Агент, мені үйге жіберші…

1252 рет қаралды
3

Қазіргі уақытта mail.ru қызметіне жүгінбейтін интернет қолданушылар жоқтың қасы. Әсіресе, жастар арасында «агентшілердің» қатары қарқындап артуда. Компьютерді қойып, ұялы телефонға дейін еніп алған бұл байланыс құралының тиімділігі айтпаса да түсінікті. Алайда, 2003 жылы mail.ru компаниясының хабарласуға оңтайлы болу үшін ойлап тапқан байланыс құралы бүгінде жастардың іш пыстырмайтын ермегіне айналған тәрізді. Олай деуіміздің себебі, агентте әңгіме айт деп әңгіме іздеп, не жаңалық деп жаңалық сұрап, азаннан қара кешке дейін қара сөздің қаймағын сапырып отыратындардың қарасы көп қазір. Жастардың көбі агентпен «ауыратын» болды. Біз агентшілерді барлап, майл-агенттің зиянды тұстарын бағамдап көрген едік.

MAIL.RU-ДЫҢ ЖАСТАРЫ

Бәріміз де mail.ru-дың жастары едік,
Бәріміз де Мой мирді ашқан едік.
Онлайндар ойда, Отошелдер тойда,
Отключендер, Невидимдер  қайда екен
?» – деп әзілдеп, агенттегілерді танымал айтыскер ақынымыз Балғынбек Имашевтің  түгендегені бар.

Жұмыста да, жолда да, тіпті тамақ ішіп отырса да, агенттен шықпайтындар жетерлік. Итпен іздеп, жер-көкті шарлаған адамыңды қазір агенттен оңай табасың. Мұндағы әрбір адамның өзіндік әлемі бар. Әркім  әлеміне өзі туралы мәлімет жазып, неше түрлі суретін енгізеді. Әрі сол әлемде өзге адамдармен достасады. Агентшілер агент арқылы өзге қаладағы адамдармен танысып, сөйлесіп, түрін анық білмесе де, сырын біліп, жан ұғар жақыны етіп үлгереді.    М-агенттің бір кереметі жазғаның келесі адамға көзді ашып-жұмғанша жетеді. Ыбырай Алтынсаринше айтқанда, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатынның нақ өзі.

Агентке бір кірген адамның одан тез шығуы мүмкін емес. Қызыл сөздің жетегіне еріп, сағаттап, тіпті таңды таңға ұрып агентпен әңгіме айтады. Келелі мәселе көтеріліп, маңызды мәселелер шешілмесе де, агентте әйтеуір сөйлесерлік әңгіме табылады. Алайда, әңгіме іздеген адамның алтындай уақыты агенттегі қызыл сөз бен қысыр әңгіменің жетегінде өтеді.

 

ШАҒЫН БЛОГҚА МҰҢ ШАҚҚАН ШЕРМЕНДЕЛЕР

 

Өмір сынды қызығы бар қайғысы,

Отырмайды мұнда мүлдем жай кісі,

Агент деген –  бұл құмарлық отаны.

Общениенің ең қолайлы – жайлысы,

Құмарлық отаны М-агентте шағын блог деген керемет бар. Оның кереметтігі блогқа жазғаныңнан сенің бүкіл досың әп-сәтте құлақтанып үлгереді. Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтің: «Шағын блог – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей
», – дейтіні де сондықтан ғой.

Шағын блогқа: «Жүрегімді неге ауыртасың?» – деп жазып бір сабаз отыр агентте. Ал енді бірі: «Көзіңдегі мұңды сүйем, Ерніңдегі шөлді сүйем», – деп сүйіктісіне деген сезімін барша жұртқа паш етуде. «Мауқымды бір бассаңшы бал тіліңмен, Иығыңның сағындым бөктерлерін», – деп жазып, бір бозбала сүйіктісін сағынуда.  «Бір сұрақ бар,  сол сұрақтан қорқамын», – деп қорқып біреу отыр. «Ойларымды қорасына қамай алмай отырмын», – деп ғаламторда қалың ойға қамалған бір жан бар. Енді бірінің шағын блогқа жазғаны тіпті қызық. «Өл, онда», – депті. Кейіп айтылған сөздің тек кімге айтылғаны белгісіз. Блогта көстең ете қалғанда өзіңе қарата айтылғандай тіксініп қаласың.

Шағын блогқа өзінің болмаса да, өзге бір ақынның немесе ойшылдың айтқанын  жазып, көсемсіп отырғандар да бар. Бір сөзбен айтқанда, шағын блогагентшілердің өмірден көргені мен түйгенін, өзіндік пәлсафасын, одан қалса, дәл қазіргі сәтте не ойлап, не істеп жатқанынан хабар береді.

Жастардың шағын блогқа жазғанын оқып, біздің арамызда да небір «даналар» жүр екен ғой деген ойға қаласың.

 

СУРЕТТЕГІ СҰЛУЛАР

 

Кірпігіңе Күн шомылып,

                               сезім күлген арайлым,

Ғаламтордағы ғажайып

                                 суретіңе қараймын…

Монитордан мөлдіреп

                                 жүрегімді гүлдеттің,

Махаббаттың самалын

                                сезінбеппін, білмеппін!

Бақыт деген осы ма?!

Мүмкін, сорым шығарсың?!

Ойхой, мына мүсінмен, –  деген жолдар жас ақын Бауыржан Қарағызұлының интернеттегі сұлудың суретіне тамсанған жүрек тебіренісінен туған.  

 Иә, ғаламтордағы суретіне қарасаң қыз-жігіттің барлығы сұлу, барлығы келбетті. Бірақ шын мәнінде әркім әлеміне өзінің ең сәтті түскен суретін қояды. Сол арқылы сырт көзге әдемі көрінуге тырысады. Жайшылықтағы қарапайым ғана құрбыңның әлеміне кірсең хас сұлудың өзі екен ғой деп таң қаласың. Содан да болар, агентпен танысып, кездескендердің: «Интернеттегі суретінен түрі мүлдем басқа», – деп ренжіп қайтатыны. «Майл-агенттің ең зиянды тұсы да – осы», – дейді психолог Төреғали Батырханұлы. Өйткені, ғаламтордағы сұлу сурет пен сұлу сөздің көбі жасанды болуы мүмкін.

 

ҒАЛАМТОРДАҒЫ ҒАШЫҚТЫҚ

 

Арылғандай мазалайтын бар ойдан,

Жалын атып, сезім салған сарайдан,

Көрмей жатып, білмей жатып бір-бірін,

Ғашық бопты М-агентте талай жан.

Қазіргі жастардың арасындағы жеңгетай – агент. Олардың қай-қайсысының да агентте ғашығы бар. Сырлы сезімдерін хабарлама арқылы жолдап жүрген олар бір-бірінің түрін білмесе де, сырын біледі. Амандықтарын агент арқылы біліп, тіпті агенттегі өзге адамдардан бір-бірін қызғанып, қырқысып та алады. Агент- жеңгетай арқылы танысып жатқандар да, таныстықтары махаббатқа ұласып, табысып жатқандар да жетерлік қазір. Жастардың ғаламтордан ғашық болу қарекетінің дұрыс-бұрыстығын Төреғали Батырханұлынан сұраған едік. Психолог: «Менің жұмыс тәжірибемде кездескен ажырасуға бел буған  отбасылардың көпшілігі – ғаламтормен танысқандар. Өйткені, мұндай махаббат көп ретте баянды бола бермейді. Адам майл-агентпен тілдескенде шынайы болмысын көрсетіп, шынайы сөйлеспейді. Қиялынан бір образды ойлап алады дағы, сол образға еніп алып, өзгелермен хат жазысады. Ал кездескенде агентте жазған небір керемет сөздердің сол адамның табиғи болмысынан тумағандығы, жасанды екендігі байқалып тұрады»,  – дейді. Қыз-жігіттердің кездескен соң өмірде мүлде басқа адам екен деп, ат кекілін кесісіп, агентте мүлде сөйлеспей кететіндігі бәлкім, содан шығар. Жастардың бойындағы шыншылдықты жойып, жасандылыққа итермелейтіндігін ескерсек, М-агенттің тағы бір зиянды тұсын байқаймын.

 

АГЕНТШІЛЕРДІҢ АЙТҚАНДАРЫНАН

 

Қыздар-ұлдар бірлесіп ап жазысып,

Шын өмірде қызғанысып, алысып,

Осылайша өтіп жатыр уақыты,

Күн-түнімен кезектесіп жарысып.

Кезектесіп жазысып отырған бейтаныс екі адамның агенттегі әңгімесі былайша өрбитіні бәрімізге таныс күнделікті жайт.

– Привет!

– Салем!

– Мы знакомы?

– Нет, но бирак сиз маган дружба предлогать еттиниз…

– А-а-а!

– Кай жактансыз?

– Семейден. А вы?

– Талдыктан.

– М-м-м!

– Настроениен как?

– Нормально! А сиздин!

– Тоже жаксы.

 Әңгіме осылайша өрбіп,  ананы-мынаны сөз етіп, жалғаса береді. Тек өзге түгіл өзіміз де байқамайтынымыз, байқасақ та етіміз үйреніп кеткендіктен шығар, тілімізді шұбарлап орысша қосып жазатынымыз. Агентте орысша қоспай таза қазақша жазатын адам – ілуде біреу. Қазіргі жастардың арасында қазақша мен орысшаны араластырып жазудан аралас тіл пайда болған тәрізді. Агентшілердің жазғанына қарап, аралас тілділер қалыптасып келе ме деп қорқам.

М-агентте жиі қолданылатын сөздер: Сәлем! Қалайсың? Қал қалай? Не жаңалық? Жаңалық жоқ. Әңгіме айт… Не айтайын? Сонымен… Сонымен сол… Неге? Солай ма? Жай ма?

Бұларды агентшілер тілдескендерінің бәріне күніге жазады. Сондықтан бұл сөздерді агентте актив қолданылады деуімізге әбден болады.

Ауызекі тілде қуану, өкіну, жекіру сынды сезімдерімізді білдіру үшін одағай сөздерді жиі қолданамыз ғой. Ал агенттегі тілдесушілердің диалогында олардың көңіл-күйінен хабардар етіп қуану, қорқу, мұңаю, жылау, риза болу сезімдерін білдіретін өңтаңбалар (смайликтер) шауып жүреді. Қуаныштымын, ризамын дегенді мына бір өңтаңба ☺  өн бойына сыйдырып тұр. М-агентте жақсы көретін адамыңа «мен сені жақсы көремін» деп жазып, уақыт шығындамай-ақ ♥ өңтаңбаны жіберсең болды. Қолданысқа қолайлы осынысынан болар, қазіргі жастардың агент десе ішкен асын жерге қоятындығы.

 Майл-агент арқылы тілдескенде сөйлемді құрмалас етіп құрап, ұзын-сонар етіп жазып отыруға уақыт жоқ. Сондықтан да әркім ойын қысқа да нақты етіп жазуға тырысады. Агентшілер көбіне жалаң және толымсыз сөйлемдер арқылы тілдеседі. Әрі қысқарған сөздерді жиі қолданып, сөздерді қысқартып жазуға бейім тұрады.  Мұны көріп кейде тіліміз тақ-тұқ болып, көркем сөйлеу қасиетімізден айрылып қалмаймыз ба деп те шошимын. Бұл қорқыныш тек бізді ғана емес, психолог Төреғали Батырханұлын да алаңдатады екен. Психологтың пікірінше, ғаламторда қысқа хабарламалар арқылы тілдесіп үйренген адамның ауызекі сөйлесу қабілеті төмендейді екен. Әрі агентте жазу арқылы тілдесуге бейімделіп қалған адам ауызекі сөйлескенде де ойын қысқа жеткізуге бейімделіп кететін көрінеді.

 

АҚЫНДАР ДА АГЕНТ «АУРУЫНА» ШАЛДЫҚҚАН БА?

 

Жасымда «майл.ру-ды» ескермедім,
Поштама хат келсе де, тексермедім.
Енді «Мирга» доступ жоқ жұмысымда,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім
.

Ұлы ақынымыз Абай  жасында ғылым-білім үйренбегеніне өкінсе, қазіргінің ақыны Балғынбек Имашев «майл.ру-ды» ескермегеніне өкініп жүр.

Ақын дегеннен шығады, Ермановтың айтысы тоқтағалы бері айтыскер ақындардың бәрі интернетпен айтысатынды шығарды. Қазіргі уақытта Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Жібек Болтанова сынды айтыскерлер агенттен түспейді.

Сұлу сөзден сарай салып, шабыт патшалығында өмір сүретін біздің ақындарымызға  майл агент майдай жағыпты. Монитордың ар жағындағы бейтаныс аруды жаным, жапырағым, тәттім, періштем, айнам, айым,  қарғам, күнім деп еркелетіп, сол аруды музам деп музасына балап, алтындай уақытын агентке сарп етеді. Барша жұртқа жариялайтын шағын блогтың мүмкіндігін біздің ақындар сиясы кеппеген жаңа өлеңін жұртқа жаюға пайдаланып жүр. Оның дәлелі Бақытгүл Бабаш, Рысбек Дәбей, Бауыржан Қарағызұлы, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек сынды жас ақындар елдің ғана емес, М-агенттің де ақынына айналғандай…

 

«АГЕНТОМАНИЯДАН» ҚАЛАЙ АЙЫҒАМЫЗ?

 

Жақында университетте бірге оқыған досымның жұмысына барғам. Жұмыс үстінде досым М-агентін қосып қойыпты. Сәлден соң бізге дәріс берген алпысты алқымдаған профессор апайымыздың да агентте отырғанын көріп, көзіміз шарасынан шыға жаздады. Қызық үшін досым апайымызға М-агентте сәлемдесіп еді: «Әй, бұл қай, бала?» – деп ол кісі де елең ете қалды. Апайымыз сөйлесер адам таппай отыр екен, әрнені айтып тоқтамай қоймасын ба? Сөз арасында: «Агент деген – тәуір нәрсе екен ғой өзі. Маған өзге шәкірттерімнің логинін бересің бе?» – деп қояды. Ал кеп күлейік. Жастарды қойып, үлкендердің де агентке қызығушылығы ояна бастапты. Компьютер мен ұялы телефонның тілін білсе, біраздан кейін контактіге кемпір-шалдар да қосылып, өсек айтатын түрі бар.

Мектепке педагогикалық тәжірибеден өтуге барған құрбымның: «6-7-сыныптарға сабақ берген күннің ертеңіне әлеміме сыныптағы оқушылардың жартысынан көбі кіріп, суреттерімді көріп, дос болуға ұсыныс жасапты», – дегені бар. Иә, қазір оқушылар да агенттен шықпайды.

Жақында бір замандасымның шағын блогтағы «Агент, мені үйге жіберші…»  деген сөзін оқып, жатып күлгенмін. Күлгенімізбен, сол сөздің астарында зіл барын аңғармаймыз. М-агент қазір жасты да, жасамысты да жібермей өзіне матап тұрған тылсым күш тәрізді. Тіпті дүниенің бар қызығы сонда тұрғандай агентке тәуелді болып қалғандар да бар. Қазіргі жастар «агенті бардың күні – жарық, агенті жоқтың күні – қаріп» дегеннің кебін киіп отыр.

Психолог Төреғали Батырханұлы жастар майл-агентке әуестеніп, мания сынды психикалық ауруға душар болуы мүмкін. Интернетке таңылғанша жастардың көзбе-көз қызу әңгіме өткізетін арнайы клубтарға жазылғаны дұрыс дейді. Психологтың сөзінің жаны бар. Түрлі тақырыптар төңірегінде ой бөлісіп, жастардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауына мүмкіндік тудыратын арнайы пікір клубтары көбейсе, шіркін! Олар қызықты тақырыптар көтеріп, агент тәрізді жастарды тарса ғой. Сонда бәлкім біздің жастар агент «ауруынан» айығар ма еді…

Компьютердің алдында көп отыру, біріншіден, адамның көзіне әсер ететіндігін, үздіксіз экранға қадалып отыру – көздің көруін әлсіретіп, құлақтың есту қабілетін азайтатынын, екіншіден, экраннан таралатын электромагнитті толқындар денсаулыққа зиян екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Ұялы телефонның зиянды екенін айтып, денеден барынша алыс ұстау қажеттігін ескерткен де. Оған құлақ асатын жастар жоқ. М-агент жүйесімен тілдесу – жастардың сүйікті ісіне айналып, бұл жолда алтыннан қымбат уақытын да, ақшасын да аямауда.  Ең өкініштісі, сол шығынның өзге елге кетіп жатқандығы. Әрі майл-агентте көп отыратын жастардың қазақша жазғанда тілімен қоса, саусағы да сақауланып барады. Өйткені, біздің Ақпарат және байланыс агенттігі әлі күнге дейін mail.kz-бен қазақшасы тәуір м-агент жасай алмай отыр. Қазақ тіліндегі төл әріптерімізді кейбір компютерлер мен ұялы телефондарда таңбалау мүмкін емес. Мүмкін болғанның өзінде хабарламаны алушыда көбіне ол әріптер оқылмайды.

Агентке таңылған жастар ертеңгі күні ауызекі сөйлесуде де: «Кал калай? Не истеп жатсин?» – деп жүрмесе болғаны.

 

ШАҒЫН БЛОГТАҒЫ ШАҒЫН ТРАКТАТТАР

 

  • Біреуді сағынайын десең сағына алмайсың, агентті ашсаң отырады.
  • Сөнбеші, көз алдымнан кетпеші, мәңгі отыршы агентте…
  • Адам деген агентте әңгімені айтады, сосын үйіне қайтады.
  • Мақала жазуға махаббатизация мещать етіп жатыр.
  • Махаббат!!! Кейде – шоколад, кейде – шапалақ. Сақ бол!
  • Махаббат опа бермейді, бопа (бөпе) береді…
  • Мен біреуді сағынам, көзімде жас, зарығып…
  • Мен сені сүйемін, уақыт…
  • Бақытты болғың келсе ақылдылықты үйрен немесе ақылды әйелге үйлен

 

Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ,

«Ақ желкен» журналы, №9 (2010).

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Құрметті Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ! өте-өте керемет жазылған! мен толықтай қосылам!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар