Қызметті орындауға да, көмек көрсетуге де уақыт табылады, егер ниетіңіз түзу, таза болса. Бүгінгі мақаламыздың басты кейіакері елорда тұрғыны, ақ халатты абзал жан, қоғамдық жанашыр – Роза Ағабекқызы.
Жастайынан әкесіне – белгілі дәрігер-хирург Ағабек Қарабековке қарап өскен, есейгенде дәрігер болуды армандаған, арманы орындалып әкесінің игі ісін әлі күнге дейін жалғастырып келеді.
«Әкеме қарап, оның кішкентай пациенттерге деген жылы шырайын көріп, өзімді балалар дәрігері ретінде елестететінмін», – дейді Роза ханым.
Мектеп бітіріп, амбицияға толы жас Роза арманына еріп, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға түсіп, оны сәтті аяқтап, аңсаған мамандық иесі болады.
Қазіргі таңда Роза Ағабекқызы әкесі Ағабек Қарабеков атындағы қор құрылтайшысы, қауымдастырылған профессор, медицина ғылымының докторы, әлеуметтік кәсіпкер. Роза ханымның қоры арқасында ерекше қажеттіліктері бар әйелдер тігін тігумен айналысып, өз күндерін өздері көріп отыр. Роза Ағабекқызы күнделікті тіршілігінде қалалық емхана дәрігері ретінде, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкер ролін де атқарады.
Ал дәл қазір көздеп отырған мақсаты – портативті лазер құрылғысын (Asclepion QuadroStar PRO YELLOW 577) сатып алу.
Бұл не, не үшін керек, оны қайда және қалай қолданады?
«Маған 2018 жылы ерекше баланың амалы таусылған анасы жолықты. Баланың диагнозы – гемангиома. Қазақстанда мұндай дертті емдейтін тәжірибелі маман таба алмай, ем алуға Мәскеуге бірнеше мәрте барып оралыпты.
Гемангиома – қан тамырлардың қатерсіз ісігі. Бұл ісік қып-қызыл немесе көк дақ сияқты. Статистика бойынша балалардың 10%-ы осы патологиямен туады екен, әсіресе қыздар бейім.
Осы ісігі бар балаларды шетелде емдеу отбасы бюджетіне ауыр тиетіні белгілі болды» – дейді Роза.
Ісік медициналық проблема емес, косметикалық дефект болып көрінсе де, оның қауіп төндіріп, асқынып кетуі мүмкіндігі бар екен.
Роза Ағабекқызының айтуынша, қазір гемангиоманы емдеудің 3 тәсілі бар. Алайда Қазақстанда қолданылатыны хирургиялық тәсіл отадан кейінгі тыртықтарға, тіпті кейде рецидивке әкелуі мүмкін. Сондықтан тамыр патологиясын емдейтін дәрігерлер медицинаның инновацияларын, яғни лазер тәсілін таңдайды екен:
– Мен бұл ісікті емдеудің Қазақстандағы проблемасын көре тұра, талдау жүргізіп, өзектілігі мен маңыздылығын айқындадым. Ата-аналар балалары үшін ең тиімді емдеу жолын іздейді. Өкінішке орай, ол тек елімізден тыс мекендерде, ал бұл үлкен шығын. Осының салдарынан балалар өз проблемасымен әрі қарай өмір сүруге мәжбүр. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін жол тауып, Қазақстандағы әрбір балаға көмек көрсетуді көздеп отырмыз», – дейді үміт отын өшірмеген, мақсатқа жетуге сенімді Роза ханым.
– Мұны шешу үшін қандай амал қолдандыңыздар?
– Ең бастысы пікірлес адамдармен тамыр патологиясы бойынша Қазақстанда (Нұр-Сұлтан қаласында) орталық ашуды ұйғардық. Бүгінгі күні орталықта мамандардан кеңес алған науқастар саны 700-ден астам, лазер тәсілімен ота жасалғандар саны 127, оқытылған мамандар саны 55. 2018 жылдың қарашасынан бері шетелден 9 рет отандық дәрігерлердің қатысуымен шетелдік жоғары дәрежелі мамандардың келуін ұйымдастырдық. Содан бері гемангиомасы бар жүзге жуық балаларды таптық. Бірақ қаржылық себептерге байланысты елордаға оның әрқайсысы келе алмады. Ата-аналардың басым бөлігіне баласын Нұр-Сұлтан қаласының өзіне алып келу қиын соғып отыр. Міне, сондықтан Қазақстанда аналогы жоқ лазер құрылғысын сатып алу проблеманы шешеді деп ойладым. Аймақтарға өзіміз барып, балаларды емдеп шығамыз.
Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Әсем Бекқызына да жолыққан едім. Кездесуде талқыланған басты сұрақ – аймақтардағы дәрігерлерді оқыту, өйткені бұл өте өзекті мәселе.
Мәселен, осы гемангиома бойынша кәсіби кеңес, ем беру үшін Мәскеуден доктор Романов мырзаны шақырып отырамыз. Ол кісі емдеу барысында жергілікті дәрігерлерге шеберлік класын өткізеді. Таяуда, яғни тамыздың 27-28 күндері сол дәрігердің келуін күтіп отырмыз. Сіздің оның жоғары сұранысқа ие екенін түсінуіңіз үшін, қазірдің өзінде оған жазылған науқастар көп, таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін жұмыс кестесі толық, қабылдау уақыты әр 15 минут сайын.
Сатып алуды көздеп отырған құрылғымыздың жалпы құны өте жоғары (23 млн теңге). Сондықтан оны лизингке алу үшін бастапқы жарна 5 000 000 теңге керек болып тұр. Қорымыз үшін бұл қомақты сома.
Дәл қазір Роза ханымның қоры аталмыш құрылғыға қол жеткізу үшін краудфандинг платформасында қаражат жинап отыр. Анықтама ретінде, краудфандинг – бұл халықтың басқа бір ұйым немесе жеке тұлғаның бастамасын, идеясын қаржылай немесе өзге де ресурстар арқылы қолдау көрсетуге бірігуі. Бүгінгі күні қажетті 5 млн теңгеден 1 309 865 тг жиналды. Әлі де ақша жинау жалғасуда. Айта кетелік, әркімнің осы жылдың 17 шілдесіне дейін гемангиома ісігі бар балалардың сауығуына үлесін қосуға мүмкіндігі бар. Ақпарат ретінде, қаражат start-time.kz краудфандинг платформасында жиналып жатыр. Сонымен қатар ақша салған адамдарға Қордың қолөнер шеберлері әзірлеген сыйлықтар да дайындалыпты.
Сұхбат барысында Роза Ағабекқызы Minber.kz тілшісін кішкентай пациенттердің досы – TikTok желісінде белгілі Гемхан атты кейіпкермен таныстырды, нәрестелік гемангиома туралы ата-аналарға арналған сұрақ-жауап кітабын ұсынды.
– Біздің жарияланымдарымыздың арқасында осы бастамамыз туралы кәсіпкерлер, демеушілер, инвесторлар білсе екен деген тілегіміз бар, – деп қорытындылады Роза ханым.
Жанар Байтілес,
Нұр-Сұлтан қаласы
Парақшамызға жазылыңыз