/////

Оралда «JAIYQ FILM FEST» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтті

3169 рет қаралды

10-18 қыркүйек аралығында Орал қаласында «Қала күні» мерекесіне байланысты сан түрлі шаралар өтті. Биылғы жылдың жаңалығы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және қала күні мерекесіне орай бастау алған «JAIYQ FILM FEST» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі болды.

«– Біріншіден, мұндай фестивальдер көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты мегополистерде ғана ұйымдастырылып келеді. Ал, шағын қалаларда өтпейді. Мәселен, Канн кинофестивалін ұйымдастыру арқылы Францияның осы қаласы бүкіл әлемге танымал болды. Халқы бар болғаны 74 мың адам. Яғни, тұрғындар саны біздің Оралдан бірнеше есеге аз. Канн қаласы осы фестиваль арқылы іргесінде орналасқан Ницца, Монте-Карло қалаларының да туристік-экономикалық әлеуетінің дамуына серпін берді. Біздің мақсат Оралда туризмді дамытуға үлес қосу. Әрине, бірден бола қоймас. Десек те, Орал – өте әдемі қала. Кино түсірушілер үшін камера нысанына алатын объектілер де жетерлік. Осы орайда ХІХ, ХХ ғасырдан сақталған сәулет ескерткіштерін таныстырсақ дейміз. Бұдан бөлек, Оралдан эксклюзивті өнерімен танылған дарындар мен таланттар аз емес. Осы фестиваль кино саласындағы жаңа толқынның дамуына сеп болады деген сенім бар», – дейді  Батыс елінің тумасы, фестиваль директоры Алпамыс Шаримов.

       

Кинофестиваль 17 қыркүйек күні Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешева бастаған кино өнері майталмандарының қызыл кілемдегі шеруінен басталды. Қызыл кілемдегі қонақтарды қарсы алу рәсімінен кейін кинофестивальдің салтанатты ашылуы болды. Фестивальдің ашылуы барысында оның мақсат-міндеттері мен жалпы бағдарламасы таныстырылып, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Tokyo New Cinema түсірген «Конокрады. Уақыт жолдары» фильмінің тұсаукесері өтті.

   

Фильм жайында қысқаша айтар болсақ, фильмнің режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Лиза Такеба (Жапония). Фото режиссері: Азиз Жамбакиев (Қазақстан) Рөлдерде: Дулыға Ақмолда (Қазақстан), Самал Еслямова (Қазақстан), Мирай Морияма (Жапония), Мади Минайдаров (Қазақстан) және т.б. Фильм осыған дейін 2019 жылдың 3 қазаны күні 24-ші Пусан халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетілген. Фильм режиссері Ерлан Нұрмұхамбетов және басты рөлдердегі Самал Еслямова мен Мади Минайдаров фестиваль қонақтарының қатарында болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, кинофестивальдің жүлделі номинациялары мен қазылар алқасы да таныстырылды. Фестивальға әлемнің сан тарапынан 100-ден астам өтінім түссе, ұйымдастырушылар осылардың арасынан 9 мемлекет ұсынған 31 фильмді әділқазылар алқасының сараптауына жолдаған.

Ал, Орал жұртшылығы болса 17-18 қыркүйек күндері шынайы мерекені бастан кешті. Киносүйер қауым 31 фильмді«City Center»сауда-ойын сауық кешеніндегі кинотеатрда әділқазылармен бірге тамашалап, «Көрермен көзайымы» номинациясында ұнатқан фильмін таңдады. Қазылар алқасының құрамында Мерует Өтекешова, Самал Еслямова, Алтынай Нөгербек, Ерлан Нұрмұхамбет, Жеңісхан Момышев, Талғат Тайшанов, Айгуль Черендина, Асланбек Губашев сынды кино әлемінің сарапшылары болды.

Бұл күндері кино көрсетілімдерден бөлек, фестиваль қонақтары да өз сыйларын тарту етті. Жас кино сүйер қауым үшін танымал актриса Дариға Бадықова мен актер Рамазан Амантайдың, танымал теле және кинооператор, танымал кинотуындылардың операторы, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Киноөнер және телевидение» факультетінің деканы, қазақстандық киноәлемге арналған «Жас толқын» журналының бас редакторы Талғат Тайшановтың шеберлік сағаттары өткізілді. «Актермен бірге» айдарында көрермендер басты рөлді сомдаған Алтынай Нөгербекпен бірге «Анаға апарар жол» кинокартинасын тамашалады.

18 қыркүйек күні кинофестивальдің жабылу салтанатында 2 күннің қорытындысында 10 номинация бойынша анықталған жеңімпаздар жарияланып, марапатталды. Жеңімпаздар қатары келесідей:

Қысқаметражды кино:

«ҮЗДІК ФИЛЬМ» – «Обуза», режиссеріМанзарали Шерали, Тәжікстан. «ҮЗДІК РЕЖИССЕР»– «Анвар», режиссері Шохжахон Субхонов, Өзбекстан.

«ҮЗДІК СЦЕНАРИСТ»–«Құдаша қыз», режиссері Қалмұқаметова Әйгерім, Қазақстан.

«ҮЗДІК ЕР АДАМ БЕЙНЕСІ» – «Бульмастиф», актер Евгений Ламах, Украина.

«ҮЗДІК ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» – «Обуза», актриса Саодат Сафарова, Тәжікстан.

«ҮЗДІК ҚОЮШЫ-СУРЕТШІ» – «Бульмастиф», режиссері Ольга Злобина, Украина.

«ҮЗДІК ОПЕРАТОРЛЫҚ ЖҰМЫС» – «Ормо», режиссері Алиса Тареличева, Грузия, Россия, Украина.

«ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ АРНАЙЫ СЫЙЛЫҒЫ» – «Нағашымның әңгімесі», Қазақстан, Орал.

«КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ» – «Бойцовская рыбка», режиссері Сергей Батаев, Ресей.

Қысқа метражды фильм:

«ҮЗДІК ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ»  – «Скользкая дорога», режиссері Гульнара Айтмаматова, Қырғызстан.

   

Кинофестивальдің салтанатты ашылу және жабылу рәсімдері барысында фестиваль қатысушылары фестивальға ZOOM бағдарламасы арқылы тікелей эфирге қосылды. Фестиваль жеңімпаздарын жариялау кезінде Украина, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің жеңімпаздары қуанышты жаңалықты залдағы көрермендермен бірге естіп, тікелей байланысқа шығып, ризашылықтары мен шексіз қуаныштарын жасырмады.

«JAIYQ FILM FEST» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі«Қала күні» мерекесінің ажарын ашқан айрықша шара, ал қала жұртшылығы үшін естен кетпес сәттер сыйлаған елеулі оқиға болды. Қимай қоштасқан ұйымдастырушылар, фестиваль қонақтары мен қала тұрғындарының тілегі де бір жерден шықты. Ол тілек – «кинофестиваль жыл сайынғы дәстүрлі мерекеге айналсын, әр жыл сайын қуана қауышатын ортақ алаң болсын, фестиваль Канн фестиваліндей ғұмырлы болсын».

Альфия Шамаева, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар