Преамбула
Қилы-қилы уақиғаларды тамаша тарқататын Уақыт шіркіннің уайымы көп-ақ, оны білесіз. Өзі – алаңшыл, сонымен қоса баладай аңғал, пәк, таза, адал, әділ де… Ал, Уақыт мырза әділетсіз деп айтқанмен ештеңе құбыла қоймасы анық, одан да хабардарсыз. Себебі, ол – өзгертуші, кейде тіпті өзімшіл ме деп қалам, саналы кісімен санасудан ада. Өмір – өлшеулі: басы – ортасы – аяғы бар (драма конструкциясына ұқсас), анау дерсіз, мынау дерсіз, алайда бұл – Алланың айнымас заңы. Өлшеуге келмес нәрсе, өлмейтін нәрсе – адамның еңбегі, қылған қызметі, мәнге толы тіршілігі. «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы / Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» – дейді ғой, дана Абай. Кей сәтте біз адамды өлмейтіндей, өстіп көз алдымызда дін аман жүре беретіндей көреміз (мұны Өмірдің аса нанымдылығынан деп біліңіз), бірақ Құдайдың жоспары бөлек…
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Есенғали Раушановтың өмірден өткені хақындағы жағымсыз жаңалық жанға батқаны рас. Амал нешік. «Біз Есенғалиды көргенбіз. Біз Есенғалидың кезінде дәурен шеккенбіз», – деп айтып отыратын шығармыз, кейінгілерге. Бұл да – өлшем, аса құрметті Әдебиетке адалдықтың өлшемі, өршіл де өміршең Өлеңге деген өлшем, еңбекке деген құрмет, адамға деген тағзым. Ақынның «2012 жылы қарға жазылған сонет» өлеңінен: «Қош дейтiн кез де келедi-ау ертең фәниге / Қиналмай өлсем деп армандайсың, қор болмай»…
Ес-ағаң, 2017 жылы «Егемен Қазақстанға» берген сұқбатында: «Әдебиет деген – protest, яғни қарсылық. Әсіресе, менің өлеңдерім іштегі қарсылықтан туады. …Өлең туған анаңдай қадірлі болуы керек», – деп еді. Есенғали поэзиясындағы орны ерекше орамдар, айрықша образдар, өзіне ғана тән бояулар, сөз қолданысы, пішіндік ізденістер, шығыстық рух, мифологиялық реминисценция, фольклоризм, осының бәрі оқырманды көркем туынды атты сиқырлы патшалыққа ынтызар етері сөзсіз. «Бастаудан» тартып, «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен бозжусан» және «Құстар – біздің досымыз» атты кітаптар аралығы, автордың жүріп өткен жолы – мазмұнға толы.
«Көктемде…
(Қазақша хайку)
Көктем масаң бiр мәз боп, бiр өкiрдi,
Менiң анам қайтқан жыл дәл осындай
Арсыз желдер түнiмен үретiн-дi».
Қош бол, Ақын!..
Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Парақшамызға жазылыңыз