«Көп балалы аналарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жоқ емес, бар. Сол мүмкіндіктердің бірі қайтарымсыз гранттар. Ия, ол сондай көп мөлшердегі сома емес, бірақ іс бастаймын деп ниеттенген әйелдер үшін үлкен көмек. Егер грант қаржысы болмаса, мен тәттілер пісіру үшін ауадай қажет электр плитасын, тоңазытқыш пен миксерді бірден сатып ала алмаған болар едім. Сондықтан, көп балалы аналар өздеріне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, істерін жолға қойып алғаны дұрыс» – деп есептейді 5 баланың анасы Гүлбаршын Сисенова.
“БАСТАУ БИЗНЕС” МАҒАН ҚАЖЕТТІ ТЕХНИКАНЫ САТЫП АЛУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ
Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында “Бастау Бизнес” жобасы бойынша азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, оларға жеңілдетілген несие беру және қайтарымсыз негізде мемлекеттік гранттар беру қарастырылған.
Орал қаласының тұрғыны Гүлбаршын Серікқызы, 39 жаста, 5 баланың анасы. Олардың үлкені 19 жасқа толса, кішісі 3 жасар екен. Жары Салауат екеуінің отау құрғанына биыл желтоқсан айында 20 жыл толады. Салауат – жүк автокөлігінің жүргізушісі, Гүлбаршын болса үй шаруасында, балаларын тәрбиелеуде. Үйленген күннен ата-енесімен бірге тұрады. Гүлбаршынның мамандығы есепші болғанмен, есепші ретінде жұмыс істемеген. 20 жасында тұрмыс құрған. Бірнеше жыл бойы апасының дүкенінде сатушы болып еңбек етіп, бала босанған кезде үйде отырып, балалары өскен кезде қайтадан сатушылық жұмысын жалғастырған. Осылай 6-7 жыл дүкенде жасаған.
«Тәуліктеп жұмыс жасау кім-кімді де шаршатады, әрине. Балаларға да қарау керек, сол себептен сатушылық жұмысты қойып, үйде балаларыммен айналыстым. Үйде отырған соң неше түрлі тағамдарды, тәттілерді пісіресің. Бұрыннан да әдетім интернеттен қарап ұнаған тағам түрлерін пісіру еді. Жалпы менің қолымнан келетін және жақсы көріп жасайтын ісім – тамақ пісіру, іс тігу және шаш қию. 2017 жылы 5-ші баламды босанғаннан кейін, үйде отырған соң, жайлап торттар пісіре бастадым. Торттарым өз отбасыма, қонақтарыма, туысқандарым мен достарыма ұнайтын. Кейін таныстарым тапсырысқа сұрай бастады» деген кейіпкеріміз, өзінің қандай іске икемділігі бар екенін де айта кетті.
ҚАЗІР БӘРІ ҚЫЗЫМДЫ «ВУПИ ПАЙ» ДЕП АТАП КЕТТІ
«Сол 2017 жылы 4-ші баламның туған күніне бір кондитерге вупи пай тортына тапсырыс бердік. Бағасы 6000 теңге болды. Торттың дәмді болғаны, ұнағаны сондай, қонақтардан өзімізге жетпей қалды. Жаңа жылда осы кондитерге тағы да вупи пай тортына тапсырыс беріп, өзіміз сүйсіне жеп алдық. Кейін мен сол торт туралы ойлай бердім. Неге осынша дәмді, қалай пісірді екен, оған не қосты екен деген ойлар мазалай берді. Содан өзім пісіруге бел будым. Ізденіп, құрамын таптым, бар білген ингредиенттерді сатып алып, тортты пісіруді бастадым. Сол күні сағат 15.00-де бастаған тортымды 17.00-ге жақын аяқтадым. Өзім кіші қызыма аяғым ауыр еді. Бірақ, аяғына дейін пісіре алмай, құрбыма хабарласып, жедел жәрдем шақырып, перзентхандан бір шықтым. Ертесіне үйдегілерге: «тортты жей беріңдер, біздің қызымыз бар» деп хабар бердім. Осыған орай, отбасымызда есте қалар қызық жай болған. Вупи пай пісіремін деп жүріп, қызымды босанғаннан кейін, қазір бәрі қызымды «вупи пай» деп атап кетті. Бірақ, сол торттың дәміндей болмады. Осыдан кейін іздене бастасам бұл торттарды пісіруді үйрену үшін шеберлік сағаттарын өту керек екен. Ал, мен тек үй ішіне пісіруге бола 12 000 теңгеге шеберлік сағатына қатысқым келмеді. Осы уақыттан бастап мен торт пісіруді кәсіби түрде үйренуді жоспарладым. Сәйкестік пе қайдам, көп ұзамай көп балалы аналарды тегін оқыту курстары туралы естідім» – деп көп балалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдыру жолына қалай келгенін де айтып берді.
“Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына, олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Оқу процесінің жалпы ұзақтығы жиырма бес күн екен. Батыс Қазақстан облысы бойынша соңғы екі жылда кәсіпкерлік негіздеріне оқығандар санына келетін болсақ:
Гүлбаршын сұрастыра келе «Еңбек» бағдарламасы бойынша жолдама алып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көп балалы аналарды іс бастауға оқытатын курстан өтіп, бағдарламамен қайтарымсыз грант алуға болатынын білген. Сөйтіп, 2020 жылдың мамыр айында осы курсты тегін онлайн тәртіпте оқып, сынақтарын тапсырып, екі аптаның ішінде тәмамдайды. Осыдан кейін бизнес-жоспар жасауға кіріседі. Бизнес-жоспардың негізінде тамыз айында 558 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болады. Грант қаржысына торт пісіру үшін қажетті электр плитасын, тоңазытқыш және миксер алады. Бөлінген грант бойынша алған қаржыға міндетті түрде есеп беру қажет. Сол сома аясында алынған жабдықтар мен тауарлардың әрбір шығынын растайтын құжаттардың барлығы болуы керек екен. Егер өз қаржыңызды қосамын десеңіз, қосуға болады, бірақ берілген грант сомасына сыйғызу керек.
Басқарма берген ақпаратқа сүйенсек жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 есептік айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде беріледі. Бұл мемлекеттік гранттар қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға беріледі. Аталған бағыт бойынша гранттарды алуда табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жастар басым құқыққа ие екен.
«Қазіргі уақытта тәттілерді үйден пісіріп, сатамын, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ/ЕСП) төлеп жұмыс жасаймын. Бизнес-жоспарды өзім жасадым. Қиындау, бірақ жоспарды жасау негіздерін курста оқытады. Барлық есеп-қисабын үйретеді. Бұл курстарда түрлі бағыттағы бизнесті бастау үшін не істеу, неден бастау, қалай жоспарлау керек, ықтимал шығындар мен бәсекелестер сияқты көп нәрсеге үйретеді. Сізді мазалайтын барлық сұрақтарға жауап береді. Осыған дейін мен торттарды тек өзіміз үшін ғана пісіретінмін, тапсырыс алмағанмын. Грант алып, шеберлік сағатын өткеннен кейінгі ең бірінші тапсырысым қос ярусты торт болды. Өзімнің таныстарым жастардың той дастарханына тапсырыс берді. Мен болсам әлі қос ярусты торт пісіріп көрмеген едім. Бірақ, тәуекел етіп ең бірінші тапсырысымды алдым. Қалай пісіру керек, ол ярустарды қалай бекіту керек, әшекейлерін қалай жасау керек, осының барлығын интернеттен іздеп, ақпарат қарадым. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығуы үшін, қонақтарына ұнауы үшін бар ниетімді салып пісірдім, мен үшін өте жауапты қадам болды. Нәтижесінде торт клиенттеріме ұнады. Олар тойдан кейін хабарласып, торттың дәмді болғанын, қонақтардың көңілінен шыққанын, өздеріне жетпей қалғанын айтып, ризашылығын білдірді. Соңынан өздері үшін тапсырыс берді. Осыдан кейін жайлап тапсырыстар түсе бастады» – деп ең алғаш тапсырысы жайында толқи баяндады Гүлбаршын.
Сол жылдың қыркүйек айында Гүлбаршын осыған дейін қажет болған озық деңгейдегі кондитерлік өнімдерді дайындау бойынша шеберлік сағатына қатысады. Ал одан бұрын өтуге міндетті базалық деңгейдегі курсты өтпеген. Оларды үй жағдайында интернеттен, You tube желісінен ізденіп, қарап, үйреніп алыпты. Қазіргі уақытта аптасына 2-3 тортқа, тағы басқа кондитерлік өнімдерге тапсырыс қабылдайды. Күн сайын тапсырыс қабылдайтын уақыты да тапшы, өйткені 5 баласы мен ата-енесіне көңіл бөледі, үй шаруасын реттейді. Өмірінің барлық саласын тепе-тең ұстағысы келеді.
«Кейде аптасына 2-3 торт болады, кейде мүлдем болмауы мүмкін. Кей уақытта 20-30 шақты самсаға тапсырыс береді. Мысалы, биыл қаңтар-ақпан айларында тапсырыс өте көп болды, мен демалыссыз жұмыс жасадым. Бір айда 100 мың теңге табыс таптым. Сұранысқа қарай, тапсырыс бойынша тәттілердің барлық түрін пісіремін. Клиенттің көңілінен шығу үшін барымды салып жүрмін. Қазір бәрі тез дамитын заман, торт және торт өндіру саласында да неше түрлі жаңалықтар бар. Сол заман талабына сай болып, бірге алып жүру қажет. Карантинге байланысты оффлайн шеберлік сағаттарына қатысу, көршілес Ресей кондитерлерінің курстарына қатысу әзір мүмкін болмай отыр. Нарыққа жақсы өнім ұсыну үшін, өндіретін өнімің бәсекеге қабілетті болу үшін бастапқы жылдары өзің қосымша қаржы бөлмей іс дамымайды. Шығын болмай, кіріс болмайды деген аталарымыз. Тапсырыс тұрақты болуы үшін өнімдерді сататын орын ашу қажет. Осы үшін әрекеттеніп жатырмын, қазір. Жолдасым – ең басты қолдаушым десем болады. Менің осы бағытта дамуым үшін барлық жағынан қолдау көрсетуде. Шеберлік сағаттары, курстарға қатысу үшін, сонымен қатар тапсырыстарға қажетті шығындарымды қамтамасыз етіп отырады. Алаңсыз торт пісіру үшін, барлық жабдықтарым бір арнайы орында орналасуы үшін карантинге қарамастан үйіміздің ауласынан жазғы асхана салып берді. Биыл асханаға газ өткізуді жоспарлап отырмыз. Кеше ғана «Атамекен» ҰКП-нан мамандар хабарласып, қайтарымсыз грант алғаннан кейін әрі қарай бизнесіңізді дамыту ойыңызда бар ма деп сұрап жатыр. Егер ойым болса онда жеңілдікпен, аз пайызбен берілетін несие беру тізіміне енгізіп қояды екен. Әрине ойға алған дүниелер көп, тізімге енгізуге қуана келістім. Өйткені, болашақта кондитерлік өнімдер сататын дүңгіршек ашуды жоспарлаудамыз» – деп әр адамға тән даму жолындағы болашақ жоспарлары туралы да айта кетті Гүлбаршын.
Нарықтың қозғалтқышы жарнама. Кез-келген істі жүргізіп, алға жетелейтін, клиент әкелетін жақсы жарнама. Торт пісіру ісімен айналысуға бел буған соң жарнама жасау қажет. Осы жағын қалай реттедіңіз деген сұрағымызға Гүлбаршын: «Жарнаманы What’s App әлеуметтік желісінде жүргіздім, өзімде бар топтарға тараттым. Негізгі клиенттерім таныстарым мен достарым арқылы келуде. Және менің қонағым болған немесе туыстарыма пісірген торттардан дәм татқан адамдар. Ең басында пісірген торттарымды Instagram әлеуметтік желісіндегі өзімнің жеке парақшамда жариялап жүрдім. Уақыт өте келе осы желіде @Tatti_Desert_Uralsk атты парақша аштым. Оны да дамыту қажет, бір орында тұруға болмайды, жан-жақты оқу, өсу, даму керек. Сол үшін жақында тағы бір онлайн курсқа жазылдым, құны 45 000 теңге. Сонымен қатар, торт пісірудің қыр-сырынан бөлек, өнімді, тауарды жарнамалау үшін әлеуметтік желілерде жұмыс жасау мен жарнама жасауды да үйретеді екен. Мамырдың 20-да басталатын курсты асыға күтудемін».
«Көп балалы ана болуды жоспарламадым. Өзімнің отбасымда үш бала тәрбиелендік, екі інім басқа қалада. Оларды жылына бір рет қана көремін. Сол себептен көп балалы болған жақсы деп ойлаймын, қазір қуаныштымын. Балаларым 19, 16, 11, 5, 3 жаста. 5 балаға мемлекет тарапынан қарастырылған 58 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы аламын. Көп жағдайда балалардың қажеттіліктеріне жұмсаймын. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар санатына кірмеймін. Мектеп тарабынан киім, оқу құралдарын және тамақ береді. Ол үшін табысты растау қажет, құжат жинау керек. Биылға дейін алып келдім, осы жылы рәсімдемедім. Көп балалы ана мәртебесі белгіленген куәлігім бар. Бірақ, ол ешбір салада жеңілдік бермейді. Тек балабақша кезегін алатын кезде ғана ең алдымен әскерилер мен көп балалы аналарға кезек бірінші ашылады, бірақ оған да үлгеру екіталай. Өйткені, 4 баладан асқан кезде көп балалы болып есептеледі, ал қазір шүкір көп балалы отбасылардың қатары көбеюде. Ақтөбе, Алматы қалаларына қыдырып барған кезде балалар ойын-сауық орталықтарында көп балалы отбасылардың балаларына 50% жеңілдіктер бар екенін білдім. Тек осыны растайтын куәлігің болса болғаны. Осы ретте Орал қаласындағы кәсіпкерлерге де осындай жеңілдіктер енгізуді ұсыныс ретінде айта кеткім келеді. Көп балалы аналардың мәселесі көп.
Айтқым келгені, адамның барлығы жетістікті бола бермейді. Алған тәрбиесі, білімі, өмірлік тәжірибесі, біліктілігіне байланысты әр адам әртүрлі. Осыған байланысты, кейбір көп балалы отбасыларға шын мәнінде көмек қажет. Жағдайлар да түрлі болады, көп балалы отбасылардың ішінде бір немесе екі баласы мүгедек болуы мүмкін. Не ата-анасының білім алуға жағдайы болмай, тұрақты жұмысы болмауы мүмкін. Сол себептен мемлекет осы санаттағы отбасылар үшін қарастырған, қамтамасыз етіп отырған мүмкіндіктерді пайдалануға тырысу керек. Мысалы, менің балаларыма мектептен оқу құралын береді, біреу алмауы мүмкін, мен аламын. Өйткені, мектеп барлық көп балалы отбасыларға бірдей жоспарлап, тізім жасап, тең қарастырып, жеткізіп беріп отыр.
Сөз соңында оқу үшін қанша жасқа келсең де кеш емес деген Гүлбаршын, кондитерліктен бөлек шеберлік сағаттарына, курстарға қатысып, үнемі білім көкжиегін кеңейтуді дәстүрге айналдырғанын да айтты, Осылай Орал қаласындағы Отбасы орталығында тігіншілік ісін тегін үйрететінін біліп, курстан өткені. Әр әйелге тұрмыста қажетті қазақы нақыштағы оюларды тігу, көрпе, көпшік тігуді, қыз жасауын жасауды үйреніпті. Оралдағы жеке кәсіпкер көп балалы аналарға 50% жеңілдікпен шұжық дайындау курсын өткізетіні туралы естіп, бұл курсты да оқып алыпты. Гүлбаршынның өмірлік ұстанымы – тоқтамау не болса да алға жылжу, үнемі қозғалыста болу.
Өз тарапымыздан жоғарыда аталған және басқа да шараларды алу үшін аталған санаттағы азаматтар жеке басын куаландыратын құжатымен тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жолығуы немесе электронды үкіметтің e-gov порталы арқылы жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелуі тиіс екенін еске саламыз.
Альфия Шамай, Орал қаласы
Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.
Саламатсызба мен көп балалы анамын 6-балам мен жеке бизнес сауда сатықпен айналысқым келеді бизнес сауда алушының маған қаражат керек