//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2311 рет қаралды
Сурет интернеттен алынды

23.09.2021 жыл

Біритан (Англ) еліндегі алғашқы қадам. Бірден айтайын: Мен мұнда “жақсы” өмір сүрейін деп келмедім. Бар мақсатым: Балам мен жарымның білімін арттыру. Құдай бұйыртса бір жыл болмақпыз. Тұманды Әлбиөн ашық аспанымен қабылдады. Міне біз Ниукәсілдеміз. Мына ақсақал жұбайымен және тайваньдық келіншек вокзалдан күтіп алды. Осы атаның үйін алдын ала жалға алғамыз. Көңіл күй қазіргі жағдаймен жаман емес. Орайына қарай. Қысқаша жазып тұрамын. Достар қызықтауы мүмкін ғой…..

25.09.2021

Бүгін Әңгілияның (Ангилия) Ниукәсіл (Newcastle) қаласына келгенімізге үшінші күн. Төмендегі суреттегі үйге орналастық.

Қазір 10 күн карантиндеміз… Мұнда келген мақсатымызды өткен бірінші жазбамда айтқамын. Болысына жарай оқырманыма, арт жақта, елдегі біз үшін екі көзі төрт болып алаңдап отырған ағайын-туыс үшін көрген-білгенімді жазып тұруды уәде еткемін. Уәде құдайдың аманаты. Бірер-жарым адамдар келу мақсатымды және қалай  келгенімді, бұл сапарға қалай дайындалғандығым, қандай қаражат-шығындар қажет болғандығы жайында да жазуымды сұраған екен. Рахмет, оларға, назар аударып жатқандарына.

Менің үй-ішіммен Біритан (Британ) еліне қоныс аударғанымды елден түбегейлі кетіп қалғанымдай қабылдап жатқандар да бар екен. Онысы да жөн ғой. Соңғы жылдарда Қазақстаннан небір жақсы, білімді, ойлы азаматтар жыраққа, шетелге қоныс аударып жатқаны жөнінде ақпарат көп. Жайлы тұрмыс, жағымды жұмыс іздеп сырт елге шығып кеткендері де бар. Сондай-ақ, Түркиядан барып үй-жай сатып алып, онысын жерден алтын тапқандай жарнамалап жатқандар да елдің көңілін әлеуметтік желілер арқылы бөліп, әбден алаңдатып  бітті.

Сондықтан бізді де жайлы қоныс, жақсы тұрмыс іздеп кетті ғой деп ойлаулары да дұрыс қой. Ағайын, шет елдің дәм-тұзын бір кісідей татқан жанның бірі менмін. Зарығып жүріп көрген жұмағымды – Қазақстанымды қу құлқынның қамы үшін тастап кетсем, онда менің адамгершілігім, азаматтығым, арыма сын болмай ма?  «Пәлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр түгіл жауылша да жоқ» деп ата-бабам бекер айтты ма?  Атажұртымнан ат-тонымды ала, бас сауғалап қашатындай ел дәулетінен ішіп-жеп қойғаным бар ма еді?  Жоқ! Қара басының қамы үшін елден-жерден аууды ерліктің ісі демеймін. У ішсең руыңмен деп халқым бекер айтпаған.

Туған елден, туған жерден жырақтайтындай не басымызға күн туыпты. Туған елдің қара наны мен қара суы жат жерде жеген бал мен шекеріңдей емес пе. Біз елден біржолата кеткеміз жоқ. Біз, қайталап айтайын, сеніңіздер, бір жылға жарым мен баламның оқуына байланысты мұнда келдік. Бізде басқа мақсат жоқ. Білімді, білікті ұрпақ өзімізге һәм елге керек….

26.09.2021 жыл.

Ниукәсіл (Newcastle). Бүгін төртінші күн. Аспан көк. Шайдай ашық, Ауа тұнық. Құдды Арқаның аспаны. Көкпеңбек. Біз келгелі жарқырап күн шығып тұр. Тұманды Әлбион тым жайдары. Ниукәсіл индустралді қала дейді. Ыстың иісі де сезілмейді. Түтіні ширатылған мұржалар да көзге түспеді. Көше тыныш. Түн баласын қойып, күндіз де құлаққа ұрған танадай. Алматымның шуылынан шыққан маған мына меңіреу тыныштық бір түрлі екен. Алыс, адамы сирек пансионат-демалыс орынында жатқандаймыз.

Сыртқа, шығарға көз салам. Күз белгісі бар. Қоңыр салқын. Шамамен күндіз он бес, он сегіз градус.  Уақыт айырмашылығын, яғни жергілікті уақытқа қарай бейімделіп келе жатқан сияқтымыз. Әлгі адам баласы «үш күнде көрге де үйренеді» деген сықылды. Бірақ Ақтанай, балам үш күн бойы тұрмады. Мамасы неше мәрте шақырып, әке-көкелеп, бірде, арасында ұрыса да жүріп тамаққа әрең келтіреді. Сөйлемейді, үн-түнсіз келіп, томсырайып, түсін салып отырып тамақ ішеді де бөлмесіне барып тас бүркеніп жатып алады. Түс  ауа әлде кімдермен ұзаақ сөйлеседі.

Бір жолы кіріп барып:- Тұршы балам, жамбасың тесілетін болды ғой, не болды саған?,- десем,- Әке, шығып кетші,- дейді. Сонан соң жымидым да: – Ағылшынша айт,- дедім. Ол іркілместен,- Гэт аут!- дегенде селк ете түсіппін ғой. Шыға жөнелдім. «Бүйте берсе мынау ауырып қалады» деп мамасы күңкілдеп жүр. «Жолда шаршаған шығар, үйден шығып көрмеген неме» деп, түсіністікпен қараған болып, ақырындап, аттың аяғына отырғандай жақындап сұрасақ, достарын сағынып жатқан көрінеді. Айтысына қарағанда кейбір жолдастары жылап, мұның жоқтығынан жалғызсырап қалғанын айтып мұңын шағынғандары да бар секілді. Кеше кешкісін Талдықорғандағы ағасы Рауан мен жеңгесі Райханмен сөйлесіп іштегі «шерін» тарқатқан секілді кешкі асқа көңілді келді. «Менің ашылып сөйлесетін адамдарым бар» деп қояды.  Мамасының сүрі қазыны қосып жасаған балауын сүйсініп жеп алды.

Балаудың күрішін, тағы біраз көкөніс, тағамдарды біздің бір неше күн карантинде болатынымызды білген сияқты үй иесі ақсақал  мен оның кемпірі бір құдайға қараған жандар екен алдын ала әкеліп әзірлеп қойыпты. «Біздің үйде пайдаланатын адам  жоқ, босқа тұр. Сендерге қажет болады» деп принтерлерін және әкеп бергені. Алдыңғы күні әлгі  бізді вокзалдан күтіп алатын тай келіншек таң атпай келіп бірлі жарым ыдыс аяқ және тамақ әкеліп беріп кетті. Кәдімгідей қысылып қалдық. Есенгүлге айтып жатырмын, «есесін қайтарасың ғой, қарыз боп қалмайық»,- деп.

Әкелген тағамдарының ақысын ұсынып едік зәрезеп болып алмады. Рахметті жаудырып, қашан үйтуші едік, алақанымызды кеудемізге басып, ілтипат жасап шығарып салдық… Қазір ойлап отырмын. Осы қолқабыс, қамқорлық, қайырымдылықтың барлығының басында кісілік, адамгершілікті алғап барлық-жеткіліктілік, жетісіп жүргендік тұр-ау деп. Ал егер өзінікі өзіне жетпей, етектен алып жеңіне жалғап жүрсе байтал түгіл бас қайғы болмас па? Өзім де зейнеткермін ғой, мен де біреуге осындай қол ұшын беріп, қамқорлық, қайырымдылық жасайтын қауқарым бар ма деп ойланееп отырмын… Тым болмаса әлеуметтік желіде алушы іздеп күнде жазып жатқан Софы Сматаев ағамның жиырма бес томдығын да сатып ала алмай кеттім…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар