Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты. Вице-министрдің айтуынша Қазақстандағы 45 энергия өндіруші ұйымның (ЭӨҰ) 37-сінің шекті тарифтері 2021 жылғы 1 сәуірден бастап өседі. Шекті тарифті 36 % – ке өсіру жөнінде өтініш берген 37 ұйымның өтінішін министрлік жарты жыл бойы қарап, зерделеген. Сөйтіп, энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифін 15% -ға өсіру туралы арнайы бұйрық шықты.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның энергетикалық көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары пайдалануға берілген, содан бері электр энергиясын өндіруші компаниялардың шығыны көбейіп, инженерлік желілер тозған, салық көлемі де артқан. Ал шекті тарифтерді қайта қарау 45 энергия өндіруші ұйымның өндірістік персоналының шамамен 23 мың жұмыс орнын сақтауға, тозған желілерді жөндеуге жұмсалады.
Энергия өндіретін компаниялардың шекті тарифі көтерілгеннен кейін сол энергияны халыққа жеткізетін кәсіпорындардың шекті тарифтері де қайта қаралады. Бұл мәселе ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіреді. Онымен табиғи монополияларды реттеу комитеті айналысады.
Парақшамызға жазылыңыз