Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанда 2020 жылы 7370 жалпы білім беретін мектеп болған, онда білім алушылардың саны 3 миллион 400 мыңға жуық. Биыл 300 мыңға жуық оқушы мектеп бітірсе, 380 мың бала мектеп табалдырығын аттамақ. Пандемияға орай Білім және ғылым министрі мектеп формасын киюді міндеттемейтінін айтқанмен, көптеген мектеп әкімшілігі оқушылардан классикалық киім киюді талап етіп отыр екен.
Бір оқушыны мектепке дайындау үшін қанша қаржы кетеді? Жазғы демалыстың қызығы бітіп, оқу жылына аз күн қалған осынау уақытта ата-аналарды толғандырар мәселенің бірі де осы. Науқан кезін пайдаланған саудагерлердің саудасы қызып та жатыр. Ал, нарықтағы бүгінгі бағаны қалтасы көтере бермейтіндердің амалы бар ма? Көп балалы немесе аз қамтылған отбасылардың балалары көк жейдесі мен қалам, дәптерін қаншалықты түгендей алды? Жаңа оқу жылына шәкірттер қаншалықты дайын?
Мінбер сайтының тілшісі мектепке баласын дайындап жүрген ата-аналармен сұхбаттасып қайтты.
«Менің екі балам мектепке барады. Биыл мектеп формасы міндетті емес дегенмен де классикалық киім кию керек. Кеше Талдықорған қаласының орталығындағы базарға барып екі баламды бір қабат киіндірдім. Екі кроссовки, екі шалбар, екі ақ жейде алдым. Үлкен ұлыма ғана сөмке сатып алдым. 12 беттік жұқа дәптерден бірнешеу, қарапайым қалам-қарындаштан бірнешеу алдым. Соның өзіне 80 мың теңге кетті. Оның сыртында арнайы пәндерге арналған дәптер, басқа да құрал-жабдықтарды алған жоқпыз» дейді Қатираш Сайзада.
«Менің ұлыма 60 мың кетті. Айлығым 67 мың. Алғаным спорт киімі мен екі аяқ киім. Әрине сөмкенің ішіне салатын дәптер, қаламы да бар. Оның сыртында алу керек күздік, қыстық киімі бар. Мен бір балаға ғана осынша қаражат жұмсадым, көп балалы аналар қайтеді екен?» дейді Бейбіткүл Жаршанова.
Мектеп оқушыларына өзінің түрлі-түсті өнімдерін ұсынып, көздің жауын алып жатқан ABDI дүкеніне бір үңіліп көрді.
Көріп тұрғандарыңыздай қаламсауыттардың бағасы 1300 теңгеден басталып 3900 теңгеге дейін барады.
Ал мектеп оқушыларына арналған сөмкелердің бағасына назар аударсақ, ең арзаны – 8800 теңге, ең қымбаты -19900 теңге.
Жеке кәсіпкер, көтерме саудамен айналыстан саудагер Ботакоз Каржауованың айтуынша сөмкенің орташа бағасы – 2300 теңге. Әрине егер сіз бірнеше данасын бірақ алсаңыз. Ал жекелеп алған жағдайда бірге-бір қосылуы әбден мүмкін.
Парақшамызға жазылыңыз