///

Көп балалы аналар бақытты отбасы бола ала ма?

4949 рет қаралды
Фото: Өскен өркен

Қоғам көп балалы аналардың мәселесіне ден қоя бастағалы біраз жұмыс атқарылған секілді көрінеді. Жеңілдікпен баспана алу үшін түрлі бағдарламалар жасалды. Ол бағдарламалар шынында тиімді ме, аз айлықпен көп балалы ана баспана ала ала ма, осы мәселеге үңіліп көріп ек, кейіпкерлеріміз бағдарлама көп болғанымен, нарыққа сай емес екенін айтты.

Әсем ТОҚМАҒАМБЕТОВА, Көп балалы ана:

ҚАРАҒАНДЫДА 7,5 МИЛЛИОНҒА ҮЙ КЕЛМЕЙДІ

Әсем Тоқмағамбетова төрт баланың анасы. Мамандығы – мұғалім. Қарағанды қаласындағы колледждердің бірінде сабақ береді. Екі ұл екі қыздың ең кішісі 1,5 жаста, үлкені 11 жаста. Қазір Қарағанды қаласындағы Майқұдық ауданында екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Балабақша мен мектептке жақын болғасын ол үйді төрт жыл қатарынан жалдап отыр. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасы жайлы естігенімен, бала күтімімен отырған соң, төлем қабілеті болмай бағдарламаға өтініш бере алмаған. Биыл Отбасы банкіне «Бақытты отбасы» бағдарламасымен кезекке тұрған. Алайда, банк менеджері Әсемнің табысын есептей келе банктің 7,5 миллион теңге көлеміндегі соманы ғана мақұлдай алатынын айтып, осы ақшаға үй қарай аласыз деген.

Әсем ханыммен әңгімеден біз еліміздегі осал топтарға бағытталған бағдарламалардың тым шикі екенін ұқтық:

«Бақытты отбасы» бағдарламасының шарты бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан басқа қалаларда беретін заем сомасы 10  млн теңге. Ал маған банк 7,5 млн ғана бере аламыз дейді. Қызық?.. 7 млн-ға қандай баспана келеді? Бағдарламаны жасап шығарған адамдар 10 млн дегенді қайдан алды екен? Аймақтардағы үйдің бағасына мониторинг жасамай ма?   Қазір үй бағасы қымбаттады, қымбаттамай тұрғанның өзінде 10 миллионға үй келмейтін еді. Тіпті Қарағанды қаласының шеткі ауданы Майқұдықта да ондай бағаға үй таба алмайсыз. Енді біз көпбалалы деген санатқа жатқан соң, өте ұзақ мерзімге несиеге  алатын болғасын бірден екі-үш бөлме алғанды жөн көреміз ғой?..».

Кейіпкеріміздің айтуынша,  Қарағанды қаласының шеткі ауданы Майқұдықтың  шетіндегі үш бөлмелі үй ең аз дегенде 13-14 миллион тұрады екен. Банк Әсемге тек 7,5 млн теңгені бере алады, қалған соманы Әсем өз табуы керек екен.

«Өзіңіз ойлап қараңызшы,  пәтер жалдап тұрсақ, ақшаны қалай жинаймыз?..» дейді Әсем. Жалақысы 100 мың теңге болатын колледж оқытушысы 50 мыңға пәтер жалдайды. Үкіметтің төрт балаға беретін 47 000 теңгесі балаларының  үйірмесі мен қосымша сабағына кетеді.

«Пандемияға байланысты сабақ онлайн болғасын, жарытып білім алып жатқан жоқ. Сосын амал жоқ, қосымша сабаққа апарамыз. Спорт үйірмелері де ақылы. Басында көп балалы аналардың балаларына спорт үйірмелері тегін деген еді. Ол шындыққа сай емес, ақша төлеп барамыз

         Жарайды! «Бақытты отбасы» бағдарламасына табысым жетпей қалды дегенім бер жағы екен, оған ілігу-ілікпеуім екіталай көрінеді, өйткені кезекте тұрған адам өте көп, ақша жетпей қалуы мүмкін дейді. Оған да көндік, деп басқа банкке барсам, олар маған 7-20-25 бағдарламасын ұсынды. Ол бойынша үй бағасының 20 % -ын жинауым керек екен, оның өзінде тек жаңа салынған үйлерден ала алады екенмін. Жаңа салынған үйлер сапасыз. Былтыр танысымыз   алған, биыл бұрыштары ашылып жатыр екен. Ондай сапасыз үйге кімнің тұрғысы келеді?.. Мен екінші қолдан (вторичный рынок) алсам болғаны. Ондай үйлердің бағасын қарасам, үш бөлмелісі 23 миллион теңге тұрады екен. Оны алу үшін біз «Отбасы банкіне» барсақ, 50 % -ын өзіңіз саласыз, банк 50 % -ын береді дейді. Ал менде ондай ақша жоқ. Осындай бағдарламаны жасап отырған кісілер, Үкімет басындағы адамдар неге нарыққа анализ жасамайды? Олар тіпті үй бағасының шарықтап тұрғанын біле ме екен?.. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 10 млн береміз дейді? Оның өзі алатын адамның жалақысына байланысты. Көрдіңіз бе? 7 млн-ға үй келмейді. Келсе де оған біз сыймаймыз ғой? 1 бөлмелі үй алып оның ақшасын 16 жыл бойы төлеу деген миға сыймайды».

БАСПАНА БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ «САНЫ БАР, САПАСЫ ЖОҚ»

Әсем баспаналы болсам деген ниетпен мемлекеттік бағдарламалардың барлығымен танысып шыққан. Бірнеше күн табанынан таусылып банктерді аралаған соң «Баспана алуға болады деген бағдарламалар жетеді! Саны бар, сапасы жоқ!» деген қорытындыға келіпті.

« 5-10-15, 7-20-25, Әйелдер ипотекасы т. б. толып жатыр. Әйелдер ипотекасы дегенді үкімет басында отырғандар өздеріне арнап жасап қойған секілді?.. Қатты айтсам, айып етпеңіздер?..  Оған қол жеткізу үшін 300 000 жалақы болуы керек екен?!. Қарапайым мұғалімнің қайсысы мұндай айлық алады екен?.. Мұғалімнің жалақысын көтердік деп мінберлерден жиі айтылғанымен, жаппай көтерілген жоқ. Әр мектеп өз шамасына қарай амалдады. Жалақы көтерілді деген сыбыс шыға салса барлық нәрсенің бағасы өсетіні белгілі ғой.

Басқа банктерге жүгінсем, жалақыңыз жетпейді, кепіл болатын адам керек дейді. Қазір кім-кімге кепіл болады? Тіпті туғаның да кепіл болуға қорқады. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй алсам деп дәмеленген барлық адамның басында бар жайт. Жалақы аз, банк 10 млн-ға дейін ғана заем бере алады. Ал жалақысы көп адамдар мұндай бағдарламаларға жүгінбейді де, өздері ақша жинап, ипотекаға сатып ала береді. Ал бізге ақша жинау өте қиын. «Ішпей, жемей» анадан бір тартып, мынадан бір тартып жинағанымыздың өзі көп емес».  

«БІЗ ҮЙ АЛА АЛМАЙДЫ ЕКЕНБІЗ»…

Қарапайым оқытушы, мемлекеттің басты байлығы саналатын адам санын көбейтіп Қазақстанның демографиясына үлес қосып отырса да, осы санаттағы адамдарға жасалған жеңілдікке іліне алмағанына ашынады. Банктерді аралап келгеннен соң үйге кіргенде аузынан шыққаны «Біз үй ала алмайды екенбіз»  деген сөз болыпты.

Көп балалы аны мемлекеттік орындар мұндай бағдарламаларды ойлап тапқанда «бөлінетін соманы нарықтағы бағаға қарап қойса, шарттарын жеңілдетсе болар еді», – дейді. Жалақысы 100 мың теңге, жолдасы жеңіл көлікпен адам тасиды.    Күнделікті табыс күнделікті ішіп-жемнен артылмайды.

«Баспана хит» деген бағдарламаны қарадым. Бұл бағдарлама бойынша АТВ банк үй бағасының 20 %-ын төлейсіздер дейді. Оның өзінде 15 млн-ға дейінгі бағада ғана үй табасыз, оған да лігу ілікпеуіңіз екіталай, гарант табасыз, гарантыңыздың атында несие болмауы керек екен.  Сөйтіп, ай сайынғы төлемді 134 000 деп санап берді. Айлығым 100 000 болса, ол төлемді қалай төлеймін?..

7-20-25, Баспана хит бағдарламалары Қарағанды қаласы бойынша 15 млн-ға дейін несие бере алады екен. Егер сіз тапқан үйдің бағасы одан жоғары болса, қалған соманы өзіңіз қосады екенсіз. Бұл сұмдық қой!!!

Анда барсаң кепіл болатын адам керек дейді, мұнда барсаң 15 000 млн-ғана бере аламыз дейді, екі бөлмелі пәтерді бәленбай жыл бойы төлейсіз. «Бақытты отбасы» бағдарламасының бір жақсысы бұрынғы салынған үйлерден де , екінші қолдан алатын (вторичный рынок) үйлерден де баспана ала аласыз деп мақтайды. Ал, әке мен ананың біреуінің табысы тұрақты болса да, аз болғасын бұрынғы салынған үйге жетпей жатса, қайдағы жаңа үй?.. Бөлінген ақша бұрынғы үйлерді алуға мүлде жетпейді? Кепіл болатын адам тапқан күннің өзінде менің айлығым банктің ақшасы мен кепіл болған адамның ақшасын қайтаруға жетпейді ғой?.. Сонда мен қай ақшамен несие төлеймін, қай ақшаға күн көрем?.. Мұндай бағдарламаны ойлап табарда нарықтағы бағамен санаспаса, құр көз алдау ғой!?.»

Оқытушының айлығы 100 мың. Ондай айлықпен «Бақытты отбасы» бағдарламасы тек 7,5 млн теңге ғана бере алады. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол тұратын Қарағанды қаласында 7,5 млн-ға үй жоқ!

Ашынған ана «Қарағанды қаласында сондай бағаға үй ізде деу мазақтаумен тең! Бұл ақша ауылдағы тозған үйді алуға ғана жетеді», – дейді.

 

Жаннұр ҚҰДАШБАЕВА, толық емес отбасы:  

КЕПІЛ БОЛАТЫН АДАМ БОЛМАСА, ҮЙ АЛУ МҮМКІН ЕМЕС…

Мінбердің екінші кейіпкері Қарағанды қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Жаннұр ҚҰДАШБАЕВА:                                                          

Төрт балам бар. Үлкен ұлым мен қызым студент. Одан кейінгі екі балам 3-інші және 9-ыншы сынып оқушылары. Пәтер жалдап тұрамыз. Атымызда үйіміз жоқ. Өзім жалғызбасты анамын. Жеке сот орындаушыда көмекші-маман болып қызмет атқарамын. Күйеуім хабарласпайды, жұмысын жасырады немесе жұмыс істемейді, алиментті уақытылы төлемейді. Жалғызбасты ана ретінде өкіметтен көрсетіліп отырған көмек: қызым оқу бітіргенше  ай сайын 46 000 тг жəрдемақы аламын. 3 сыныптағы балам  тегін тамақ ішеді, жол жүру билетімен  қалалық автобустарда тегін жүреміз. Жалғыз басты ана ретінде басқа көмек алмаймын. Карантин уақытында 2020 жылы 2 тоқсан бойы АƏК (атаулы әлеуметтік көмек) алған болатынмын .  Одан кейін жалақы 74 000 тг болды. Алайда зейнетақы қоры, міндетті сақтандыру, т.б қорларды алып қалғанда қолыма 58 000 тг тиді жəне көп балалыға алатын ай сайынғы 46 000 тг мен жол ақы билетін санап, АӘК берілмейтінін айтты.

2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекке тұрдым. Алайда eqov.kz. сайты арқылы тіркелу мүмкін болмады, себебі көп балалы статусыңды сайт көрмейді,  ХҚКО-да (халыққа қызмет көрсету орталықтары) көп балалы ана ретінде тіркеуде болсам да өтінішімді қайтарып тастап (отказ) отырды. Сондықтан ХҚКО барып балалардың құжаттарын, туу туралы куəліктерін түгелдей сканер арқылы өткізіп  менің құжаттарыма қосымша  тіркеді. Сөйтіп барып  көпбалалы отбасы статусыммен өттім. «Бақытты отбасы» бағдарламасына конкурсқа қатысу үшін енді ғана сайтқа тіркелдім. Бірақ  жалақыңыз күн көріс шегінен асып кетсе, бұл бағдарламаға өтпейсіз. Және жалақыңыз адам басына шаққанда жетпей қалады. Төлеуге мүмкіндігіңіз келмей қалуы мүмкін, сол себепті бағдарламаның 2 сатысына өтпеуіңіз мүмкін. Сондықтан кепіл болатын адам тарту керек. Ол дегеніңіз жалақыңызды 10 миллион теңгелік  үйге рəсімдегенде қосымша  бірігіп кепіл беруші міндеттеледі. Кепіл беруші тұлға өзінің жалақысын көрсетіп, қосалқы жауап беруге келісім береді. Банк екі адамның жалақысын есептеп барып, шешім қабылдайды. Кепіл берушінің күн көрісін əйелімен не күйеуімен бірге есептейді. Әйтпесе Қарағанды облысы бойынша көп балалы отбасының жалақысы 500-600 мың  теңгеге жетпейді. Кепіл берушіңіз болмаса бұл бағдарлама арқылы үй ала алмауыңыз мүмкін. Жəне қалада 10 миллион теңгеге 1-ақ бөлмелі пəтер келеді, ол да табылмауы мүмкін. Оның үстіне  Отбасы банкіне өтуге үйін рəсімдеуге  келісетіндер де бірен-саран.

Назым Дүтбаева,

Айғаным Айтақын.

Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар