//

29 тамыз: Ұлттық аза тұту күні

2152 рет қаралды
1
Бүгін жалпы Қазақстан бойынша Ұлттық аза тұту күні. Бейбіт күннің батырлары, жау келмей оққа ұшқан қыршындарымыздың жаны жаннатта болсын. Ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай ағамыздың қаралы Қазақстанға айтқан көңілін оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдік. 
Ғалым Жайлыбай:
БЕЛІҢДІ БУ, ҚАРАЛЫ ҚАЗАҚСТАН
Елес болып кеткен бе, ел сенері
Толқындары Таластың теңселеді
…Адам ойы жасаған қателіктер –
қыршындардың қанымен өлшенеді.
Жауға шабар жұрт еді найза ап бәрі,
Зұлмат келді тағы да қай жақтағы…
Неге үнсізсің,
Несіпбек Дәутайұлы
Бауырлардан не хабар, Байзақтағы?
Жарылысқа тап болып жаным, Айым,
дүр сілкінді дірдектеп кәрі қайың…
Үшбұлақ пен Қайнарда –
Қара қайғы –
Сарыкемердің сағасы – сары уайым.
Тау өзені тұрады таза ағыстан
Байтақ па едік басынан базары ұшқан?
… Жалап жазар жарасын
тағы емеспіз –
беліңді бу, қаралы Қазақстан!
Саңылағымның сиресе санаты тым,
Сағыныштан сарғаяр сана-құтым.
… Қаратаудан жылжыған керуенімнің –
Кес-кестеме соқпағын, қара түтін!
Жарылыстар жүректе,
Жан, денемде,
Көш алдынан найқалып Нар келер ме?
… «Сабыр түбі – сары алтын» –
деген сөзді –
қай бетіммен айтайын – Сарыкемерге?
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Зарла Ғалым

    (Ғалым Жайлыбай: «Беліңді бу, қаралы Қазақстан!»)

    Зарла Ғалым, зарламай, нетесің сен,
    Сұм, зұлымдар күледі кекесінмен.
    Қаруы жоқ қарымның қияар едім,
    Сол сұмдарың бір-бірлеп жетесінен!

    Отқа оранды тамызда қоныс ұлы,
    Қандай пәле, шайтаннан ол ұшынды?
    Көрге сыймай жатыр-ау күңіреніп,
    Мың Міржақып,
    Махамбет,
    Момышұлы!

    Көрген майлы жұртымның пайдасын көп,
    Алып берер есесін қайдасың кек?
    Сен іздейсің, Жайлыбай, Дәутайұлын,
    Мен зарланам, Маралтай, қайдасың деп!

    Зарла Ғалым, зарыңды Ел естісін,
    Өршеленген шоқ үрлеп жел естісін!
    Басқа қайғы, түскенде белге салмақ,
    Іздейді екен, Арысын, Ел Естісін!
    Зарла Ғалым!!!

    Бақытбек Бәмішұлы, 28.08.2021ж.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар