///

Вакцина салдыру қарқын ала бастады. Бірақ, вакцина жетіспейді

3031 рет қаралды
фото: Власть

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімет бойынша, бүгінге дейін бірінші компонентпен екпе алғандардың саны 240 мыңнан асқан екен. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Күмісай Байтасова.

Күмісай вакцинаны тұрғылықты мекен-жайы бойынша Алматы қаласы “Жас қанат” ықшам ауданында орналасқан №28 қалалық емханада салдырған.

«2 сәуір күні маған емханадан телефон шалып, 250 доза вакцина келгенін хабарлап, салдыратын-салдырмайтынымды сұрады. Ресейде дәрігер болып істейтін ағаммен ақылдаса келе, КВИ-ге қарсы екпені салдыруға келістім. Өйткені ағам «Спутник V» вакцинасының өзі жұмыс істейтін институтта жіті зерттелгенін айтып, қорықпай салдыруға кеңес берді. Өзі де салдыратынын айтты».

Күмісайдың айтуынша, екпе салдыруға тілек білдірушілер өте көп болғандықтан, емханаға келген доза сол күні-ақ таусылып қалыпты.

«Айта кетерлігі, екпені тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емханадан ғана емес, кез келген жерден алуға болады екен. 3-сәуір күні ертемен емханаға барып едім, екпе бітіп қалып, халық шулап жатты. Ол күні болмай, 4-і күні барып алдым. Таңертеңгісін ғана басқа емханалардан қосымша 100 доза алдырдық деп еді, кешке ол да бітіп қалыпты. Қайта жолдасым соңғылардың бірі болып алып үлгерді. Екпеден кейінгі жалпы жағдайымызға келер болсақ, күндіз еш жерім ауырмай, жақсы жүрдім. Түнге қарай мен де, жолдасым да ауыра бастадық. Бірақ бізбен қатар салдырған жиырмадағы сіңілімнің еш жері ауырған жоқ. Ертесінде жолдасым жұмысында жүріп ауырыңқырағанын айтып келді. Менің дене қызуым 37,2-ге дейін көтерілді. Дәрі ішіп, терлеп алған соң, жақсы болып қалдым. Өз басым вирус жұқтырып, қатты ауырғаннан көрі аурудың әлсіздендірілген түрін салғызып, оған қарсы иммунитет қалыптастырған әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын».

Күмісай Байтасова Алматы тұрғындарының ерекше белсенділік танытып, екпенің тез таусылып қалуына себеп – «ресейлік екпені салдырып үлгеруге деген асығыстық» деген пікірде.

«Екпенің тез бітіп қалуы халықтың «Спутник V» екпесін салдырып алуға асыққанынан деп ойлаймын. Өзім де тезірек ресейлік вакцинаны алып үлгергім келді. Ендігі екпе Қытайдан келеді деп жатыр. Оның әсеріне өз басым күмәнмен қараймын».

Ал алматылық Айнұр есімді келіншек керісінше, Қытайдан келетін вакцинаны салдыратынын айтты: «Коронавирусқа қарсы екпе туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біз отбасымызбен Қытайдан келетін вакцинаны күтіп жүрміз. Қытай – медицинасы жақсы дамыған, алып мемлекет. Сондықтан сол жақтың вакцинасы қауіпсіз деп ойлаймын».

Әсет, Алматы қаласының тұрғыны: «Вакцина салдыруға қарсы емеспін. Өзім қазақстандық вакцина шыққанда, соны салдырамын деп отырмын. Ресейлік «Спутник V» өте асығыс жасалды. Қытайдан келетін вакцина туралы ешқандай мардымды мәлімет оқыған жоқпын әлі. Ал қазақстандық вакцинаға келер болсақ, ол жіті зерттеліп жатыр, сондықтан мен өзіміздің вакцинаның шығуын күтемін».

Олжас Маратұлы, Алматы облысы Кеген ауданының тұрғыны: «Біз вакцина салдырдық. Өйткені ауылда антиденені жиі тексертуге мүмкіндік жоқ, әрі балалармен жұмыс істегендіктен, барынша ауырмауға тырысуымыз керек. Вакцина алған күні дәрігерлер ауырсынулар болуы мүмкін деп ескерткен, дегенмен, менің еш жарым ауырған жоқ. Екіншісін сәуірдің жиырма  бірі күні аламыз. Мамандығым биолог болғандықтан, вакцинаның не екенін жақсы білемін. Қазір медицина дамыған, сондықтан жасанды иммунитетке толық сенуге болады».

Бұл тақырып ел арасында қызу талқыланып жатқандықтан, жүзден астам адамның пікірін тыңдап көрген едік. Олардың басым бөлігі вакцина салдырмайтынын кесіп айтты. Нақты бір шешімге келе алмай жүргендер де жетерлік.

Мейіргүл, Алматы қаласының тұрғыны: «Мен бұрын вакцинаға сенетін едім. Бірақ қазір әлеуметтік желілерде түрлі видеолар тарап, әр түрлі пікірлер айтылып жатыр. Соларды ескере келе, вакцина салдырмаймын деген шешімге келдім. Салдырып жатқандар бар, олардың жағдайы бір жылдан кейін белгілі болады. Ең бастысы жақсылап тамақтанып, таза ауада көбірек серуендеп, табиғи иммунитетті көтеруіміз керек».

Алматылық Мәриям да вакцинаның қауіпті біржола сейілтетініне күмәнданатынын айтты: «Жоқ. Вакцина салдырмаймын. Одан еш пайда жоқ: вакцинаны ағзада антидене болуы үшін салады, дегенмен Covid жұқтырғандарда антидене уақыт өте келе жойылып кетеді. Сол себепті де вакцина салдыру коронавируспен ауырмайтыныңа кепілдік бермейді».

Алтынай, Алматы облысының тұрғыны: «Менің таныстарымның барлығы вакцина салдырмаймыз деп отыр. Вакцина салдырса, коронавирус жұқпайды дегенге сенбеймін, керісінше ауырып жатқандар бар деп естідім».

Ал ҚР Үкіметі қыркүйек айының соңына дейін вакциналауға жататын 10 миллионға жуық адамға вакцина салынатынын мәлімдеген еді.

Осыған орай ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Қазақстанда өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта 6 миллионнан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарлануда, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді Бұл көлем КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және өтеусіз негізде вакцинациялауға ниет білдірген адамдардың қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді.

6 млн қазақстандықты вакцинациялау үшін Қарағанды фармкешені мен ресейлік Тікелей инвестициялар қоры арасындағы келісім бойынша «Спутник V» вакцинасының 20  мың дозасы әкелінгендігін айткан.

Бұдан бөлек, вакцинацияланған тұлғалар туралы есепке алу және мониторинг жүргізу үшін «Антиковидті паспорт» әзірленетінін, кейбір елдерге сол құжатсыз кіруге рұқсат етілмейтінін ескерер болсақ, еріксіз вакцина салдыруға тура келетін сияқты.

АЛ ВАКЦИНА БАР МА?

Алматыда халықтың жаппай вакцина ала бастаған қарқыны артқан кезде Денсаулық сақтау басқармасы ковидке қарсы екпені алуды тоқтата тұруға шақырған болатын. Үйде тығылып отырғаннан жалыққан елдің тығырықтан шығар жалғыз жол вакцина екенін түсінгеннен кейін оны салдыруға деген қарқыны артты. Алайда бұларды вакцинамен қамтамасыз етуде проблемалар туындауда.

Қарағанды Фарма кешені вакцинаны өндіру қарқынының жоспарға сай жүзеге асып жатқанын мәлімдеген:  «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V)  вакцинасын Қазақстан аумағында өндіруге рұқсат алғаннан кейін Қарағанды фармацевтика кешені  (ҚФК) 208  мың вакцина дозасын өндіріп таратқан (оның 115 мыңы бірінші компонент, 93  мыңы екінші компоненттікі). Сонымен қатар, ҚФК Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасының 52  мың (1 компонент) дозасын жеткізген. 30 наурызда ҚФК  тағы да 150 мың дозаны жеткізуді жоспарлаған.

Сәуірде ҚФК  «Спутник V» препаратының қосымша 600 мың дозасын жеткізуге, ал сәуірдің соңында тағы да 900 мың вакцина жеткізуге уәде берген.

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналаудың жоспардағыдай жүзеге аспай жатуының себебін ақпан айында қажетті дозаны ала алмағандығымен байланыстырады. Жаппай вакцина егу басталған кезде Ресейден 20 мың ғана дайын вакцина әкелінді. 2 млн субстанциялық доза Қарағанды фарма кешенінде өндірілу үшін әкелінген деген еді 17  наурызда өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі және еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов. Соның салдарынан наурызда жоспарланған 250  мың адамның орнына тек 20 мыңның айналасында адам ғана екпе алған.

Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың айтуынша Қазақстан әзірге тек Ресей вакцинасын алу туралы келісімге отырған. Сәуір айында Қазақстанға келетін немесе Қарағанды фарма кешенінде өндірілетін дозаның көлемі 1 млнға дейін жетпек. Ал халықты жаппай вакциналау үшін тағы да 3 млн  доза резервте болуы тиіс. Алайда екі миллион Қытай вакцинасы туралы ақпараттың жалған екендігін, тек вакцина құятын құтыны алатынын айтады министр. Оның алдындағы брифингте министр сөзінің бұрмаланғандығын жеткізген. Дегенмен халықты вакцинамен жаппай қамтамасыз ету үшін Қазақстан өзге де өндірушілермен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.

Цойдың мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері Қазақстанда күніне шамамен 15  адам екпе салдыруда. Аймақтарға 145 мың доза жеткізілген. Тағы да 150 мың доза жеткізілмек, 600 мың доза ҚФК қоймаларында сақтаулы, сәуірдің соңында Денсаулық сақтау министрлігі 900  мың дозаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Аида Тақабаева
 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар