///

Алладиннің сыйқырлы шамы: балалардың өздері сахналаған қойылым балаларға қуаныш сыйлады

4587 рет қаралды

1 маусым күні Орал қаласындағы«Алтын Орда» балалар және жасөспірімдер қоғамдық театры «Алладиннің сыйқырлы шамы» ертегісін сахналады. Ашылғанына бір жыл толмаған театрдың бұл екінші қойылымы, премьераға жиналған көрермендердің дені балалар, дегенмен ересектер де жоқ емес.

«2020 жылы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры қолға алынған болатын. Биыл 20 наурыз күні керемет тарихи күн болды десек болады. Жыл басы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай театрдың ашылуы өтті. Театр шымылдығы А.Атымтаеваның «Кiм патша?» музыкалық ертегісiмен ашылды. Жаңа театр қаладағы Гагарин кинотеатрының ғимаратында орналасқан. Бүгін мiне екiншi премьера, кiшкентай балғындарға мереке күні керемет сый болары анық» деді мерекелік қуанышын жасыра алмаған қойылым режиссері Самал Абуов.

Гагарин кинотеатрының фойесінде жиналған балалар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ, кішкентай балақайларды қарсы алып тұрған аниматорлармен бірге би билеп, ән салып, фотосуретке түсіп, премьераны асыға күтуде. Мерекеге орай премьераға кіру барлық көрермендер үшін тегін. Айта кететін жай, бұл күні көрермендердің басым бөлігі Орал қаласындағы Балалар ауылының тәрбиеленушілері екен. Сонымен қатар, екі күн бойы екі мезгіл, таңертегі 11.00 мен кешкі 19.00-де балалардың ертегі еліне саяхаттауға мүмкіндігі бар. 2 маусым күні таңерте қаланың әлеуметтік қорғау саласы қойылымды ерекше балалардың тамашалауын қамтамасыз етсе, 3 маусым күні Тасқала ауданы Ақтау ауылының орта мектеп оқушылары ертегіге сапар шегеді.

«Жұмысын биыл ақпан айынан бастаған театрға кастинг арқылы 60-қа жуық балалар қатысты, соның ішінен 40-тың үстінде өнерлі балаларды таңдап алдық. Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінiң «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының ерекшелігі, ол кез келген 5-16 жас аралығындағы балалар кәсіби мамандардан дәріс алып, сахнада өз өнерлерін шыңдай алады. Біздің мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді театр  өнеріне баулу. Маған театрдың режиссері болуға ұсыныс білдірген Орал қалалық мәдени ағарту бірлестігінің директоры Серiк Әнуарұлы: «Біраз жылғы театр саласындағы тәжірибеңіздi балалармен бөліссеңіз қалай болады» деген еді. Мен бірден келicтiм, себебі қойылым қойып, труппамен жұмыс жасау, өз актерлеріңді тауып, өзін түсiнетiн ортада шығармашылық қызмет ету, ол – әр режиссердың арманы» деген театр режиссері Самал Қадерұлы театрдың дүниеге келуі тек балалардың ғана емес, өзінің де арманын орындағанын жасыра алмады. Қойылымнан соң асыға фойеге шығып, кішкентай көрермендердің ертегіден алған әсерін білгім келді.

Балақайлар премьера туралы:

Ерсайын Азиз, 11 жаста, Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп оқушысы:

«Мықты болды, кейіпкерлердің ішінде маған Алладин ұнады, бірақ күлкілі болған кейіпкер ханның уәзірі болды». Осы кезде Азиздің сөзіне қасындағы балақай араласып: «Маған да қатты ұнаған ханның уәзірі, өте күлкілі болды. Олар кішкентай балалар, бірақ мұрттары бар, ол қалай?» деп қоштай түсе, сұраулы кейіппен қараған. Бұл – 9 жастағы Ерсайын Арслан болды.

Аян, жасы 9-да, №47 орта мектеп оқушысы:

«Маған шамнан шыққан жын мен Алладин ұнады. Бұрын мен Алладин туралы мультфильм көргенмін. Мультфильм де, қойылым да ұнайды» деп ойлайды болашақ сәулетші.

Кезек сахналанған ертегінің басты кейіпкерлеріне де келді. Жас сахна шеберлері тек Орал қаласынан емес, қалаға жақын орналасқан Тасқала, Бәйтерек, Теректі аудандарының орта мектептерінен де келіп қатысады екен. Олар үшін қойылымға дайындық жұмыстарының сенбі және жексенбі күндері өтетіні өте ыңғайлы. Қойылымға 11 актер қатысады, бірақ үйірмеге қатысатын барлық балаға рөл тең бөлінген. Яғни, әр күнгі қойылымда әр түрлі бала ойнайды. Ешбір баланың көңілі де қалмайды, сөйтіп театрға артылған жүкті бір адамдай көтеріп шығады.

Үлкен Алладдин рөліндегі Қуанышкереев Нұрсұлтан: «Орал қаласында тұрамын, №43 мектепте оқимын, қаламызда мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты орталықтар, коммьюнитилер бар. Мен екі жылдан бері «Бәйтерек» коммьюнити орталығына қатысып жүрмін. Осында «Алтын Орда» театрына кастинг болатынын естідім. 27 ақпан күні кастингке қатысып, Қайрат Рысқұлбековтың «Қабірден хат» деген монологын оқып, кастингтен өттім. Сахна өте киелі, сахнаға шығудың өзі мен үшін мәртебе. 2-ші сыныптан бері мәдени шараларға қатысып жүрмін. Өнер саласындағы тәжірибеме келетін болсам. Театрдың көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепбергенқызының қолдауымен Қазақ драма театрында «Алтын болашақ» өнер студиясы ашылған болатын. Ол студияда актерлық бөлім болды, сол жерден тәлім алып, сахнаға шыққан едім. «Алғашқы махаббат» қойылымында ойнадым, бұл қойылыммен сайысқа қатысып та үлгердік.  2017 жылы Ақтөбе қаласында «Alem Talant Stars» халықаралық байқауы болды. Сол байқауда біз жүлделі ІІ-ші орынды иелендік. 2017 жылдан бері продюсер Лариса Мақсатқызының қолдауымен «Мен де жұлдыз боламын» жобасы өтеді. Бұл жобада бас жүлде алған жеңімпаз Түркия еліндегі байқауға жолдама алады. Биыл мен осы жобаға көркемсөз жанры бойынша қатысып, үш кезеңнен мүдірмей өтіп, бас жүлде иегері атандым. Бұл 2021 жылы қол жеткізген ең үлкен жетістіктерімнің бірі деп есептеймін. Алла қосса жаз айларында Түркия еліне барып, Қазақстанның намысын қорғаймын. Қазір дайындық барысындамын. Барлық шығын ұйымдастырушылар тарапынан қаржыландырылады. Анам негізі менің стоматолог мамандығын игергенімді қалайды, ал отбасым жалпы қарсы емес, менің жетістіктерімді мақтан тұтады. Өзімнің қалауым – актер болу».

Уәзiрдің рөлін шебер сомадаған Ғабдысиық Саят  Маралұлы:

«Тасқала ауданының Ақтау ауылының орта мектебінде оқимын. Апта сайын сенбі, жексенбі күндері репетицияға келемін. Менің театрға келуім қызық болды. Әкем What’s App әлеуметтік желісінен статус қарап отырған. Сол кезде мен бір кісінің статусынан кастинг туралы көріп қалып, қуанып кеттім. Сол уақыттағы сезімімді жеткізе алмаймын, қатты барғым келіп кетті. Ішімде қорқыныш сезімі де болды. Түсе алмасам не істеймін, әкем босқа алып келді ме деген сұрақтар да болды. Бірақ кастингтен өттім. Мен театрға келгелі неше түрлі достар таптым, ұстаздардан білім алудамын. Менің арманым – жұлдыз болу. Театр саласында актер болу. Тасқала ауданының саз мектебіне баян және домбыра аспаптарының үйірмесіне қатысамын. Осыған дейін аудандық байқауларға қатыстым. Ата-анам мені қолдайды, менің дайындығымды қадағалап отырады. Бұл – менің болашақ кәсібім екеніне олар да сенеді. Жазғы каникул уақытында баян, домбыра аспаптарында ойнаймын, ән саламын. Маған мультфильм не фильмнен көрі театр ұнайды. Театр – тірілей, ерекше көрініс».

Ханның қызы Мәликенің рөліндегі Беккалиева Айнара:

«Жасым 16-да, бұрынғы «Үміт» гимназиясы, қазіргі облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында оқимын. Орал қаласында тұрамын. Кастинг туралы қазақ тілі және әдебиеті пәнінен беретін ұстазым айтты. Кастингте Әбіш Кекілбаевтың «Құс қанаты» шығармасынан үзінді «Ана монологын» оқыдым. Қойылымға дайындық кезінде қиындықтар болады әрине, бірақ маған ұнайды. Кейде дауысымыз келмей жатады, ондай кезде жаттығулар арқылы мәселені шешуге тырысамыз. Жалпы адам қандай қиындықты да жеңе білу керек деп ойлаймын. 6-шы сыныпқа дейін қобыз мектебіне бардым, алайда ешқандай байқауға қатыспадым. Тек өзім үшін үйрендім. Мәнерлеп оқумен 2019 жылы Орал қаласында Тәуелсіздік мерекесіне орай байқауға қатысып бас жүлде алдым, осы жылы Ақтөбе қаласында Мұқағали оқуларына қатыстым. Әкем менің өнер саласына қызығушылығыма қарсы емес, анамда аз-маз қарсылық, үрей, қорқыныш бар. Ол қыз бала үшін ауыр жүк, ауыр жол деп есептейді».

Шамнан шыққан Тюльтан рөлін ойнаған Қожағұл Даурен:

«Жасым 13-те, ҚазИИТУ ақпараттық технологиялар IT лицей мектебінің 2-курс студентімін. Менің рөлім өзіме ұнайды, бізге рөлдерді таңдауға бергенде, өзім таңдап алғанмын. Ағам таныстарынан кастинг туралы естіп, маған айтты. Кастингке костюм киіп, дайындалып бардым. Мұқағали Мақатаевтың өлеңін мәнерлеп оқыдым. Содан соң қалаған бір образыңды қой деді. Бұрын мен Н.Островский атындағы театрда писарь рөлін ойнаған едім. Сол рөлді ойнап бердім. Кастингтің нәтижесін айтқан кезде, түрім тас болды, бірақ жаман қатты қуандым. Ата-анам қуанышпен қарайды, барлығы танымал актер болғанымды қалайды, мені қолдайды. Менде танымал актер болуды армандаймын, әлемдік деңгейде ойнағым келеді. Театрдан көп достар таптым, біз бәріміз бірге дайындаламыз. Бұл жердегі достарым нағыз шынайы достар. Біз мұнда театр, рөл, сахна үшін емес, өзіміз үшін келеміз. Көрерменге өз деңгейімізді көрсетуге тырысамыз. Осыған дейін мен Н.Островский атындағы орыс драма театрында ойнағанмын, мәнерлеп оқу және робототехника байқауларына қатысқанмын. Робототехника саласы мен үшін – хобби, мен одан рахат аламын. Актерлықты болашақ кәсіп ретінде қарастырамын».

Алмаз ханды сомдаған Нуфтыгалиев Арсен Ерболұлы: «17-демін, Құрманғазы атындағы саз колледжінің 2 курсында режиссер мамандығын оқимын. Сабақ онлайн болғандықтан мен үнемі Қазақ драма театрының және театр актерлерінің парақшаларын қарап, бақылап отыратынмын. Осындай бір күні режиссеріміз Самал Абуовтың парақшасынан кастинг туралы хабарламаны байқадым. Өтініш жіберіп, бағымды сынадым. Қазір бәрі онлайн, ал мұнда мен өзімді жеке дамытудамын. Оқуымды аяқтаған соң, Алматы қаласына жоғарғы оқу орнына түсіп, білім алып, кәсіби актер болғым келеді. Мен театрда өнердегі тағы бір ортамды таптым, жан-жақты даму үстіндемін. Сонымен бірге, театр актерлерімен танысып, олардың тәлімін алудамын, кәсіби актерлермен өзара байланыс, осы процесс маған ұнайды. Драма театрында барлығы көрерменнің көз алдында, шынайы ойналады. Өнердің барлық түрін құрметтеймін, бірақ драма театрына деген құрметім ерекше. Сан түрлі мамандық бар, ал мен өзімді осы театрдан ғана көремін. Ата-анам да маған шектеу қоймайды, егер шын таңдауың, қалауың өнер болса, бағыңды сына. Егер сен жетістікке жетсең, біз де қуаныштымыз деп батасын берген».

Осылайша, балаларды қорғау күні керемет премьера қойып, көрермендерін қуанышқа бөлеген жас актерлер өз арман, мақсаттары жайында да сыр шертті.

Театрдың көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепбергенқызының айтуынша: «Ертең басқа балалар ойнайды, жалпы 40 бала тәрбиеленуде, рөлдерді олардың барлығына тең бөлуге тырысамыз. Күн сайын түрлі құрам ойнайды. Премьераға дайындық барысында жыладық та, күлдік те, неше түрлі қызықтар да болды. Ең алдымен балалар сөзін жаттап үлгере ме деп қобалжимыз, содан кейін осы сахнадағы декорацияны ойлаймыз, жарығы мен музыкасы бар. Балаларды рөлге бекіту де бір қызық процесс. Бұл премьера балалар мен біздің маңдай терімізбен келген еңбек. Карантинге байланысты шектеулер бар, сондықтан жарнама жасай алмаймыз. Алдын-ала мекемелер хабарласып тапсырыс береді, негізгі көрермендерді мекемелер жолдайды. Театр әу-бастан қаламыздың әкімі Абат Абайұлының бастауымен, мәдени-ағарту бірлестігі Серік Тоқмамбетовтың қолдауымен, идеясымен ашылды. Мәдениет басқармасына қарастымыз. Өңір басшылығынан, облыс пен қаланың мәдениет саласынан жан-жақты қолдау болғанына біз өте қуаныштымыз».

Театр жас, буыны қатпаған, алайда жетістіктерін премьера барысында көрсетті, болашаққа жоспарлары зор. Ең бастысы ХХІ ғасырдың балалары смартфондар мен гаджеттерге тәуелді, басқа қызығушылықтары жоқ деген стереотипті жоққа шығара алды. Асқақ армандарың алдамасын, мақсатқа жетер жолда қанаттарың талмасын, алар асуларың биік болсын, жас актерлер!

Альфия Шамай, Орал, БҚО

 (Фотолар фотограф Виктор Предыбайлодан)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар