//

20 миллиондық межеге әлі жетпедік. Бұның себебі неде?

1149 рет қаралды
фото: Inbusiness.kz

Жақында ғана Алматы облысының шенеуніктері 19 миллионыншы сәбидің дүниеге келгенін айтып, тымақтарын аспанға атып жатты. Ал, саясаттанушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы 20 миллиондық межеге жету туралы міндет қойғанын, бірақ ол міндетке әлі жете алмай жатқанын айтып дабыл қағуда. Назарларыңызға сол пікірлерді ұсынамыз.

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы: 

ҚАЗАҚСТАНДА 1 МИЛЛИОН БАЛА КЕДЕЙ ОТБАСЫЛАРДА ӨМІР СҮРЕДІ

– Қазақстандағы халық саны 19 миллионға жетті деген ресми мәлімдеме жасалды. 1920, 1930 – жылдардағы ашаршылық кезінде қазақтардың демографиялық тұрғыда өте көп шығынға ұшырағанын ескерсек, бұл мәлімдеме оптимизмге жақсы себеп болар еді. Бірақ, тұңғыш Президенттің өзі мәлімдегендей, 2015 жылға қарай Қазақстанда халық санының 20 миллион болады деген міндет қойғаны екұдай ойға қалдырады.

Егер мұндай міндет қойылса, онда ол «Қыс өтті, жаз келді. Бұл үшін партияға рахмет!» деген кеңестік әзілге ұқсады. Яғни, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биліктің стаханов әдісімен халықтың өсу жоспарын асыра орындауға деген пиғылы бар, өйткені биліктің қисыны бойынша, егер халық саны өсіп келе жатса, онда адамдар өздерінің бүгініне риза және болашаққа сеніммен қарайды. Тәуелсіздік жылдарында халықтың өсуі этникалық қазақтардың отанына оралуы есебінен болғаны түсінікті. Әрине, осы жылдар ішінде нәресте «бумы» да болды.

Алайда, пандемия құрбандары аз емес, әрі ол көбейіп барады, сондай-ақ әлі күнге дейін елден көшіп жатқандардың қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оның үстіне, біз коронавирус құрбандары туралы ресми статистиканы қайтыс болғандардың санын жасанды түрде азайту арқылы бұрмаладық.

Мақұл! 20 миллион болдық делік!?. Бірақ мәселе адамдардың саны туралы емес, олардың өмір сапасында. Өмір сапасы дегенміз сапалы білім мен денсаулық сақтау, орта таптың көп болуы, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың төмендігі,   жоғары экологиялық стандарттардың қатаң сақталуы, халықтың едәуір көп бөлігінің материалдық әл-ауқаты, саяси бостандықтарды сақтау және бәріне бірдей заңның үстемдігі.

Дегенмен, БҰҰ дайындаған адам дамуы – 2020 (Human Development Report 2020) баяндамасында Қазақстан 190-ға жуық ел ішінен 51-ші орынға ие болып, Ресейден озып кетті. Ал шындығында Қазақстанда 1 миллион бала кедей отбасыларда өмір сүреді, халықтың кредиттері мен қарыздары өсуде, орта тап табысы төмен адамдардың көлеңкесінде қалып барады, халықтың негізгі бөлігі сапалы білім мен медицинаға қол жеткізе алмайды, елдегі саясат пен саяси бостандық ауқымын шағын топ қана анықтайды және сол шағын топ ел экономикасы мен ірі бизнесті қадағалайды. Яғни, айтылған 19 миллион адамның ішінде ел бірнеше ондыққа ғана тиесілі, ал қалғандары елде жалға алу құқығымен ғана өмір сүреді.

Азаматхан Әміртай, қоғам қайраткері, эколог:

ҚАЗАҚ НЕГЕ ӨСІП-ӨНБЕЙДІ?
– Біраздан бері әлем желі жарылып, сүйіншілетіп жатыр. Бақсақ, Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетіпті. Бір қарағанда әлемде жерінің үлкендігі жағынан 9 орынды алатын алып еліміз үшін халықтың көп болғаны жақсы. Қуанышты жағдай. Ал екінші қырынан алғанда мәз болып, бөрікті аспанға атудың еш қажеті жоқ. Неге, көрші өзбекті алайық, тәуелсіздік алған жылдары олар 20 миллион еді. Қазір 35 миллионға жетіп, мейманасы тасып отыр. Демек өзбектер 30 жылда 15 миллионға көбейген. Біз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары 16 миллионның үстінде едік. 30 жылда 3 миллионға көбейіппіз. Осы да қуаныш па? Білмедім. Өзбектен қазақтың несі кем болып қалды? Қазақтың өсіп –өнуіне кім бөгет болып отыр. Зерделей қарасақ қазақтың демографиясына тұсау болып отырған қазіргі жүйе секілді. Сәл тереңірек қарасақ, қазақтың жерінде құны АҚШ долларымен есептегенде 10-15 триллион болатын байлық бар. Бұл зерттелгені. Осыншама ырғын байлық кем дегенде 100 миллион халықты аста-төк асырауға жетеді екен. Бірақ мұндай мол байлықтан қазақ қағылған. Қызығын биліктің маңайына шоғырланған азғантай топ қана көріп отыр. Халық тақыр кедейдің ар жақ, бер жағында ілдалап күн көруде. Әр адам кредиткке байланған. Демек күн көрісі қиындаған жұрт бала тууды емес, қалай жан бағуды ойлайды. Яғни демография нолдік деңгейде деуге болады. Бұған өткен ғасырда болған түрлі нәубетті қосыңыз. Мәселен, 1916 жылғы топалаң, 1918-1920 жылдардағы ақ пен қызылдың айқасы, 1921-1922 жылдардағы 1,5 миллионды қынадай түсірген аштық, 1927-1929 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, үркіншілік кезеңі, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, 3 миллион қазақ ақ сүйек болып далада шашылып қалды, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын – сүргін кезеңі, онда да 25 мың қазақтың оқыған, көзі ашық азаматтары атылып кетті. Осының бәрі қазақтың өсіп –өркендеуіне үлкен бөгет болды. қазақтың саны кеміді. Егерде осы зұлматтар болмағанда қазіргі күні иісі алаш баласының саны 45-55 миллионның ар жақ бер жағында болып шалқып отырар еді. Амал қанша. Жарайды бұл өткен тарих. Ал, тәуелсіздік алған кезеңде қазақ неге өсіп – өне алмай отыр? Оның себебін жазбамыздың басында айттық. Биліктің өз еліне, халқына деген көзқарасы түзелмей халықтың саны еселеп өседі деу күлкілі. Міне, соның көрсеткіші: 30 жылда 3 миллионға ғана өстік. Ал, өзбектер 15 миллионға көбейді. Қай ел қуануы тиіс, қазақ па, өзбек пе? 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар