///

Талдықорғанда бұзақылық жасаған жасөспірім қыздарға қандай шара қолданбақ?

2449 рет қаралды

Осыдан бір апта бұрын @taldykorganec.7282 инстаграм парақшасы жасөспірім қыздардың бұзақылық жасағаны жайлы видео жариялаған болатын. Ресми ақпаратты алу үшін Мінбер сайтының тілшісі Алматы облысының Полиция департаментіне хабарласты.

«Алматы облысының Полиция департаменті бұл жарияланымның әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталғанын хабарлайды.Оқиға ағымдағы жылдың 29 тамызында Талдықорған қаласының 9-алаңы шағын ауданында болған. Үш бойжеткен ортақ пайдалануға арналған  күркені (беседка) сындырмақ болған. Іздестіру іс-шаралары барысында Талдықорған қаласы ПБ полиция қызметкерлері осы ауданның 17, 15 және 14 жастағы кәмелетке толмаған тұрғынын анықтады, олар полицияға ата-аналарымен бірге тергеу үшін жеткізілді. Ювеналды полиция қызметкерлері шара қолдану үшін қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілетін материалды жинақтады. Сонымен қатар, 17 жастағы азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.Барлық оқушылар мектеп есебіне және полицияның бақылауына алынды» дейді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Қыздардың қылығы жайлы Жетісу келіндері орталығының психологы де пікір білдірді.

«Бұл видеода көрсетілген қыз балалардың әрекеттеріне қатысты айтар болсақ, негізі қыз бала 14-15 жасқа жетісімен-ақ бой түзей бастайды. Үсті-басын таза ұстап, сәнді киінуге, өзінің есейгенін сезініп, айналасындағыларға әдемі, сымбатты көрінуге тырысады. Жас адамның, әсіресе қыз баланың бүкіл кескін-келбеті (отырыс-тұрысы, сөз саптауы, жұртпен қарым-қатынасы, т.б.) әсем де нәзік болуы тиіс.

Ал біздің көріп отырғанымыз қәзіргі қоғамның басты дертіне айналған жасөспірімдердің, жастардың іс-әрекеті, жат қылықтары. Басты сұрақ: «неге?», «не үшін?». Жастардың санасындағы тұрған дүние әлеуметтік желіде (инстаграм, тик-ток) белсенді болу, неғұрлым өздеріне назар аударту, бір-бірінен қалыспас үшін түрлі әрекетке барады. Байқап қарасақ, 2 қыздың әрекетін үшінші қыз телефонға түсіріп тұр. Бұл жастағы жасөспірімдердің мінез-құлқы шығып, ой-өрісі дамып жатқан шақ. Әр нәрсе өзінше қызық көрінуі мүмкін. Бұл әрекеттерінің дұрыс емес екендігін түпкі саналары қабылдап тұрған жоқ, тек соны қызық көріп тұр. Үйде ата-ана балаларымен жетік қарым-қатынаста болуы керек. Ақ-қараны, оңды-солды ажыратар шақта балаға қатты көңіл бөлінуі тиіс. Ендеше жасөспірім шақтағы қызыңыздың тәрбиесіне мән беріп төмендегі психологтың кеңесіне құлақ түріңіз:

  1. Осы кезеңде қызыңыздың құрбысы болыңыз;
  2. Әр қойған сұрағына жауап беріңіз. Жақсы сөз айтыңыз;
  3. Махаббат туралы әңгіме айтса, түсіністікпен қараңыз;
  4. Қызыңызға кішіпейіл болыңыз, ұрыспаңыз;
  5. Киім таңдарда тар киімдерді алушы болмаңыз;
  6. Тыңдаған әуеніне, бос уақытын қалай өткізетініне мән беріңіз;
  7. Еркелетіп, бірақ керек кезінде, дұрыс әрекеттер жасамай жатса, түсіндіріп айтыңыз.» дейді Жетісу келіндері орталығының психологі Мырзай Бақытгүл.
Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар