//

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні: 3202 адамды атып тастаған

1891 рет қаралды
фото: astana.gov.kz

Бүгін мамырдың 31 күні, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Маған осы бір «қуғын-сүргін» деген атау сол бір совет заманында өмір сүрген  халқымыздың басынын кешірген  коммунистер тарапынан  халықты жаппай жою үшін әдейі атқарылған қасыретті, зұлматтарды, аярлықтарды, қанішерлікті жауыздық іс-қылмыстарын толығымен бере алмайды деп көремін.

«Қуғын-сүргін» атауы халықты сол дәуірдегі  қанды қол билік тарапынан жаппай құрту, айуандықпен жазалау, қинау қылмыстарын нақты айқындағаннан гөрі қуылған, айдалған, сүргінге ұшыратқан ұғымдарын ұшқары,  ат-үсті қана  береді. Шын мәнінде жоғарыда айтқанымдай халықты адам айтса нанғысыз қинау арқылы жаппай құрту қылмысы жасалғандығын айқын әшкерелей алмайды. Солай болса да осы күнді біз өткен ғасырда қазақ халқына қарсы бағытталған жойқын жалмауыздықты осы күні аса аза тұта отырып еске аламыз. Құрбандардың рухына бас иіп, тағзым етеміз.

Советтер Одағын тұтастай қамтыды деп аталатын сол алапат сталиндік қырғында қырғыздан 38, өзбектен 7, тәжіктен 2, адам атылғанда қазақтан 25000 асыл азаматының көзі жойылыпты. Мұнымен қоймай Сталиннің сол қылышты құрығы Қазақстан, Ресей, Қытай шекарасынан тысқары, Алтай тауының артқы бөктерінде, Моңғолия аумағындағы атамекенінде жатқан қазақтарға да жетіп, қырғидай тиіпті. Сол Алтай тауының арғы бетінде жатқан, Байөлгей аймағындағы ат төбеліндей, сол кездегі ұзын саны бар-жоғы 30 мыңнан сәл-пәл асатын қазақтың ат үстіндегі, сорпа бетіне шығарларынан дерек бойынша 3202 адамды ұстап, Қобда аймағының Қобда қаласының түрмесіне қамап, бар-жоғы бір айдың ішінде «тергеп», Жаматы тауының етегіндегі құмайтты шөлейтті аумаққа апарып атып тастаған екен.

Мына бір сурет сол құрбандардың қаны тамған, сүйегі жатыр-ау деген жерден әкелінген ескерткіш-топырақ.  Оны әкелген адам – сол  заманның куәгері Шудабайұлы Зайнолда. Сол кезде  он жеті жасар жігіт екен. Көзімен көргенін, ел адамдарының, аталары мен ағаларынынң қалай ұсталғанын, ауылдың қандай күй кешкенін, кімдердің бұл қанды әрекетке араласқанын кейін шынайылықпен баяндаған «Шерлі шежіре» атты дастан жазып қалдырды.  Зайнолда Шудабайұлы 1999 жылы Моңғолияға барып әкелген топырақты кейінгі ұрпақтары Сәтей Нұртазаұлының басшылығында Алматы облысы, Ескелді ауданы, Абай ауылының зиратына әкеліп қосып, басына ескерткіш құлпытас орнатып белгі қойып, зиярат жасайтын орынға айналдырды. Құрбандардың жандары жаннатта болсын, бұндай зор зұлымдық нәубат қазақ баласының басына қайтып ораламасын!

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар