////

Хан Шыңғыстың алтын тағының ең соңғы заңды иесі – Хан Кене

2990 рет қаралды
фото: in business.kz

Ресей Мәдениет министрлігі тарапынан Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару жөнінде ұсыныс болып, мемлекеттік комиссия құрылып, оған өзін сол комиссия мүшелігіне қабылдағанын жалпақ елге сүйіншілеп жария еткен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың жазбасы жарқ етіп еді,

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да,

Адамның жүрегіне жігер берер,- деп Мағжан Жұмабайұлы айтқандай, Хан Кененің Алтын Басы туралы бір ауыз Сүйінші сөз әлеуметтік желіні ұлардай шулатып, бірі қоштап, қуанып, бір даттап жұбанып сан түрлі пікірді төкті дерсің. «Бұл өтірік, фейк, биліктің ел назарын басқа жаққа бұру үшін жасалатын кезекті бір тәсілі. Зиябек жазбасын желіден жойып жіберіпті» деп те соқты… Желі беті әлі де тынбай тұр. Даттаушылар мен аруақ атына ғайбат айтқандарға саф ақылды, ащы сөзімен жауап қатқан саналы азаматтар қарасы да күннен-күнге қосылып жатыр.

Біз ежелден, атам заманнан, аруағын сыйлаған, құрмет тұтып, одан медет тілеп, оған сыйынып, тәу еткен елміз. Адамның басы түгіл атының басын аспандатып ағаштың басына іліп, құздың қиясын шығарып қойған жұртпыз. Қуантқанда «Аруағын аунатып», қоштағанда «Ата-баба аруағы қолдасын!» деп тілеп, қарғағанда «Аруақ атсын!» дейтін Алашпыз. Мен жетінші көкек күні фейзбүк желісінде «Путин жұмсарып, Хан Кенеңнің басын қайтарып беремін деп тұрғанда Петропавл мен Павлодар қалаларының да атын жедел ауыстырып ала ғой!» деген жазба  жаздым! Қолдаушыларым қатары мол екен. Ал кеше 09.04.2021 күні Ықылас Ожайдың «шүйінші хабарға» қарсы пікір білдірушілерге берген жауабына разы болып, «Ханның басының (Атаңның басының) қайда, қай жерде қаңырап тұрғанын біле тұрып, құр қаңқадай көру ақыл-сананың аса тозғандығын, өзіне, өз қанына, сүйегіне деген сүйіспеншілік, өздік рух-намыстың құрып, суалып кеткендігін көрсетеді. Бұдан зор надандық бола ма? Болмас» деген коммент жазып, ал бүгін Айт-Ман Нұржанның бар жүректің адал қалауын айтқан жазбасын оқып, оның «Төрлеңіз, Хан Ием! Төрткүл дүние төрінде тұрған Хан Шыңғыстың алтын тағының ең соңғы заңды иесі Өзіңіз едіңіз, мына дала Сіздің – алтын тағыңыз: жайғасыңыз – біржола!» деген жолдарын ішімнен мың қайталап,  осыдан жиырма жыл бұрын жазған «Тәңір сынағы немесе Тәуелсіздік және Хан Кене» атты дастанымнан бүгінгі күннің шырайына орай үзініді ұсынуды жөн көрдім.

Бақытбек Бәмішұлы, Алматы қаласы, 10.04.2021 ж.

Төрімді төстен еніп ұтылады,

Жын қаққан құйындайын құтырады.

Құтылар

Қазақ қашып құмға сіңіп,

Құдай-ау,

Дала қайда құтылады?!

* * *

Жанына Хан Кененің ашты ой батып,

Отырды бір сәт құлпы тастай қатып.

Қағазға қан тамшылап табанынан,

Қадамынан

Қалам–

Тұлпар басты ойнатып.

«Жолдадым, жұрт қайғысын ой шағылып,

Ақ патша

Аранына қойса құлып.

Өлтірді 3467

Кісімді

Жазалаушы қойша қырып.

Қасқыр да көршісіне қас қылмаған,

Сен болсаң араныңды аштың маған.

Аулаған адамымды сенен гөрі,

Туажат,

Туыс екен қасқыр маған.

Құдай кім?

Құдырет кім?

Қазы, бек кім?

Көрмедік қарасын да әділеттің.

Жерімнен айдап салып,

Ал көнбесең,

Атаңның көрін қаз,– деп әмір еттің.

Ай, тақсыр!

Бұған тиым саласың ба?

Не жетсін дүниеде жарасымға.

Ел едім еркін жатқан ен далада,

Семірген қайғысызы қара суға…».

* * *

Естіртіп, ел жеріме өкім күшін,

Орнатқан ой мен қырға бекінісін.

Зұлымдық құтырынды

Естілердің,

Бит шаққан құрлы көрмей өтінішін.

Ажалдың ауыз тұрмақ тісті тысы,

Шелді көз шекпендінің істі іші.

Озбырға от қаруын орағытқан,

Бес тиын байтақ елдің ішкі ісі.

Бебеулеп боз інгендей боз қамысы,

Бірліктің бейберекет қозған ысы.

Шымбайға батқан сайын жөнеледі,

Кененің–

Кең даланың боздап іші.

Қан жауса қажет пе еді,

Ақыл да аса?

Аттандап, артынан жұрт мақұлдаса.

Атадан ұл боп тумай кеткен артық,

Ажалға ажал болып аттанбаса.

Керек пе?

Керек енді белдескені.

Енеден бірақ ұрды «Елдес» деді.

Маңдайға жазылғанды жолдан алмақ,

Қолдан беру қолынан келмес тегі.

Өктемдік–

соқыр,

Ындын–

қара бетті.

Хандығын талақ етіп,

талап етті:

«Сібір мен Орынборға әкім бол» деп,

Көргені қолбаладай Қаракөкті.

Неткендік?

Зорлағандық,

Қорлағандық.

Қорланды атасынан қонған хандық.

Хан Кене әкім болмақ аттан түсіп,

Өлгені онда қазақ торда қаңғып.

Қалды жар,

Бала боздап көшке ілеспей,

Тыныштық тумайды екен кескілеспей.

Хан Кене тырнақтымен табыса ма,

Түскенше ат тұяғы тепкілеспей.

Сенделді Сері сағым нарқы басым,

Күкірт жеп көксау Көкше алқынасың.

Сорыңды сығамын деп сұмырайлар,

Сұрады алтын ердің артқы қасын.

Баласын балықша іліп шырылдатып,

Жоғалды орыс десе шыбын қашып.

Таңбасын бодандықтың басып жатыр,

Қазақтың маңдайына шыжылдатып.

Демеді көгертемін.

Құл етемін,–

Деп келді,

Құл болмасаң күл етемін.

Ол – Ажал,

Кене – Көкжал Аруақты,

Байқасын бұ қазақтың кім екенін!

* * *

Түк жүрек түңіліп тұр достан бүгін,

Түскендей төңкеріліп аспан күнің.

Барады боздап байқұс боздалада,

Інгендей ботасы өлген бостандығым.

Батқан кеш кірпік қақпай күн қабағы,

Ажалдың ашылып тұр кімге араны?

Ақырғы,

Ақырғы үнін Хан Кененің,

Тыңдады:

Түнек-қара,

Түн қаралы.

«Хан Кене қанатынан қайырылды,

Қасымнан

Қаламаймын қайырымды.

Алашым азаттығы әдірем қап,

Тарта алмай кетіп барам айылымды.

Аспанға атар енді бөркіңді кім,

Шыңғыртты құйын бұрап ел кіндігін.

Қара нар–

Қайран жұртым қамыт киіп,

Тұсалды, шұрғаланып еркіндігің.

Құй өкін,

Құй өкіріп жатып ауна,

Не керек түскеннен соң ақыл ауға.

Қиыны–

Қылқындырар батқан бұрау,

Алтайға,

Сары Арқаға,

Атырауға.

Жегенім желім,

Қанды ірің іштім,

Түн жортып

Кестім жолын ібілістің.

Атпай таң

Арқа-жарқа

Арқа жатар,

Ақырын көре алмадым ірі істің.

Бас кеспек мына құлда кінә бар ма?

Бұғағын буған қарғы сорлы бұ да.

Ұқпады пасық манап

Мен кеткен соң,

Жанарын қасыреттің қорлығына.

Өз жұртым,

өлсемдағы ермегім сен.

Қол қосып қапияда ермедің сен.

Мен өлем,

өкінерсің,

көп татарсың,

Кенеге ермегеннің кермегін сен.

Тербе енді,

Тербе мені,

Жер бесігім,

Желменен жетер зарлы елге есімім.

Қан құсқан тарихыңның белесімін,

Қартыңның жасқа жаяр кеңесімін.

Көзі ашық

Көп сырымды ұғар бұдан,

Шашылар шар тарапқа шығар бір ән.

Аяла,

Азаттықты,

Ең әуелі,

Шегіршіл,

Іштен шыққан шұбар жылан.

Тіледім ел бірлігін әр уақта,

Хан болдым білемеген қару аққа.

Бүлдіргі бүлінгеннен алма деген,

Қолдамайд бүлінгенді Әруақта!

Ішімде,

Ібілісім,

Тарпаң жауым.

Ханға да,

Қараға да

Қалқан–

Қауым.

Торындай өрмекшінің

Тәуелсіздік–

Тым оңай

Тоқуыңнан,

Талқандауың!

Байлаған шырмауықтай бұралып мың,

Бұғауын бұзар жұртым бұғалықтың.

БАЙҚАУЫ ТӘҢІРІНІҢ

ТӘУЕЛСІЗДІК

БІРЛІГІН СЫНАЙТҰҒЫН БҰ ХАЛЫҚТЫҢ!».

Мұңайып жаңа бір ой тағы туды,

Кененің омырауы ағытулы.

Жөткіріп сөйлеп кетті:

«Бір ұл туар,

Сақтаңдар,

Аман-есен сауытымды!

Абай бол,

Адым сайын

Алдыңды аңғар!

Алтын сап қылышымды қалдырмаңдар!

Жаныңды алса алсын,

Жерің үшін,

Ар,

Намыс,

Рухыңды

Алдырмаңдар!

Алматы, 2002 жыл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар