///

Сатуға келмейтін екі қасиетті де киелі дүние бар: Бір – Жер, екіншісі – Тіл

2406 рет қаралды
фото: Almaty.TV

Еліміз тәуелсіздігін қайтарғаннан кейінгі жылдардағы ең өзекті, күрделі мәселелердің бірі  қазақтың жерінің Кеңестер Одағы кезінде бекітілген көлемін сақтап, белгілеп, халықаралық деңгейде шегендеп, бекітіп алу болды.

Осы орайда Елбасы, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы жар құлағы жастыққа тимей жүріп қыруар пайдалы іс атқарғанын білеміз. Нәтижесінде Қазақстан территориясы толықтай делимитацияланды. Ешбір көршімен бұл мәселеде дау-дамай тудырмастай тастүйін етіліп, заңды құжаттарға таңба басылып, қол қойылып, мөрленді… Алайда, қазақтың халықаралық деңгейде мақұлданған жеріне көз алартқан жәдігөйлер өзгеден емес, өз ішімізден шықты. Сонау өткен ғасырдың аяғында да «жерді сатуды заңдастырайық» деген жел өкпелер билік тұтқасын ұстағандар арасынан пайда болды.  Халықтың қарсылығына ұшырады. Біз де шамамызша шырқыраған екенбіз.

Уа, халқым, сұраңдар!

Бар ма екен бұларда Ар,

Шетінен ығай-сығайлар,

Азу салған жеріме,

Іштен шыққан шұбарлар.

 

Емес екен кемеңгер,

Емес екен көбеңдер.

Жерімді сатам дегендер:

Қысыр емген енесін,

Құнан менен дөнендер…

Есірген басты еңкейтіп,

Қай Ұлым менің көгендер?…

 

Беркініп мұздай берендер,

Сап таппай намысым елеңдер.

Тірім түгіл күңіреніп,

Шайқалып кетті Даламда,

Мүрделер жатқан белеңдер…

 

Уа, туған ұлдарым,

Ұмытпайық өлімді!

Қай құрлықтан қазасың,

Жеріңді сатсаң көріңді?!…

 

Сүйсең жерді сүй осы!

Күйсең жерге күй осы!

Сен де,

Мен де Иесі!

Атамның қаны аралас,

Атпасын Топырақ Киесі!!!

 

Жетпесін Жерге жаман ат!

Жер – намыс,

Жер – аманат!

Жерді сатам дегенше:

Өзіңді…

Мені…

Табанда Ат!!!

Сондағы құнан менен дөнендер бұл күнде ақ жілік ақ бас атан, айыл көрмеген  азусыз ат болды. Жерді жетпіс жеті атасынан қалған жеке дәулетіндей көріп отырғандар, жоқ  жерден пайда  болған латифунистер де солар.

«Жеріміз  делимитацияланды. Енді ешкімнің сұғы өтпейді, тырнағы батпайды»  деп жүрсек кеше ғана Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Көктоғай ауданынан жік шықты. Жергілікті халықтың табанды, кеудесін оққа тосқан батырлық  күресінің арқасында  биліктің жымысқы саясатының жолын кесті. Ал олар болса,  біресе «әскери жаттығу өткізбек едік» деп, біресе «ойбай, біз қателесіп, кезінде шекара бағаналарын біреудің аумағымен байқамай қағып кетіппіз» деп ежіктеп ақталып бақты. Ал енді міне, Парламентте жер мәселесі тағы да көтеріліп, президент Тоқаев Қ.Т.  «Қазақстан жері ешкімге сатылмайды» десе де, оны бөлшектеп сатуға икемдеген заң жобасы мәжілісті көктей өтіп, сенатта қаралып жатқан көрінеді. Міне, осыны тоқтату үшін, жалпы қазақ жерін мемлекеттік құзырда, мемлекет меншігінде қалдырып, ешкімге, ол мейлі қазақстан азаматы болса да сатпау үшінгі қарсылық халық тарапынан жүріліп жатыр. Күні кеше алаңға шыққан халықтың тегеуірінінен қорықты ма, ҚР Вице-премьері Ералы Тоғжанов бастаған жер комиссиясының мүшелері жер сату мәселесін тағы да бес жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Алайда, Жер комиссиясының бұл шешімі Парламентте қаралып жатқан заң жобасында ескеріле ме? Ол жағы күмәнді.

Қазақты, ұлтты ұстап тұрған екі-ақ нәрсе бар. Бірі – жер де, екіншісі – тіл. Бұл екуінсіз ұлт та, ұлыс та болмайды. Сатуға  келмейтін, қаныңмен, жаныңды беріп қорғауға керекті қасиетті де киелің осы  Екеуі —  Жерің  мен Тілің!

Бурыл-Алтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар