“Мінбер” ақпарат агенттігі мен “Талбесік” көп балалы аналар одағының бірлескен кезекті эфирі “Тұрмыстық зорлық-зомбылық” туралы заң жобасының кемшіліктері мен артықшылықтарын талқылауға арналды.
Эфир қонақтары:
Қалижанова Гүлвира – ШҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау бөлімшесінің аға инспекторы;
Нускенова Асем – ШҚО Білім басқармасының тұлғаны рухани-адамгершілік дамыту және тәрбие жұмысы бойынша бөлім басшысы
Ақтанжанова Жұлдыз – Шығыс Қазақстан облыстық Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің төрайымы;
Салтанат Кеңесбекова “Шаңырақ” көп балалы отбасыларды қолдау орталығының психологы;
Айгүл Орынбек заңгер;
Гульжамал Бершимбекова дағдарыс орталығының өкілі және отбасылық зорлыққа ұшыраған ана.
Эфирді “Мінбер” сайтының контент редакторы Риза Исаева жүргізді.
Эфирде талқыланған мәселе қазіргі қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылық және осы зорлық зомбылықтың алдын алу шаралары, күресу алгоритмдері.
Президент жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, заңгер Айгүл Орынбек аталған заңның тек орысша нұсқасы жазылғандығын, сол себепті қазақтілді орта оны талқылауға қатыса алмай отырғандығын айтты. Демек, заң қабылданбас бұрын оның қазақ тіліндегі нұсқасы былайғы көпшілікке таныстырылуы және талқылануы керек. Егер, заң жобасының қазақ тіліндегі нұсқасы болмаса, оны көпшіліктің талқылағаны да бекер.
Шығыс Қазақстан облыстық Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің төрайымы Жұлдыз Ақтанжанова ханым заң жобасының қазақша жазылғанын былай қойғанда, қазақ тілінде қарапайым отбасылардың зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда қайда баратыны, кімнен көмек сұрайтыны туралы ақпарат жоқтың қасы дейді:
– Тек 102-ге қоңырау шал деген ақпараттарды көреміз. Алайда ол жеткіліксіз. Мына көрші Ресейдің өзінде сізге зорлық-зомбылық көрсететін адамның кім екенін анықтаудан бастап, барлық алгоритмдер жазылған. Егер, ол адам маскүнем болса, күнде жанжал шығаратын болса, ол сіздің күйеуіңіз немесе балаларыныздың әкесі емес. Ол сіздің өміріңізге қауіп төндіретін адам деген анықтаманы көрген кезде, сіздің санаңыз мүлдем төңкеріліп түседі. Мәселеге де басқаша қарай бастайсыз. Ал бізде ол адамды бірінші ең жақыныңдай қабылдайсың. Сосын бәрін ашып айтуға дәтің бармайды. Оның соңы трагедиямен аяқталуы әбден мүмкін, – дейді ол.
Сондай-ақ, бұл заң жобасында ана мен баланы нақты қорғауға қатысты баптары жоқтың қасы көрінеді.
“Шаңырақ” көп балалы отбасыларды қолдау орталығының психологы Салтанат Кеңесбекова қазіргі таңда отбасында жұдырық жұмсау мәселесі азайғанымен, психологиялық қысым азаймай отыр дейді. Әрі дәл осы психологиялық қысым дәлелдеуі қиын процесс екен. Сотта бұны дәлелдеп шығу қиын дейді.
Отбасылық зорлыққа ұшыраған Әсем Қалиева күйеуінен ажыраса алмай жүргендігін айтады. Оған кеңес берген Айгүл Орынбек күйеуі рұқсат бермесе де, оның зорлық-зомбылыққа ұшырағанын дәлелдейтін құжаттарымен-ақ ажырасып кете беретіндігін айтады.
Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.
Парақшамызға жазылыңыз