///

Біз бірде-бір бөтен ұлт баласын бауырға баса алмадық         

1822 рет қаралды
3
фото: Qmonitor

Қазаққа қазақтың баласы ортақ. Бәріміз «бір атаның баласымыз».  Бір отанда өмір сүріп, бір қазаннан ас ішіп, ауасымен тыныстап отырғаннан кейін тағдырымыз да, талайымыз да сол отанның тыныс-тіршілігіне тікелей тәуелді. Отан деген Ұлы Анаға кіндігімізден байлаулымыз. Демек, бір атаның баласы дегеніміз сол. Ендеше, Отан қуатты болса онда өмір сүріп отырған халық та қуатты. Ал халықтың қуаты бірлігінде, біртұтастыққа бағытталған ұлттық идеяға мойын ұсынып,  жұдырықтай жұмылуында.

БІРТҰТАСТЫҚҚА ҮГІТТЕЙТІН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҚАЛЫПТАСПАДЫ

Бірақ, бізде сол біртұтастыққа үгіттейтін, тәрбиелейтін ұлттық идеология жоқтың қасы. Іс мемлекеттік деңгейде де, ел ішінде де кереғар жүргізіліп жатыр. Мәселен,  мемлекет тұтас бір халықты Қазақстан халқын ішінен 130 ұлт-ұлысқа бөліп тастады. Ал ел арасында бір атаның балаларын сен анаусың, сен мынаусың деп жіктеп жатамыз.  Мұндай оғаштық  әсіресе бір шығармашыл адамның кәсіп немесе мамандығына орай өмірдің қандай бір саласында жеткен жетісітігіне тоқталғанда ерекше байқалады. Әуелі  оның түп-тұқиянын қазбалап, тегін өтірік-шынды тектеп,  туып-өскен жеріне, қайдан келіп, қайдан тұрғанына көпшіліктің көңілін аударамыз. Егер ол жат жұрттық болса, не басқа шет елден келген болса, құдайыма құдайым, жерден алтын тапқандай тап сол жеріне кенедей қадаламыз. Оның шашының сарысын, бетінің сопақтығына, мұрнының қоңқақтығына, көзінің көк, қиығының қисық екеніне дейін тәмпіштейміз. Көпшіліктің, қауымның (оқырман, тыңдаушы, көрермен) көңіліне бөтен ой сап қоямыз. Өзіміздің ішімізде қалыптасқан  тән меншік қыңыр пікірімізді сыртқы біреудің қабылдауын мәжбүрлейміз. «Адамның  тіліне аспандағы бұлт та азады».  Құлағына құя бергеннен кейін қандай да болсын адамның көңілінде “е, мынау, бөтен, жат адам екен ғой» деген жасырын, жарыққа шықпайтын салқын сезім пайда болады. Жаңағы салқын сезім құрты өсіп-көктеп адамдарды өзара ынтымақтастырғаннан гөрі ыдырауға жұмыс жасайды. Кіріктіріп, біріктіруден гөрі жыртылып айырылуға, жырылып жарылуға ықпал етеді. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ халқының өзінің ішіне енген қандайда болмасын ру, ұлыстың баласын бір-біріне бауырластыру, бір атаның баласындай етіп тәрбиелеудегі қабылетіне қайран қалмасқа болмайды. Осы бір халықтың озық методикасының қайнар көзі кейінгі ғасырларда, әсіресе кеңестік дәуірде  тым тартылып, сарқылып  бітелуге шақ қалғаны байқалады.

Біздің Қазақ деген ұлтымыз  рулар мен тайпалардан, хандықтар мен қағанаттардың қалың бұқарасынан құралып халық болып қалыптасып, прогессивті дұрыс дамудың арқасында бір атаның баласындай ұйысып ұлыс, ұлтқа айналған ел емеспіз бе. Соның нәтижесінде бір аумақты мекен етіп, бір тілде сөйлеп, бір дінді ұстанып дәулеті тасқан, сәулеті асқан, күші мықты, құдыретті ел болмадық па?! Ал қазақ қалай ру, ұлысты былай қойғанда жалғыз-жарым  жеке адамдардың өзіне сіңістіру, бауырға басу байырғы алдарақ ата дәстүр-салтынан ажырай бастады, солай ұлттың ұйысу процесі жүргізілмей қалды.  Ру, ұлыстардың бір-біріне араласуы, өзара мәдениет алмасуы, бірі екіншісіне сіңісуі табиғи эволиюциялық жолмен жүргізілгенде ғана оң нәтиже көрсететін және халықтың демографиясына да мейілінше ықпал ететін үдеріс еді.  Осыны жете түсінбегендіктен  өмірде мүлдем қарама-қайшы жағдайлар орын алды.

ЕЛІМІЗДЕ  АССИМИЛИЯЦИЯЛЫҚ ПРОЦЕСС  МҮЛДЕМ ЖҮРГІЗІЛМЕЙ ҚАЛҒАН

Бұл отанымызға оралып жатқан қандастарымыздың, осында тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің ішімізге балдай батып, судай сіңісіп кетуіне кедергі келтіріп отырған басты психологиялық фактор деп есептеймін. Үнемі «сен пәленпайсың, сен жатсың» деп еміс-еміс есіне салып отырғаннан кейін ол адам қалай сіңіседі.  Елімізде  ассимилияциялық процесс  мүлдем жүргізілмей қалған. Оралмандар қандық жақындықтың күштілігінің арқасында ұрпақтардың өзара бірін-бірі жатсынбаудан жергілікті тұрғындардың ішіне сіңісу үдерісі ағыммен, өз еркімен жүріліп жатыр. Ал басқа ұлт өкілдері үшін мұндай процес мүлдемге жоқ деуге болады. Оларды бауырға тартудың орнына, кеңестік кеудемсоқтықпен кеудесінен кері итереміз.

Кешегі отанға оралып жатқан оралмандар мен өзге ұлттың жаңа өкілдерін  сөз етпей қоя тұрғанның өзінде пәленбай жыл, түгенпай ғасыр болған, баяғыда қазақ болып кеткен ру, ұлыстардың тегін қазып, запы қылғандығымыздың салдарынан кейібеулері қолдарына қалам алып, «мен қазақпын» деп түрлі ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді шуылдатты. Ал біз болсақ жартымсыз жазбаларға қол соғып, жазғандарды қойт-қойттап мәз боламыз. Бұны реттейтін, бір бірлікке жұмылдыруға міндетті билік тарапы миығынан күліп отыратын сыңайлы, үн қатпайды. Осыны көргенде өзіңе өзің «не деген сорлы халық едік» демеске лажың болмайды. Бұл тұрғыда орыс ұлтының озық екені шынымен де үлгі аларлық.  Мысалы, А.С.Пушкинді «орыс емессің, арапсың, эпиофсың» деп шеттетіп жатқан бір орысты көрдік пе? Есесіне орыстың Ұлы Ақыны дәрежесіне көтеріп, әлемге әйгілеп, ту тұтып отыр. Орысша ойлап, орыс тілінде туындыларын тудырғаны үшін Олжастың (Сүлейменов) өзін ХХ ғасырдағы орыс көркем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қатарына қосып алыпты. Осыны ойлағанда мынау Ақсұңқар баласы Серікке жаным ашиды. Құдай-ау, «байқұсты» «қырғызсың» деп жерден алып, жерге салатын көрінеді. Ал, Серік, Секең болса «қасықтай қаным қалғанша қазақ үшін іс қылып, қазақ болып өтемін» деп өлердегісін айтып, эссе жазады. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегерін осындай күйге жеткенше күйдіретіндей не басымызға күн туды? «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», (Абай). Қазақстан Республикасының азаматы кімде кімнің мақсат-мұраты бір ел, бір тіл, бір ұлт идеясының төңірегіне топтасу болса керек.  Ал біз бір адамның өзінен бір ұлт жасағамыз келеді. «Қазақстан халықтары ассамблеясы» дегенді  құрдық. Бұл ұйым Қазақстан халқын біріктіруге, бір ұлт болып ұйысуға қызмет етіп отырған сыңайлы болғанымен шын мәнінде Қазақстан халықтарын ішінен жіктеп-бөлуге, ұлыс санасын үнемі басқа жаққа аударып отыруға, тауға қарап ұли беретін қасқырдың күшігіндей күй кешуге душар етіп отыр. Шын мәнінде  олардың жас ұрпағы үнемі өзін жат жұрттық санап,  психологиялық депрессиямен күн кешпей  қазақ болып бақытты, әділетті ғұмыр кешуі керек еді.

Іргедегі орыс пен өзбектен, алыстағы ағайын түріктен неге үйренбейміз? Қаншама  қазақ қазір өзбек болып кетті. Қаншама қазақ қазір түрік болып кетті. Қаншама қазақ орыс болып кетті. Кешегі керемет ханымыз Кенесарының тұқымына дейін орыстың попы болып кетті. Ал біз болсақ бөлуге, жаруға, шамамыз келсе ит қосып айтақтап, қуып жіберуге әзір тұрамыз. Өзге ұлт өкілін өзімізге сіңірмек түгіл, құдай берген қазақ тілінен өзіміз айырылып қала жаздаппыз.  «Абай ескірмей, қазаққа ес кірмейді» депті А.Сүлейменов. Абайды ескіртеміз дегені Абайдың өзегіне құрт болып түскен, Абай сынаған жаман әдет, жағымсыз кемшіліктердің жойылуы болса керек. Ес кірмей қалайша кіріңді кетіресің? Есі бар адам ел болам деген адамды кеудесінен қаға ма? Бізде ес болғанда баяғыда ат төбеліндей дұңған мен ұйғыр, кәріс пен шешен т.б. қазақ болып кетер еді. Осы аз ұлт өкілдері қазақ мектептерінде оқып, қазақ тілінде жоғары оқу орындарын тамамдап, қазақ тілді ортада қызмет қылса бүгінгі душар болып отырған отты проблемалар өзінен өзі шешімін тапқан болар еді.

ҚАЗАҚТЫҢ ОҚЫМЫСТЫЛАРЫНЫҢ КӨБІ, ШЕНДІ ШЕКПЕНДІЛЕРІ МӘДЕНИЕТТІ БОЛУДЫ ОРЫСТАНУ ДЕП ҰҚТЫ

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Германияға кетіп қалған көптеген неміс азаматтары содан бері қанша жыл өтсе де күні бүгінге дейін туған жерін, өскен елін, Қазақстанын еске алып, ортадан жоғары жастағы адамдары сағынышпен күн кешеді екен. Қазақ баласын көрсе балаша қуанып, әкесі келгендей қарсы алып, көзі алды буланып, аса бір ілтипатпен нұрланып, өткен өмірін жырлай жөнеледі екен. Егер қазақ сондай бауырмал болса, ұлттық саясат дұрыс бағыт алып, бауырмалдық мейілінше өрістеп, бір атаның баласындай етіп тәрбиелеу нәтижелі жүргізілгенде Нина Даниловна Миких (1941 жылы туған, 4 жасында жер аударылып келген) сынды адамдар баяғыда қазаққа сіңісіп, қайғы-уайымсыз, сағынышсыз өмір сүріп кетер еді. Бүгін солардың барлығы Ақсұңқарұлынша сұңқылдап қазақ үшін шыбын жанын пида етіп отырар еді. Біз бабаларымыз құрлы болмадық. Әлихан Бөкейхан «біздің бабаларымыз да біздей болған» деп айтқан екен. Әй, біз өйтіп айта алмаймыз-ау? Бұның бәрі де ниетке байланысты болып оыр. Бізде сол ниет бұзылғалы қашан? «Елге ел қосылса —  құт»  дейтін қазақ енді «елге ел қосылса – жұт» дейтін болды. Соның  кесірінен кеше үкілеп бәйгі қосқан «тұлпарларың», жастарың  бүгін ел-жерін тастап кетіп жатыр. Сонда мынау байтағыңды кім үшін сатпа  деп шыр-пыр боламыз?! Елім  дейтін, жерім дейтін азаматың жоқ блса, одай жерді зордан қорғап не етесің?

Бойымыздағы кемістікті басқадан іздеуге құмар болсақ та ақиқат –Сәбеттік 70 жылда ешкімді де сіңіре алмадық. Қазіргі кезде «мен қазақпын» деп еңіреп, шын ниетімен ыржип тұрған Головкиннің паспортына «сен қазақсың» деп жазып тастаудың орнына «жоқ, сен орыссың, орыстың өкілісің» деп көзіне шұқимыз. Қазақстанды, оның жерін, табиғатын, халқын, өнерін, мәдениетін қазақтан кем емес өзгеге паш еткен Герольд Белгер, Морис  Симашенко, Ахметжан Ашари сияқты қайраткерлер әлде қашан қазақ болып кетуге тиіс еді. Біз оларды қазақ деп қабылдауымыз керек еді. Бірақ, керісінше сен еврей, сен неміс, сен ұйғырсың деп таңбалап қойдық. Қазақ десе жанын беруге дайын, қазақ тілі үшін бозторғайдай шырылдап жүрген Асыл Осман апамызды әзербайжанқызы қылып қойдық. Бұл қазақтың қылығына дауа жоқ. Қазақтың өзгені өзіне сіңіргеннің орнына өзгеге сіңуге бейімділігі артып кеткен. Бейімдік ішкі жан дүниемізді жаулап алғаны сондай өзімізден өзіміз  жеріп, жат болғымыз келіп тұрады. Ж.Аймауыт айтыпты «қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» деп. Қазақ бүгін соның зардабын қатты көріп отыр. Қазақтың оқымыстыларының көбі, шенді шекпенділері мәдениетті болуды орыстану деп ұқты.  Сондықтан мәденетті боламын деп орыстың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, жосынын, тілін орыстан артық үйреніп, өзінің ұлттық құндылықтарынан жеріді. Ал бүгін қорлықты сол орыстанып кеткен әсіресе биліктегі орыстанып кеткен қазақтардан көріп отыр. Сәбеттер елдерінің орыстануына өлшеусіз үлес қосқан бірден бір халық – қазақ. Солай болса да сәбеттер билігінің сәбеттік ұлт қалыптастыра алмауының негізгі себебі де халықты ұлт, ұлысқа бөліп бөлшектеуінде болатұғын. Олай болмаған күнде кімде-кім шыққан тегі, ұлттық нәсіліне қарай емес, кімнің отын оттап, суын ішіп, кімге қызмет қылғанына қарай ұлт болып қалыптасатын еді. Бізде де сол сәбеттік системаның қалыптасқан шойын қалыбы сол күйінде бұзылмай қолданыста қалғандықтан отыз жылда бірде бір бөтен ұлт баласын бауырға баса алмадық.

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Дамыс Зайнолда
    Қазіргі қазақстанның 70 жылда жеткен жетістігін мейілінше басқажағынан дәлелдеген-ақ екен Бурылалтай,
    Оның себебі Бурылалтайда мекендеген Атабабасы бірге өскен уранхайларды қалайша қазақша сайратып тамыр болғанын өз көзімен көріп,құлағымен естіп өскендігі.
    Бір-ақ бұл сыный пікірді мұндағылар түсінбейді,түсінбеген соң ұқпайды да,бұларға түсіндудің жалғыз жолы орыстың тәслімен “сексеуіл әдсімен” ғана жөнге салу керек,.
    Ол үшін Кенесары Абай Ақымет,Бауыржан,Міржақып,Мұстафалар қайта туу керек,басқа жол жоқ.

  2. Қуатбек Қабдырашұлы
    Қайран, Буырылтайым, осы айтқандарыңды орындайтын ел болғанда бүгінгі күні Буырылайғыр болып ел існе араласып, халқың қалаған мықты Қазақстанды құруға атсалысып жоғарғы эшалонда жүрер едің. Сендей ойлайтын адамдар аз болып тұр ғой.

  3. Болат Атабаевтың malim.kz сайтынадағы сұхбатынан алынды;
    “Мен Герағаңмен немісше сөйлескім келетін. Бірақ ол кісі қазақша сөйлеп тұрып алатын. Алайда, қазақ болуға тырысқан емес. Бірақ сөзі, ісі, әрекеті қазақтікі”.
    (Міне біз осы адамды да қазақ деп қабылдамадық-Б.Б.).

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар