Елімізде тағдыр тауқыметіне түсіп, мүгедек болып қалған жандар өте көп.
Мемлекет мүмкіндігі шектеулі балалардың бәріне жеткілікті көмек көрсетіп отыр ма?
Ауылдық жерде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?
Осы орайда ерекше бала тәрбиелеп отырған Салтанаттың айтқанын тыңдап көрген едік:
– Төрт балам бар. Төртінші балам Айзере ерекше күтімді қажет ететіндіктен, үйде жұмыссыз отырмын. Жолдасым да 3-дәрежелі мүгедек болғандықтан көп жұмыстарға жарамайды. Айлығы аз жеңіл жұмыстар істейді. Осы төрт балаға берілетін жәрдемақымен күн көрісімізді ажыратып отырмыз. Ташкентте жақсы бір дәрігер тапқанбыз. Айзеренің өзіне төленетін жәрдемақысын жинап, үш ай сайын сол жақтан ем алып қайтамыз. Айтарлықтай көп көмегі тиіп жатыр. Қызымның аяқ қолы сау,оған арнайы арба қажет емес. Тек ары-бері жүргенде салып алатын, үлкенірек арба ала алмай жүрмін.
Біз бүгін Салтанатпен бірге Айзере ем алып жүрген Алматы облысы, Іле ауданындағы арнайы дамыту орталығына барып қайттық.
Қымбатшылық орнаған қазіргі таңда мемлекет тарапынан бөлініп отырған жәрдемақы отбасының күн көрісіне жете бермейді. Ал ерекше бала күтімімен жұмыссыз отырған жалғыз басты аналар қаншама? Себебі бұндай қиындықты әкелер көбіне көтере алмайды,деген Ләззат Қожахмет өз пікірінде:
– Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасында ажырасу өте көп. Ал аналары жұмыс істей алмайды,баласына күтім керек. Сондықтан табысы да төмен болады. Бірақ олар әлеуметтік жағынан көп қорғалмаған. Мәселен үй кезегіне тұрады, ол кезек ешқашан келмейді. Өйткені жалпы кезекке тұрғызады.10-15 жыл тұра береді.Олар арзан пайызды “Бақытты отбасы”,”Шаңырақ”деген ипотеканы ала алмайды. Табыстары жоқ,жұмыс істемегендіктен зейнетақы жарнасына да салынбайды. Сондықтан баспаналы болуы да өте қиын. Бұл балаларға барлық жағдай жасалу керек. Өзі аз ғұмырында ауыр науқаспен ауыратын балалардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасау керек деп ойлаймын.
Ал Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Сафарова Мақсат Мұқтарханқызы:
– Қазір аудан бойынша реабилитациялық орталық үкіметтік емес ұйымдар арқылы ашылып отыр. 2019 жылдан бері 25 бала қамтиды. Одан басқа коррекциялық кабинет бар. Ол жерге 120 бала барады. Жалпы Іле ауданы қалаға жақын болғандықтан кейбірі Алматы қаласына да барады. Біздің Іле ауданында дефектолог, психолог, ЛФК, массаж т.б мамандар қызмет көрсетеді. Жақсы нәтижелер бар. Балалар бір жыл бойы тегін барады. Тасымалдау ата-аналарға қолайлы, өздері алып келеді. Қоғамдық көліктер де көп. Іле ауданы бойынша 10 ауылдық округі бар. Сол ауылдарда әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жасайды. Баланы есепке алып, мүгедектік сараптамадан өткізіп, ата-аналармен кездесіп кеңестерін беріп, жеке 16 бағдарламада көрсетілген бүкіл іс-шараларды іске асыруға көмектеседі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік төлемдер 2021 жылы төмендегідей көлемде бекітілген (0-16 жастағы балалар үшін):
- І топтағы мүгедек балалар үшін – күнкөріс минимумының 1,92-ы немесе 65 860 теңге;
- ІІ топтағы мүгедек балалар үшін – күнкөріс минимумының 1,59-ы немесе 54 541 теңге;
- ІІІ топтағы мүгедек балалар үшін – күнкөріс минимумының 1,4-і немесе 48 023 теңге.
Бұл үшін республикалық бюджеттен 2021-2023 жылдары қосымша 11,97 млрд теңге қарастырылған. (дереккөз zakon.kz)
Қазақстанда қазіргі сәтте 92 мың мүмкіндігі шектеулі бала өмір сүреді. Олардың 29,7 мыңы жеті жасқа дейінгі балалар, 53,8 мыңы жетіден 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер болса, 9,1 мыңы – 16-дан 18-ге дейінгі жеткіншектер.
Әлия Әбілсейітқызы, Алматы облысы (мәтін)
Айғаным Айтақын (видео)
Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.
Парақшамызға жазылыңыз