«Jurttyn’ balasy» ретінде танымал Мұрат Данияр ҚР мәжілісінің ең жас депутаты Мәди Ахметті дебатқа шақыруы әлеуметтік желілерде жастар арасында қызу талқыға түсті. Мұрат Данияр – YouTube желісінде 235 мыңға жуық жазылушысы бар блогер.
Ол өз видеосында Мәди Ахметтің депуттатық қызметіне, Жас Отанның қызметіне қатысты азаматтық позициясын білдірген болатын. «Жастар өз мәселелері бойынша Жас Отанның көмегіне жүгіне алмаса, ол не үшін керек?» деген сөзі депутаттарға тиіп кетсе керек, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембай Нартай Аралбайұлына YouTube каналында берген сұхбатында блогерге жауап қатқан: «Көптеген өздеріңіз секілді YouTube каналдар Жас Отанға, менің жас әріптесіме байланысты сын-пікірлер таратып жүр екен. Біріншіден, Жас Отан мемлекеттік орган емес. Жас Отан жастардың мәселесін күн тәртібіне енгізетін ұйым». Ал депутат өз кезегінде instagram парақшасында блогерді популизммен айналысып, өзгені негізсіз даттап, жалған ақпарат арқылы like, hype жинап жүр депті.
27 сәуір күні Мұрат Данияр өзіне қайтарылған жауапқа қанағаттанбағанын білдіріп, Мәди Ахметовты дебатқа шақырады. Дебат тақырыбы: Қазақстандағы демократия; өтетін орны: Нұр-Сұлтан қаласы; уақыт: 7 не 8 мамыр. Шарттары: дебат бейтарап алаңда, монтажсыз, тікелей эфирде көрсетілетін болады, модератор – тәуелсіз журналист Әділ Сейфуллин. 5 күн бойы депутат жауабын ала алмаған Мұрат Данияр дебатты болдырмау туралы шешім қабылдай бергенде, 1 мамыр Мәди Ахмет өз парақшасында шақыруды қабыл алатыны туралы мәлімдеді.
Депутат мәлімдемесінен кейін желі қолданушылары Мұратқа дебатта «қазақ тілінде пікір талассын» деген талап қойып жатты. Осыдан кейін желіде жасотандықтарды Мәди Ахметті қолдауға, желіде пікірлер қалдыруға шақырып жатқан WhatsApp желісіндегі скрин суреттер тарай бастады. Блогер өз кезегінде дебат модераторы бірінші жаққа орыс тілінде, екінші жаққа қазақ тілінде сұрақ қоя алатын кәсіби журналист болуы тиістігін айтты.
«Қазақстандағы демократия» тақырыбындағы дебатты асыға күтіп отырған желі қолданушылары Депутаттың дебатқа келіскеніне қуаныштарын жасыра алмады.
Ажар Туралиева
Парақшамызға жазылыңыз
[…] Ахметовті дебатқа шақырды. Бұл туралы бұған дейін “Мінбер” сайтында айтылған […]