланған мораторий жыл соңында аяқталады. Ал, комиссия тамыз айына дейін бір шешімге келуі тиіс. Осы уақыт аралығында әріптестерімізбен келісіп, халықтың оң жамбасына келетін, ыңғайлы заң жобасын әзірлеп, халыққа ұсынамыз деген үміт бар.

Ендігі жерде комиссия мүшелері апта сайын сенбі күндері бас қосып, жерге қатысты сұрақтарды жан-жақты талқылайтын болады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысы Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, аймақтарда да көшпелі отырыс өткізіп, талқылау жасалмақ. Сонымен қатар, комиссия ақпараттық-насихат бөлімі, заңды-құқықтық бөлімі, аграрлық мәселелер бойынша бөлім секілді бірнеше топқа бөлініп, ел ішіндегі қордаланған мәселелерді жинақтап, комиссия отырысында ортаға салады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар