//////

Жаңақұрылыстың тұрғындары неге ашулы?

4097 рет қаралды

Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты Жаңақұрылыстың тұрғындары ала жаздай шешілмей келе жатқан ауыз-су мәселесін айтып  бізге хабарласқан еді. Мән жайды білмекке «Квартал Жаңақұрылыс» деп аталатын елді-мекенге ат басын бұрып барып қайттық. Су мәселесі ушығып тұр деген тұрғындар су мәселесінен бөлек қоқыс пен жолдың, газ құбырлары мен жарықтың токтары жайлы да проблемаларды үйіп-төгіп айтты. (Тұрғындардың көбі мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндіктен аттарын жасыруымызды сұрады).

Квартал Жаңақұрылыстың тұрғыны:

– Осы жерде 2011 жылдан бері тұрамын. Осы уақытқа дейін сумен мәселе болған емес. Тек биыл  жаз басталғалы су  жоқ. Жуынуға су таппай отырмыз. Міне өзіңіз көріп тұрғандай қазірде краннан су ағып тұрған жоқ. Түнгі бір мен үштің арасында сыздықтап келеді. Бірақ ол кезде тек бір шелек қана су ағады. Жаңбыр жауған күні жаңбырдың суымен әлгі су жиналатын құбырларына су толып, соның арқасында көбірек су келетін кездер болды. Бірақ енді қазір күн ысып тұрған соң жаңбырдың суы да жоқ болды. Әкімшілікке осы мәселемен барғанымызда біресе «судың маторы күйіп кетті», біресе «әлі жасап біткен жоқпыз» деген сылтаумен шығарып салып жүрді. Сөйтіп жүргенде бір жаз өте шықты. Енді күз келді. Енді су болмаса білмеймін не істейтінімізді. Судың жоқтығынан балалар сабаққа беті-қолдарын жумай кетіп жүр…

Квартал Жаңақұрылыстың тұрғыны:

– Мамыр айы қалай басталды солай су жоқ. Біздің су жекеменшіктің иелігінде. Қандай компания екендігін білмейміз. Тіпті бізге судың түбіртегінде әкеліп бермейді. Судың ақшасын жинайтын Дидар есімді азамат жетінші ме әлде сегізінші ме көшеде тұрады. Олда осы Жаңақұрылыстың тұрғыны. «WhatsApp» желісінде ортақ чатымыз бар. Сол жерге жазып жібереді судың ақшасын төлеңдер деп. Адам басына 600 теңгеден. Ақша сұрағанда бәледей суды қоспайды маторымыз күйіп кетті деп. Күйген дәнеңесі де жоқ. Әдейі үнемдеу үшін өшіріп қойып, түнде жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда ағызады. Оның өзінде сыздықтап әрең ағады. Ішетін суымызды бірдеңе ғып толтырып аламыз. Жетпей қалса сатып алып ішеміз.

         

Квартал Жаңақұрылыс деп аталатын осы аумақта 7-8 көше бар. Ешқайсысында су жоқ, жол жоқ. Алғашқы екі көшеге екі күн бұрын біздің сұрауымызбен құм мен тас араласқан жол төсеп кетті. Енді мына қалған көшеге де төсеулері керек. Соның жолын тосып, келіп қалар деген үмітпен қарап жүрміз. Мына негізгі көшенің сол жағы біз тұратын жақ Алматы қаласы, Алатау ауданына кіреді. Ал оң жағы Алматы облысы Қарасай ауданына қарайды. Бұл жақтың жолын жасап жатыр. Бірақ қоқыстары тазаланбайды. Өстіп бықсып жатады. Өзгенікін айтып қоям өзімідікінің оңып тұрғаны шамалы. Қоқысты аптасына бір рет қана тазалайды. Ол бір аптада үйіліп, иісі шығып, таңертең таңғы самалмен терезеңізден кіргендегі иістің қандай болатынын айта алмаймын енді. Қоқысты аптасына екі рет жинаса онда қазіргіге қарағанда тазарақ болар ма еді деп ойлаймын.  Осы мәселелер тезірек шешілсе екен. Қашанғы осылай шулата береміз?

Судың мәселесін білмекке Дидар есімді азаматқа хабарласқанымызда ол кісі телефонға жауап бермеді. Ал қоқыстың мәселесін анықтауда тап сол жерде бақылаушы кассир кезігіп қалып, сол кісіден сұрап алдық.

