2019 жылдан бастап көп балалы отбасыларды қолдау үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «бір терезе» қағидатымен ашылған орталықтар қызмет көрсетуде. Оны ішкі саясат басқармалары, жұмыспен қамту бөлімдері, облыстық әл ауқат басқармаларының тапсырысы негізінде үкіметтік емес ұйымдар жүргізеді.
Өткен жылы Қазақстанда осындай 31 орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істеді. Биыл да осынша орталық ашылуы мүмкін. Біз мемлекеттік сатып алулар порталынан 2021 жылы көп балалы отбасыларды қолдауға арналған орталық құруды көздеген 12 хабарландырумен таныстық.
Оларға тән ортақ сипаттама: көп балалы отбасыларға қайырымдылық, заңгерлік, психологиялық көмек көрсету. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру. Мамандық меңгертетін курстар ашу.
Дегенмен, әр облыста штат саны мен бөлінген қаржы көлемі әртүрлі. Кейбір орталықтар кеңсенің шаршы метрі мен құрал жабдық саны мен түрлеріне де талап қойған.
Мәселен Тараз қаласындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығында» ағылшын тілі оқытушысы, визажист, маникюрші мамандарды жұмысқа алу қажет деген талап қойылған. Олар отбасы мүшелеріне қандай қызмет көрсетеді, ашып жазылмаған. Тырнақ бояй ма, бетті әрлей ме? «Балалардың ағылшын тілі үйірмелеріне баруын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету» деген де талап жүр. Құзырлы орган қай министрліктің қызметін атқаруды көздеп отыр? Егер орталыққа бизнес тренер маманды жұмысқа алу керек деген талап қойса түсінікті болар еді. Олар отбасы мүшелеріне кәсіп ашу, бизнес жоспар жасауды үйретер еді. Неге тек қана визажист пен маникюр маман? Бұл лотта мемлекеттік орган техсипаттамаға белгілі бір ұйымның мүддесін көздейтін талап қосқан деп есептеймін. 8 адамды штатқа алу міндеттелген. Жарты жылға 9 млн теңге қаржы қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Бақытты отбасы» отбасыларын қолдауға арналған әлеуметтік орталықты» – дағдарыс орталығымен шатастырып алған. Бұл орталыққа мүгедек баласы бар отбасылармен де жұмыс жасау да міндеттелген. «18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасылар мен жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударған отбасыларға» қызмет көрсетілсін делінген. Кеңседе пандусы мен арбаларды пайдаланушылар үшін бейімделген санитарлық бөлме (дәретхана) болуы міндеттелген. Дағдарыс орталықтарына, мүгедектерге арналған жеке лоттар әр өңірде бар, оларға қаражат жеке қарастырылады. «Бақытты отбасы» тек көп балалы отбасыларға қызмет көрсетуге арналған жоба. 8 айға 13 млн теңге қарастырылған, штатта 12 адам болуы керек.
Қарағанды қаласы жұмыспен қамту бөлімі жариялаған «Көп балалы отбасыларды қолдау орталығы» жобасы 3 жылға арналған. Бұл дұрыс деп есептеймін! Себебі бір жылдық жоба әдетте тендер жарияланып, ол аяқталғанша жарты жыл өтеді. Келесі жылы да қайта тендер жарияланып, ол ойнатылғанша жарты жыл уақыт кетеді. Сонда халық толыққанды көмек ала алмайды, мекенжайлары мен жұмыс жүргізетін ұйымдары жыл сайын ауысады. Ал Қарағанды облысы Қазақстанда тұңғыш рет осындай орталықты үш жылдық мерзімге жариялады. Бұл бір ұйымның үш жыл бойы сол мәселеге терең зер салып, дәстүрлі түрде тұрақты жұмыс жасауына жол ашады. Жобаға үш жылға 39 млн теңге қарастырылған.
Қарағандыдағы орталықта 10 адамды жұмыспен қамту қажет делінгенмен, бөлінген қаржы жеткіліксіз, аз. «Бақытты отбасы» орталықтарының ішінде ең күрделі техникалық сипаттаманы осы Қарағанды қаласы жариялаған. Жобаны жүргізетін ұйымның сайты болуы міндеттелген. Сондай ақ, мүгедек балаларды реабилитациялауға біржолғы материалдық көмек көрсету деген талап қойылған. Бұл «Бақытты отбасы» жобасының сипаттамасына сай келмейтін талап. Себебі мүгедектер мен мүгедек балаларға арналған лоттар жеке жарияланады.
Әр өңір өздері өзгерістер қосып, орталықтардың жұмысын ауырлатуға тырысқан. «Бақытты отбасы» тек көп балалы отбасыларға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауды мақсат етуі тиіс. Ал мүгедек балаларды емдету, оған қаржы бөлу, қаржы іздеу – «Бақытты отбасы» жобасына міндеттелмеуі тиіс. Сондай ақ Қарағанды қаласының жұмыспен қамту бөлімі «Бақытты отбасы» орталығы басшысынан жоғары білім талап етпейді. Мұндай орталыққа басшылық ететін маманда жоғары білімі болуы тиіс! Себебі ол – қаншама мың отбасыға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірумен айналысады.
Алматы қаласында 7 «Бақытты отбасы» орталығы бар екен. Бөлінген қаржы әртүрлі болғанымен сипаттама бірдей. Жалпы алғанда Алматы қаласындағы орталықтың жобасы көңілге қонымды.
Жалпы алғанда «Бақытты отбасы» орталықтарының жобасы бірізділенуі тиіс. Себебі оған бюджеттен қаражат бөлінеді. Барлық өңірдің техникалық сипаттамалары талданып, орталық сипатына сай келмейтін талаптары алынып тасталғаны дұрыс деп есептеймін.
Өткен жылы жұмыс жасаған 31 орталықтың жұмысына талдау жүргізіп, қандай нәтижелерге жеткенін таразылау керек. Себебі Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бірнеше орталық болғанына қарамастан көп балалы аналар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсінбеу мәселесі өзекті күйінде қалуда.
Төменде біз сарапқа салған хабарландырулардың қаржылық көлемін ұсынып отырмыз.
Осы жерде айта кететін мәселе, Қарағанды қаласының “Бақытты отбасы” орталығына бөлінген қаржы үш жылды қамтиды. Демек, бір жылға он үш миллион теңгеден айналады деген сөз.
Ләззат Қожахметова,
“Талбесік” көп балалы аналар орталығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Қарағанды қаласы
Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.