////

Кімге сенеміз? Мәдениет басқармасына ма, Мемлекеттік сатып алулар порталына ма? Алматыда «мерекелерге арналған қаржының коронавирусқа қарсы жұмсалғаны» рас па?

3092 рет қаралды


Алматы қаласының мәдениет басқармасы 2020 жылы елде төтенше жағдай кезінде мемлекеттік мейрамдар мен атаулы күндерді атап өтуге мемлекеттік сатып алу өткізген.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық мәлімет бойынша, былтыр басқарма наурыздың 4-інде, елде коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай енгізілмей тұрып 81 миллион 524 мың теңгеге «2020 жылы қалалық мерекелік іс-шараларға арналған сахналарды безендіру» деп аталатын қызметке конкурс жариялаған. Конкурстың техникалық ерекшелігіне сай, өнім беруші Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, ҰОС жеңіс күні, Балаларды қорғау күні, Мемлекеттік нышандары күні, Астана күні, Конституция күні, Отбасы күні, Алматы қаласының күні, Тұңғыш президент күні, Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекесінде қаладағы мерекелік іс-шараларға арналған сахналарды банермен және декорациялармен безендіруі тиіс. Естеріңізде болса,үкімет былтыр наурыздың 16-сынан бастап 15 сәуірге дейінгі аралықта Қазақстанда төтенше жағдай жариялап, қоғамдық шара өткізуге тыйым салған. Кейін төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылған. Алматыда Наурыз мейрамын атап өту тоқтатылып, қалаға облыс аумағынан кіреберіс жолдарға блок бекеттер қойылған еді. Төтенше жағдай кезінде қалада көпшілік қатысуымен өтетін Наурыз мейрамы, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, ҰОС Жеңіс күнін атап тоқтатылған болатын.

Бірақ төтенше жағдайға қарамастан, Алматы қалалық мәдениет басқармасы 26 наурызда конкурс өткізіп, қорытындысы хаттамасын жариялайды. Ол хаттамада 20 наурызға дейін бес өнім берушіден конкурсқа қатысу туралы өтініш түскені, олардың арасынан аталған қызметті орындауға ең төменгі баға ұсынған (34900000 теңге) Design PROFI ЖШС жеңімпаз деп танылғаны туралы айтылады. Осы хаттаманың негізінде мәдениет басқармасы 2020 жылдың 17 сәуірінде Profi DESIGN ЖШС-мен келісім-шарт жасасады. Келісім-шарттың әрекет ету мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген.

Сатып алудың техникалық ерекшеліктеріне сай, өнім беруші 2100 шаршы метр сахнаны мата және баннермен, 980 шаршы метр сахнаны қатты декорациямен, 420 шаршы метр декорацияға арналған сахналық подиумдар жасауы тиіс. Бұған қоса, өнім беруші 1000 шаршы метр болатын сахна еденін безендіріп, 380 шаршы метр көлемінде реквизит пен бутафория жасауы тиіс. Бұдан өзге, әртістерге арналған, жалпы аумағы 350 шаршы метр болатын жарығы бар мобильді грим кабинеттерін құру, 160 шаршы метр аумақты жарықдиодты торлар мен декорацияларға арналған жарықдиодты экрандармен қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпарат бойынша, аталған қызмет сатып алынып, келісім-шарт орындалған. Қызметтің атқарылғанын дәлелдейтін қаржылық құжаттары да тіркелген. Яғни, әлемде пандемия, Қазақстанда төтенше жағдай күшіне мініп тұрған кезінде басқарма төтенше жағдайға дейін жариялаған конкурстан бас тартпай, тіпті ахуалға байланысты қызмет көрсету шарттарын да өзгертпестен бюджет қаржысын мерекеге жұмсаған.

«Мінбер» ақпарат агенттігі осыған байланысты Алматы қалалық мәдениет басқармасынан «2020 жылы жоғарыда аталған мейрамдар мен атаулы күндерді мерекелеуге қатысты бюджеттен қанша қаржы жұмсады, олардың барлығында бірдей қала көлемінде көпшілік/қала тұрғындары қатысқан мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды ма және барлығында бірдей сахна тігілді ме?» деген сұрақтармен сауал жолдады. Басқарма бізге берген жауабында «Алматы қаласы мәдениет басқармасының 2020 жылға жоспарланған мемлекеттік және имидждік мерекелерін өткізуге тыйым салынып, қаражат коронавирус инфекциясының таралуымен күрес шараларына секвестендірілгенін (бюджеттің шығысын қайта қарап, қысқарту)» ғана айтып, жалпылама жауап берді. Алайда, мемлекеттік сатып алу сайтында келтірілген ақпараттар мен құжаттар мемлекеттік Алматыда 2020 жылға жоспарланған мемлекеттік мерекелерді өткізуге тыйым салынбағанын көрсетеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар