Бұған дейін, жұма күні таңертең сағат 9-да өткен баспасөз мәслихатында билік өкілдері жарылыс салдарынан төрт адам қаза тапқанын хабарлаған еді. Тағы бір сарбаздың қайтыс болғаны мәлім болды. Қайтыс болғандар:
Сержант Мешінбай Марат Сайлауұлы, 40 жаста;
Ефрейтор Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы, 40 жаста;
Әскери күзет қызметкері Далибаев Оразбек Дайрабекұлы, 52 жаста;
Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры Арман Қапезов.
Бесінші адам Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков. 1992 жылы туған, инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын тікелей басқарған.
Таңғы 08.00-дегі жағдай бойынша ауруханаларда 28 науқас жатыр. Оның алтауы ауыр хәлде, деп нақтылады ведомство. 32 дәрігер, олардың арасында дәрігер-травматологтар, нейрохирургтер, хирургтер, реаниматологтар және басқалары, 56 орта медицина қызметкері жұмылдырылған. Аурухана дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Таразда апат аумағынан эвакуацияланған адамдар үшін 400-ден астам орын дайындалды. Тағы қосымша 1000 төсек-орын дайындалуы мүмкін.
27 тамыз 08.00-дегі мәліметке сәйкес, уақытша эвакуация пунктерінде 171 адам бар, оларға қажетті жағдай жасалған, таңғы ас берілді.
Жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде үш медициналық авиация бригадасы тартылды. Олардың арасында бір бригада Тараздағы №5 мектепте, тағы біреуі Тараз политехникалық колледжінде кезекшілік етеді. Ол жерге Байзақ ауданы Базарбай ауылынан бұған дейін 226 адам көшірілген болатын.
Айта кетейік, Азаттық радиосының тілшісіне Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетуге өтініш беретінін айтты. Қазіргі дерек бойынша жарылыс салдарынан қайтқан адам саны 5 ке жетті.
Парақшамызға жазылыңыз