Қоқысқа жауапты бақылаушы кассир:

– Аптасына екі рет жинай алмаймыз. Себебі үлгермейміз. Бұған біздің де кінәміз жоқ. Себебі міне жолдардың бәрі қазылған ойқыр-шұңқыр. Кеше ғана бұрынғы Сәтбаев деп аталатын көшеде қоқыс жинайтын көлігіміз түсіп кетті. Іске жарамсыз болып қалды. Кей көшелер тар болғандықтан көлік кіре алмайды. Міне мына балалар жаяу жүріп тасиды. Бұл балалар да біреудің басы байлы құлы емес адам баласы ғой. Алдымен жолды жасасын. Сосын біз мусоровозбен кіремізде қоқыстарды жинаймыз. Ал жаяу жүріп қоқыс жинауға біз бұл балаларды міндеттей алмаймыз. Өздерінің алатындары 5-6 мың теңге. Мен қалай оларға  «тасы мынаны» анау 1 км жерде жатқан қоқысты осы жерге әкеліп мусоровозға сал деп қалай айтам. Олардың да жұмысы оңай емес. Қаншама нәрсе бар ол қоқыстың ішінде. Жолды жасап берсін. Басқа көшеде жолдың бетін ғана жасап кеткеннен әне машинамыз түсіп кетіп отыр.

Квартал Жаңақұрылыстың тұрғыны:

– Мынау газдың құбырларының сырланбағына қаншама жыл болды. Сырты шіріп түсуге шақ қалды. Анау жарықтың токтарын қараңыз. Бір-бірімен шиеленесіп, салбырап тұр. Үлкен жүк көліктері өткенде ілініп қалып тогын үзіп,  жарықты өшіріп кетеді. Одан кейін тағы бір мәселе бірінші көшеде орналасқан моншадан аққан кір су жер астымен емес тура арықтан ағатын су құсап сыртқа ағып тұр. Айта берсек бұл жердің проблемасы көп. Бәрінен бұрын суымызды жөндеп, ағызып берсе болар еді. Ала жаздай моншаға түспедік қой.

       

Жаңақұрылыс тұрғындарының арыз шағымы бойынша Алматы қаласы, Алатау ауданының әкімідігіне барып халықтың сөзін жеткізген едік. Сұрағымызға Алатау аудандық әкімдігінің  коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы жауап берді.

Алмаз КЕҢЕСБАЙ, Алатау аудандық әкімдігінің  коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

-Квартал Жаңақұрылысты сумен қамтамасыз ету жекеменшік  иелер арқылы жүзеге асырылады. Атап айтсақ біріншісі «Шілдебаев» жеке кәсіпкерлігі. Жаңа сіз айтқан Дидар мырза сол жақта жұмыс істейді. Одан кейін «Ақниет» тұрғын үй кооперативі арқылы жүзеге асырылады. Судың жоқ болуына байланысты халықтың арызданып жатқан себебі қазіргі уақытта Алғабас шағын ауданының басқа бөлігінде су мен кәріс жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол Алматы қаласы «Энергетика және инфрақұрылым даму» басқармасының тарапынан жүргізіліп жатыр.   Шағым түсіріп жатқан тұрғындардың пайдаланып отырған су желілері, құбырлары ешбір картада, схемада, топосьемкада, қаланың ешбір базасында көрсетілмегендіктен судың құбырларын құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында  жарып кетіп жатыр. Бірақ  жарылған құбырларды бірден жөндеп, мердігер мекемелер жасап жатыр. Судың азаюы соған байланысты болып тұр. Ал енді әкімдік тарапынан бұл мәселені шешу үшін Алматы қаласы «Энергетика және инфрақұрылым даму» басқармасының тарапынан үшінші кезектегі жобасметалық құжаттар жасалып жатыр. Алла қаласа келесі жылы су мәселесімен Жаңақұрылысқа құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Оны жүргізгеннен кейін ол жердің тұрғындарында сумен мәселе болмайды деп үміттеніп отырмыз.

Ал жолға келер болсақ бюджетті тиімді пайдалану үшін бірінші кезекте су мен кәріс құбырлары жүргізіледі. Содан кейін жолды жүргізеді.  Ал қазір тұрғындардың сұрауымен 1-2інші көшелердің жолы нашар болғандықтан әкімдік тарапынан құм мен тас араласқан уақытша жол төсеп берді. Одан бөлек Алматы қаласы Мобильділік басқармасынан ескі асфальтті яғни үгітілген жолды  төсеп беру жоспарланған. Егер Мобильділік басқармасының тарапынан бұл ұсыныс мақұлданса онда бүкіл Жаңақұрылыстың көшелеріне уақытша үгітілген асфальтті төсеп береді.

Су мен кәріс құбырларын  жүргізу келесі жылы басталады. Сосын жаңа жол төселеді.

Ал  халықтың «суға төлем түбіртегін бермейді» деген арыз шағымы бойынша ештеңе айта алмаймыз. Себебі мемлекеттік органдар өкінішке орай жеке кәсіпкерліктің ішкі жұмысына араласа алмайды. Оларды тексеретін арнайы  органдар бар. Ал әкімдік ретінде олардың ішкі шаруасын тексере алмаймыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар