///

Баламның мүгедек екендігін дәлелдеу үшін жылда құжат жинаймын, – дейді ерекше баланың анасы

5060 рет қаралды

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылының тұрғыны көп балалы ана Мөлдір Беркімбаевның алты жастағы мүгедек ұлы бар. Біраз жыл жалдамалы пәтерде өмір сүрген Мөлдір ханымға екі жыл бұрын елге белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила мен халық бірігіп қазіргі тұрып жатқан үйін алып берген. Төрт баласын жалғыз өзі асырап отырған ананың Алла мен халыққа айтар алғысы шексіз.

«Аллаға шүкір, өз баспанамызбен, адал еңбекпен тауып отырған нанымыз бар»,- деген Мөлдір ханымның қазіргі мәселесі мүгедек ұлында. Баласы осыдан үш жыл бұрын аттан құлап, бас сүйегіне зақым келген. Қазір бірінші сыныпты үйден оқып тәмамдаған Асхаттың өз қатарластарына қарағанда  айтылған ақпарды қабылдауы баяу. Анасының алаңдап отырғаны да осы. Көп балалы ана Алматы облысының Дәрігерлік-еңбек сараптау комиссиясының  (ДЕСК) баласына беретін ВТЭК көлеміне көңілі толмайтындығын айтты.  Айтуынша, баласының жағдайын біле тұра ондағы кісілер ВТЭК-ті тек бір жылға беретін көрінеді.

– Өзім оңтүстіктен боламын. Шымкент қаласындағы балалар үйінде өскем. Әке мен шешенің мейірімін көрмей өссем де, бар мейір мен махаббатымды балаларыма арнағым келеді. Өмірбаянымды айтып, көрген қиыншылық кездерімді айтып ешкімнің жүрегін ауыртқым келмейді. Өткен нәрселерді де көп қозғағым келмейді. Алайда өткен жылы қатты қиналдым. Көмір жоқ, үйдің іші қара тастай. Қайта ауыл әкімі Мәлік Қасымбаев ағамыз келіп көмектесіп, жағдайымызды біліп кетті.  Көршілерім де жақсы адамдар.  Осы күніме шүкір деймін. Бастысы бала-шағам бар, қарындары тоқ. Осы уақытқа дейін  мал бағумен күнелттім. Қазір ұл-қыздарым өсіп қалған соң балалардың жанындамын. Үйдемін. Барынша қолдап, ақылымды айтып, демеу болуға тырысып жүрмін. Өкіметтен төрт балаға алатын жәрдемақы мен мүгедек ұлыма алатын ақша балалардың тамағы мен  ұлымның дәрі-дәрмегінен артылмайды. Балаларым ешкімнен қалмасын, білім алсын, оқысын, қыдырсын деп арасында құрылыс жұмыстарымен де айналысамын. Яғни үйлерге түсқағаздар жапсырып, стяжка құямын, левкас жүргіземін. Аллаға шүкір, жоқ емес бар. Өзімізге жетеді.  Менің бар уайымым ұлым Асхатта. Періште ғой әлі. Арман, тілектері көп. «Өскенде осы ауылдың имамы боламын. Бәріне көмектесемін»,- деп айтып отырады. Осы балам жақсы болып кетсе екен деп тілеймін. Қазір басында сынған сүйектің орнында пластик орналасқан. Ол сүйек қайта бітіп, орнына жаңа сүйек шықпайды ғой. Ал Алматы облысындағы  ВТЭК бөлімі осы жағдайға бей-жай қарап отыр. Көмекті тек бір жылға береді. Ал келесі жылға сабылып жүріп қайтадан құжат жинау керек болады. Менің түсінбейтінім, неге бұлар адамдарды бөліп жарып қарайды? Біреулерге үш жылға, бес жылға, он жылға, тіпті кейбіріне көмекті өмір бойына береді. Ал біз барсақ тек бір жылға ғана беріп, келер жылы баланың жағдайына қарап көреміз деп шығарып салады. Жылдан жылға осы мәселені қалдыра береді. Неліктен қалдыра беретіндіктерін түсіндірмейді де.  Оның үстіне осындай мүмкіндігі шектеулі балаларға демалыс орындарына жолдама береді екен. Оны да көрмедік. Осындай мәселелерге көңіл бөлсе екен деймін. Жылдан жылға шешусіз, ескерусіз қалмаса екен. Өйткені елімізде мен сияқты көпбалалы аналар мен мүгедек баласы бар отбасылар жетерлік. Көбінің басында осы проблема.

Үш баламның әкесі қайтыс болған. Кейіннен  кіші ұлымның әкесімен бас қостым. Қазір бірге тұрмаймыз. Заңды некеде болмағандықтан алимент төлемейді. Берсе өз баласы үшін берер еді. Бірақ ол адам оны ойлап та тұрған жоқ. Балам да әкесі жайлы айта бастасам жақтырмаған кейіп танытады. Жек көреді. Ертең келмейді емес, келіп бет көрісетін адам. Балалар да өсіп жетіледі. Бір қиыны бала есейсе де кішкентай күніндегі кей сәттер көңілінде  дақ болып қалып қояды.

Мөлдір Беркімбаеваның сөзінен кейін мән-жайды білмекке Алматы облысындағы Дәрігерлік-еңбек сараптау комиссиясына хабарласқан болатынбыз. Бөлім басшысы Гүлмира Жанымхановнаның айтуынша:  он алты жасқа дейінгі балаларға мүгедектік берілмейді. Және оларға қойылған диагноздар елге жария етілмейді. Бұл медициналық құпия болып саналды.  Ал ВТЭК мәселесіне келер болсақ науқастың жағдайы мен жарақат түрлеріне және диагнозына орай ғана көмек беріледі.  Егер мүмкіндігі шектеулі жанның жағдайы оңалып кетуі қиын болса оның ВТЭК алуы да бірнеше жылға бір-ақ беріледі. Ал жеңіл түрлеріне осылай бір немесе екі, үш жылдан берілетін көрінеді. Осы сөзіне дәлел ретінде Гүлмира ханым төмендегі заңды тілге тиек етті:                                                                       

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің  Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы заңнамасына сәйкес                                     

3-параграф. Мүгедектікті белгілеу критерийлері                                                                                                                                                           

44. Аурулармен, жарақаттардың салдарымен немесе ақаулармен шартталған, өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру, оқу, бағдарлана білу, қарым-қатынас жасау, ойын және танымдық қызметке, өзінің мінез-құлқын бақылау қабілетінің орташа, айқын немесе қатты білінетін шектелуіне әкеп соқтыратын организм функцияларының тұрақты орташа немесе айқын немесе едәуір, қатты білінетін бұзылуы 16 жасқа дейінгі балаға мүгедектік белгілеу үшін критерий болып табылады.

  • Жоба MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.
Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар