///

Даудың басы аш қалған Дайрабайдың көк сиыры. Алматы облысы Ескелді ауданының Қайнарлы ауылында жұрт жайылым үшін дауласып жүр

5446 рет қаралды
1

Қазақ үшін жер дауы мен жесір дауы- ежелден келе жатқан мәселе. Шетелдіктерге жеріміз сатылмасын деп әуре болып жүргенде, іштегі болып жатқан төңкерісті байқамай жатқанымыз бар. Өз ішіміздегі болып жатқан дауды кім шешпек? Даудың басы аш қалған көк сиыр. Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қайнарлы ауылының мәселесі де осы. Ауыл тұрғындарын ашындырып, алаңға айғайлап шығуына не себеп? Отбасын асырап отырған малдарының аштығы ма? Әлде шайға қатым сүт беруден қалған, азып тозған көк сиыр ма?

16-17 маусым күндері, Қайнарлы ауылының тұрғындары әкімшілік алдына келіп, наразылықтарын білдірді. . Ауыл ішінде резонанс тудырған мәселе – жер дауы. Бейбіт заманда ауылда аласапыран тудырған мәселенің жай жапсарын білу үшін “Мінбер” сайтының тілшісі Қайнарлы ауылына аттанды. Ауыл тұрғындарының айтары бар.

Қайнарлы ауылының тұрғыны, Санат мырза:

«Мен Қайнарлы ауылының тұрғынымын, менің айтайын дегенім жер мен пай мәселесі. Менің көшіп келгеніме 4 жыл. 5 миллион теңгеге 3 үйді орнымен, пайымен сатып алғанмын   Бірінші жылы Черкашина Зинаида «сен сатып алыпсың жерді, пайың бізде» деп маған тиесілі шөп пен арпаны берді. 3 пайға  3 тонна арпа, 390 түк шөп береді негізі 1 жылға. Бір рет қана берді, ал келесі жылы Черкашина Зинаиданың ұлы келіп енді маған пай берілмейтінін айтты. Себебі бұл кісілер документ жасап алған екен. Қазір Қайнарлы ауылының шетіндегі жазық даланың бәрін өзі иемденіп алған. Не малды, не адамды аттатпайды. Мал түссе штраф салады. Адамдардың бәрін малын жаятын жер таппай, ақша төлеп жайлауға жіберуге мәжбүр. Қос сиыр алып, ауылда кәсібіңді дөңгелет деген Елбасының тапсырмасы ше? Неше сиыр бағып отырса да сүтке жарымай отырған халық ашынбағанда қайтеді?» дейді  Санат мырза.

«Мен мал шаруашылығымен айналысамын. Ұсақ қой, ешкі бағып, өсіріп, көбейтемін. Бұрындары мүмкіндігіміз бар еді. Себебі жайылым жер болған. Қазір қаша сыртынан екі қадам сыртқа шығара алмаймыз. Черкашина Зинаиданың жеріне түссе малымызды қамап алады. Қазір менің малым жайлауда. Өлместің күні әйтеуір. Мына тұрған жайлаудан малды ауыл ішімен емес, айналып айдаламен әкелеміз. Себебі ауыл шетіндегі шалғынды жер Зинаиданікі. Әкелгенше 3 күн 3 түн жүреміз. Осы жылы ондаған төлім қырылып қалды. Жолда жаңбыр,нөсер, дауыл болады. Суға ағып кетеді. Шығынның орнын қайта толтыру мүмкін емес. Ашынып ауыл әкімінің орынбасары Бағлан ағаға бардық. Ол кісі қолдан келер қайран жоқ, қазір жайлау жеке меншікке өтіп кетті деді. Негізі бізге жыл сайын қаулы шығарып беретін аудан әкімдігінде. Халық мұқтаждығы үшін деп 2213 гектар беретін қаулымен, қазір шынымен жеке меншікке өтіпті. Халықты кім ойлайды сонда?» дейді ауыл тұрғыны Шалқар Бекен.

«Черкашина Зинаида ауылдастарына түсіністікпен қараса дейміз. Бос тұрған сай-салаға малды жаюға рұқсат берсе, байқаусызда оның жеріне мал түсіп кеткенде бас салып қорасына қамап тастамаса, қамап тастаған малы үшін ақша сұрамаса дейміз. Ауыл тұрғындары онсызда сол бес ешкі, екі сиырымен күн көріп отыр. Оны тартап алса аштан қырылып қалмай ма?» – дейді Ержан Жанажыл.

Ауыл тұрғындары ашындырған  Черкашина Зинаида ханыммен тілдесуге “Мінбер” сайтының тілшісі Қайнарлы ауылының шеткерінде орналасқан 3 қабатты зәулім сарайға аттанды.

Үй иесін үйінен таппай, ауыл ішінен таптық. Зинаида ханым біраз ашулы болғанымен, сұхбат беруге келісті.  Шағын сұхбатты  назарларыңызға ұсынамыз.

– Құрметті Зинаида ханым, ауыл тұрғындары неліктен дау тудырып жатыр. Сол жайында бір-екі ауыз айтып беріңізші.

– Менің осы Қайнарлы ауылына еңбегім сіңгелі қаншама жыл болды. Еңбегіміз сіңіп, өзіміз лайықты болғандықтан бізге 1995  жылы пайдалануға жер берілді. Әрине таза еңбекпен келгендіктен біз әр топырақтың қадірін білеміз. Және қалай пайланатынымызды өзіміз білеміз. Мен не істейтінімді өзім шешемін. Ақылдасу керек болса, пай үлескерлері бар. Жиналыс кезінде ақылдасып, өзіміз шешеміз. Бірақ мен бұл шаруаның бәрін олар малын бақсын деп егіп, өсіріп отырған жоқпын. Ертең мен бидай өсірмесем ұнды қайдан алады? Солардың малы жесін деп біз аш отырамыз ба?

– Қанша пай үлескерлеріңіз бар?

– Жүзден асады. Бәрі осы ауылдың адамдары.

– Пай үлескерлеріне жыл сайынғы тиесілі өнімдерін толықтай бересіз ба?

– Әрине. Көмір десе көмір, шөп десе шөп, арпа, жем десе онысын да жеткізіп беремін.

– Сіздің тұтынушыларыңыз тек осы аймақ па?

– Жоқ. Алматыға дейін жеткізіп жүрміз.

– Өнімдерге бағаны өзіңіз қоясыз ба?

– Енді кім қояды? Өз өнімім болғандықтан қанша қою керегін өзім шешемін. Бірақ аспаннан алмаймын әрине. Бірақ өкінішке орай 1 бума шөпті менен 400 теңгеден сатып алып, 800 теңгеге сататындар бар. Әрине осыдан кейін кейбіріне шөп сатудан бас тарттым.

(Зинаида ханым асығып тұрғандықтан сұхбат толықтай алынбады)

Ресми ақпаратты білу үшін Ескелді ауданы әкімдігіне ресми хат жолдадық.

«Ескелді ауданына қарасты Қайнарлы ауылдық округінде өткен жиынға қатысты келесі ақпаратты жолдаймыз.

2021 жылдың 17 маусым күні Қайнарлы ауылындағы мәдениет үйінің ауласында ауыл тұрғындарымен жиын өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихатының хатшысы, ауыл әкімі, аудандық жер қатынастар бөлімі және аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында ауыл тұрғындары жайылым жердің тапшылығы және өзге де жайылым жер мәселесі жөнінде талқылап, аудан басшыларына жеткізді.

Алдағы күндері аралығында арнайы комиссия ауылдағы тұрғындардың шағым ұсыныстарын қарайды» дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Б. Тулакбаев.

Арайлым Нұржанқызы, 

Алматы облысы, Ескелді ауданы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар