///

Баға қайда барасың?

3596 рет қаралды

 Елдегі көкөністер, соның ішінде картоп пен сәбіз бағасының қымбаттауына байланысты Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы «Алтай-1» шағын ауданында орналасқан жеміс-жидек пен көкөністер сататын дүңгіршектерге бас сұғып, тауарлардың бағасын біліп, саудагерлермен аз-кем әңгімелескен едік.

Елена, сатушы:

– Картоп пен сәбіздің бағасы қымбаттағалы бері сатып алушылар маған келіп шағымдануды шығарды. Бірақ бағаны мен қоймаймын ғой. Біз делдалдардан сатып алған көкөністерімізді сатамыз. Бағаның қымбаттап кетуіне біз кінәлі емеспіз. Біз солар қойған бағаға сатып алып, сатамыз. Бізге картопты Қордайдан дүнгендер алып келеді. Соңғы рет картопты келісін 270 теңгеден алып, 285 теңгеден саттық. Сәбізді 435 теңгеден алып, 450 теңгеден сатамыз. Ресейде де, Павлодарда да сәбіз қымбат боп жатыр. Сәбіз емес, алтын әкеліп жатқандай тым қымбаттатып жіберді. Негізі биыл көкөністердің бағасы қымбаттап кетті. Біз ары кетсе 30 теңгеден қосамыз, онсыз тағы болмайды, көкөніс сатып, күн көріп отырмыз. Қол астымда саудагерлерім, жүк тасығыштар бар, солардың айлығын беруім керек, дүңгіршекті жалға алып отырмыз, соның ақшасын шығаруым керек.

Әділжан, сатушы:

– Міне бір апта бұрын сәбіз төрт жүз теңгенің көлемінде болса, қазір бізге бес жүз теңгеден әкеліп жатыр. Біз үстіне 30 теңге қосып, 530 теңгеден сатып жатырмыз. Қызылша да қымбаттап кетті. Бірер апта бұрын 350 теңгеден алып, сатып жүр едік. Қазір оның бағасы 450 теңге болып тұр. Біз 480 теңгеден сатып жатырмыз. Картопты осыған дейін 300 теңгеден алып, сол бағаға сатып келгем, бірақ кешелі-бері сәл арзандап, 270 теңгеден сатып алдық. Болгар бұрышы сәл арзандады. 500 теңгеден алатын едік, бүгін 400 теңгеге келді. Қапшағайдан келетін қызанақтың да бағасы құбылып тұр, бір күні 450 теңгеден келсе, бір күні 400, келесі күні тіпті 500 теңгеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін.

Бұл шағын ауданда бір базар және көкөніс сататын 3 дүңгіршек бар. Бірақ бір-бірінен 200-300 метр арақашықтықта орналасқан әр дүңгіршекте баға әр түрлі. Бірінде сәл арзандау болса, бірінде көкөніс те, жеміс те қымбатырақ сатылып жатыр.

Әсел, «Алтай-1» шағын ауданының тұрғыны:

– Мен күнделікті азық-түлікті жақын маңда орналасқан дүкендерден аламын. Үйде кішкентай баламен отырғандықтан, «Алтын орда», «Көкбазар» сынды базарларға баруға мүмкіндігім жоқ. Баға күн өткен сайын қымбаттап барады. Басқа қымбаттаса да, елімізде өндірілетін өнімдер қымбаттамауы керек еді. Айлық 200 мыңның үстінде болса, ренжімес едік, бірақ тауар қымбаттағанмен, айлық сол қалпы қалып отыр. Бүгін сәбізді келісін 480 теңгеге сатып алдым, сәбіз өзімізде де өседі ғой, мына баға деген сұмдық.

Ауыл шаруашылығы министрі картоп пен сәбіз бағасын делдалдардың қымбаттатып отырғанын, енді біртіндеп арзандай түсетінін мәлімдеді.

Аида Тақабаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар