/////

Есенгүл Кәпқызы: Азаматтық журналистер жобасы www.minber.kz сайтын өңірлерге танытты

3264 рет қаралды

“Мінбер” ақпарат агенттігі Қазақстандағы Internews өкілдігінің «Азаматтық журналистер» жобасына қатысып, жеңіп алған еді. Жоба осы жылдың Наурыз айында басталып, Қыркүйек айында аяқталды. Жобаға Қазақстанның түкпір түкпірінен азаматтық журналистер қатысып, бағын сынаған еді. Солардың ішінен жеті журналист мәреге жетті. “Мінбер” сайтының осы жоба барысында атқарған жұмысы жайында Қазақстандағы Internews өкілдігінің www.internews.kz сайтында «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы, медиатренер Есенгүл Кәпқызының сұхбаты жарияланды. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

Қазақстандағы Internews өкілдігінің «Азаматтық журналистер» жобасы тұрғындардың өзі өмір сүретін ауыл-аймақтағы проблемасын медиада жариялап, өзгеруіне және айналасын жақсы жағына өзгертуіне берілетін мүмкіндік екен. Жобаның биылғы жеңімпаздарының бірі — «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы, медиатренер Есенгүл Кәпқызымен сұхбат осы ойды тарқатып берді. Есенгүл Кәпқызы Қазақстанның түкпір-түкпірінен журналистік тәжірибесі жоқ адамдарды жинап, журналистиканың қыр-сырына баулыды. Азаматтық журналистер ірі медианың назарынан тыс қалып жататын тақырыптарды қозғап, қаншама мәселенің шешілуіне түрткі болыпты. 

«Азаматтық журналистер» жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында 2019 жылы басталды. 2020 жылдың соңында 2021 жылға өтініштер қабылданып, Қазақстан мен Тәжікстаннан барлығы 23 өтініш келіп түсті. Іріктеуден кейін Қазақстаннан — 6, ал Тәжікстаннан — 3 медиа жеңіске жетті. Солардың бірі — «Мінбер» ақпарат агенттігі.

Есенгүл Кәпқызы байқаудың басталғанын Facebook-тегі Internews in Kazakhstanпарақшасынан және Медиа & Мен тобынан көріпті.

— Хабарландыруды көрген сәтте «Бұл жоба менікі болады. Қатысамын» деп шештім. Бұған дейін Internews-тің «Covid-19 және әлеумет» деген жобасына қатысып, жақсы контент жасаған едік. Содан кейін сенім пайда болды. Құжаттарды жинап, өтініш жібердік. Іріктеуден өтіп, жеңімпаз атанғанда қатты қуандым. «Әлеуметтік проблемаларды қозғаймыз» дедік. Жалпы өңірлердегі әлеуметтік проблемалар медиада аз айтылады, сирек жазылады. Сондықтан жоспарым — әлеуметтік мәселелерді көтеру болды. Жобаға қатысатын азаматтық журналистерден өтініш қабылдай бастадық. Көп адам өтініш жіберді. «Журналистпіз, журналистикадан тәжірибем бар» деген өтініш иелерінен басқасының бәрімен сөйлестім. Өйткені бұл жоба журналистика мамандығын оқымаған, журналистика саласында жұмыс істемеген, бірақ қазақстандық медиада маңызды да пайдалы әрі қызық оқиғалар туралы хабар таратқысы келетін адамдарға арналған. Содан 20 адамды іріктеп алдым. Адам табиғаты белгілі ғой. Жобаның соңына қарай 8 адам қалды. Авторларға қойылар талап біреу — айына 3 материал жазу. Мейлінше көп материал жариялауды мақсат тұттым. Келіп түскен өтініштерді наурызда іріктеп, сәуірде қатысушыларды журналистиканың машықтарына оқытып әрі материал жариялай бастадық. Жоба қыркүйекке дейін жалғасып, азаматтық журналистеріміз жазған 100 шақты материал «Мінбер» сайтында жарияланды. Арасында сұхбаттар, талдамалы материалдар болды. Материалдардың көбі әлеуметтік мәселелерге арналды. Авторларға қаламақы төленді, — дейді Есенгүл Кәпқызы.

Қатысушылардың бәрі журналистикадан тыс саланың маманы болған соң әуелі оларды журналистиканың негізгі машықтарына оқытатын вебинарлар сериясы болды. Бұдан бөлек Есенгүл Кәпқызы авторлармен кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап беріп отырыпты. Әр материалды жариялардан бұрын оларға қандай қате жібергенін, ақпаратты қалай тексеріп, дереккөзін анықтауға болатынын түсіндіреді екен.

«Менің ойымша, біздің мектептен өткен адамдар әлеуметтік желіден оқыған, көрген ақпаратты сайтқа шығара салуға болмайтынын түсінді. Ақпаратты тексеру, шынайы ақпарат па, жалған ақпарат па, қайдан тарап жатыр, жариялауға болатын не болмайтынын білді. Жоба енді басталғанда мұны білмейтін еді. Тіпті жай біреуден естіген ақпаратты жариялауға ұсына салған қатысушылар да болды. Оларға ақпарат дереккөзінің кім екенін және сенімділігін анықтап, ресми органнан комментарий алуын тапсырдым. Өйткені міндетті түрде баланс сақталуы керек. Бұл үшін тараптардан, ресми органдардан жауап алу шарт. Егер жауап болмаса, материал жарияланбай, жауап күттік. Сосын сосын ашық дереккөздерден ақпарат алуды, мемлекеттік сатып алу порталынан мәлімет іздеуді, Flourish сервисінде визуализация жасауды үйреттім. Бәрі бірдей үйреніп кетпесе де Flourish сервисін пайдаланып, материал жасағандары болды».

«Азаматтық журналистер» жобасы аясында жарияланған мақалалар шалғайдағы біршама мәселенің шешілуіне ықпал етіпті әрі азаматтық журналистердің редакцияға жұмысқа орналасуына сеп болыпты.

— Мәселен, Алматы облысының Ескелді ауданындағы авторымыз Арайлым Нұржанқызы аудан басшылығына барып, қайта-қайта сұхбат алып, сұрау салып, «Ескелді ауданында 49 миллион теңгеге салынған жолдың сапасы сын көтермейді» деген мақала жариялады. Мақаладан кейін жол қайта салынды, бірақ сапасы мәз емес. Мұны да жаздық. Сол аудандағы жайылым мәселесін көтердік. Бір адам жайылым жерді қоршап алып, шұңқыр қазып тастаған. Сол мәселені көтеріп, сайтта жарияланғаннан кейін шұңқырларды жапты. Альфия Шамай деген авторымыз  Оралдан жазып тұрды. Ол материалды тереңінен зерттеп жазады. Қысқартайын десең қысқартатын дәнемесі жоқ. Жан-жақты қамтып, ашық дереккөздерден де мәлімет, ресми органдардан да комментарий алады, талдамалы материалдар жасай біледі. Арайлымның да, Альфияның мамандығы — педагог. Бірі бастауыш пәні, екіншісі шет тілі пәні мұғалімі. Десе де журналистиканы жақсы көріп, осы салаға ауысуды қалайды екен. «Азаматтық журналистер» жобасына қатысып, мақалалары жарияланған соң оларды жергілікті газеттер жұмысқа шақырды, — дейді Есенгүл Кәпқызы.

Авторлардың қатарында бір-екі тақырыпты үнемі қазбалап, қайта-қайта соған оралып, мақалалар сериясын жазғандары да бар. Солардың бірі — астаналық Жанар Байтілес. Ол көбіне-көп ерекше жандар және көпбалалы аналар проблемасын жазыпты. Министрлік алдында өткен ерекше жандар мен көпбалалы аналардың жиындарынан ақпарат таратты. Көптеген медиа бұл оқиғаны елеусіз қалдырып жатса, Жанар сол жерде жүрді. Мәтін ғана емес, фотовидеолар да түсіріп, ұсынды. Министрлік өкілдері жиналған аналармен кездесуге шығып, депутаттар қабылдауына Жанардың да материалдары сеп болса керек.

«Жанар бір тақырыпқа қайта-қайта оралып, алып жүреді. Ерекше жандар, әйелдердің зейнет жасы туралы жиі жазды. Журналистика деген солай болуы керек. Бізде бүгін жазып, ертең ұмытып кетіп жатады».

Ал Назерке Сексенбайқызы Алматыдағы Қытай консулдығының алдына жиналған аналардың мәселесін көтерді. Сол жерге бірнеше рет барып, ақпарат таратты.

— Ауыл әкімдерін сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушы болып, Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдардың бірінде өткен сайлау барысынан репортаж жасады. Осы мақаладан кейін Алматы облысы әкімінің кеңесшісі хабарласып, түзету комментарий берді. Жалпы «Азаматтық журналистер» жобасынан кейін бізге жергілікті ресми органдар жиі хабарласып, назар аудара бастады. Атыраудан Ізбасар Қалиев деген жігіт болды. Ол Атыраудағы ауыл шаруашылығы мәселесін жазды. Шекара дауы болғанда өте жақсы материал берді. Көп оқылды. Аида Тақабаева деген авторымыздың материалдары қызу талқыланды, — дейді бас редактор.

Ауылдардың проблемасы республикалық ірі медианың назарына ілінбей қалып жатады. Ал азаматтық журналистер жариялаған материалдар сондай проблемалардың елеп-ескерілуіне де түрткі болыпты. Мәселен, Әлия Әбілсейітқызының «Олимп ауылының тұрғындары өздері тұрғызған трансформаторды жалға алуға мәжбүр. Даудың басы сыйға тартқан жерден басталды» деген мақаласынан кейін «Еуразия бірінші арнасының» тілшілері редакцияға хабарласыпты. Тұрғындардың байланыс нөмірлерін алып, ауылға барып, түсірілім жасап, телеарнадан сюжет көрсетіпті.

— Бізде қиыны — ақпарат алу болды. Жауап алу үшін «Мінбер» атынан ресми хат жолдаймыз. Соны біраз күтеміз. Бір айта кетерлігі — бізді ресми мекемелер ақпарат құралы ретінде мойындап, назар аудара бастады. Бір жыл бұрын «Мінбер» туралы білмейтін еді, қазір біледі. Әсіресе аймақтар көбірек таныды. Жалпы жобаға қатысушы авторларымыздың мотивациясы күшті болды. Біз әлеуметтің үнін жоғарыға жеткізгіміз келді. Қазір жұртшылық көп ақпаратты сайттан алады. Сайтты оқиды, бірақ қазақ оқырманына не керек екенін түсінбедім. Жұлдыздардың қосылғаны-ажырасқаны көп талқыланады, ал өңірлердегі әлеуметтік мәселелер талқыланбайды, қаралымы аз болады. Бұрын 2000 жылдары әлеуметтік мәселелерді қозғап, оқиға орнына барып, жазып жүрдік. Аяғымыздан таусылып жүріп, жазатынбыз. Қазір сол үрдіс жоғалып кетті. Орыс тіліндегі сайттарда жекелеген адамдардың проблемасы арқылы әлеуметтік проблеманы жеткізу байқалады. Ал қазақша сайттарда «ұрып кетті, соғып кетті, ажырасты, қосылды» деген ақпараттар көп қаралады. Сонда да сайтымызда әлеуметтік салмақты мәселелерді көп жаздық. Қаралымы салыстыра қарағанда аз болуына да мән бермедік. Сайттағы тақырыптарымызды қарасаңыз, кликбейт жоқ, — дейді Есенгүл Кәпқызы.

Ол келер жылы да «Азаматтық журналистер» жобасына қатысқысы келеді. Өйткені өте пайдалы жоба болыпты.

«Біріншіден, “тәлімгер” деген сөзді жақсы көремін. Бұған дейін университеттерде, жалпы “Мінбер” жобалары аясында сабақ беріп, тренингтер өткізсем де осы жолғы тәлімгерлікті жоғары бағалаймын. Өйткені нақты нәтижесін көріп отырмын. Берген білімім, үйреткен машығымның нәтижесі көз алдымда көрініп жатыр. Өзімді “тәлімгермін” деп айта аламын. Біраз адамның журналистиканы дұрыс үйренуіне себепкер болдық. Медиа этикасын, ақпарат тексеруді үйреттік. Екіншіден, өңірлерден журналистер көбейіп, өңірлердегі проблеманы көтере білдік. Үшіншіден, сайттың танымалдылығы артты. Егер келер жылы да мүмкіндік берсе, бұл жобаны жалғастырғым келеді».

Осы орайда бірнеше азаматтық журналистке хабарласып, жоба оларға не бергенін білдік.

Жанар Байтілес, «Азаматтық журналистер» жобасының қатысушысы:

«Азаматтық журналистер» жобасы туралы қайдан естігенім де қызық. Биыл ақпан айының бір түні: «Осы журналистика саласы өте тартымды. Шіркін, бір курс оқып шығып, өзімді осы салада сынап көруге мүмкіндік болса ғой» деп ойланып қалдым. Ертеңіне әріптесім Minber.kz сайтынан сілтеме жіберіпті. Ішінде Азаматтық журналистика жобасы туралы хабарлама бар. «Не ғажап» деп таң қалдым. «Бұл ғаламнан келген белгі» деп танып, өтінішті толтырдым.

Бұл жобаға қатысуым — ақпаратты жинап, дұрыс қорытып, аз уақытта материал дайындап шығару машығын үйретті. Internews ұйымдастырған көптеген вебинарда спикерлер үйреткен фотовидео түсіру, өңдеуді меңгеріп, қазір жұмысымда да, тұрмыста да қолданып жүрмін.

Ерекше жандар проблемасына үнемі назар аударуыма себеп: өзімнің негізгі жұмысым әлеуметтік осал топтармен байланысты. Сондықтан да көпбалалы аналардың проблемалары таныс әрі түсінікті. Олар жиналған кезде барып, ақпарат тараттым. Кейін келе сол аналар менің телефон нөмірімді мүгедектігі бар жандармен бөлісті. Олар өз тарапынан жоспарлап отырған іс-шаралары жөнінде ақпаратты тарату бойынша қолдау көрсетуімді сұрады. Ерекше жандарды мазалайтын мәселелер жай жұртшылыққа аса қызықты болмаған соң медиа да көп назар аудара бермейді. Сондықтан азаматтық журналист ретінде бұл топ өкілдеріне жәрдемдесу керек екенін дұрыс деп шештім».

Арайлым Нұржанқызы, «Азаматтық журналистер» жобасының қатысушысы:

«Азаматтық журналистер» жобасы туралы әлеуметтік желілерден білдім.

Менің өмірім жобаға дейінгі және кейінгі болып екіге бөлінеді. Бұрын өлең, оқиға жазумен ғана шектелетін едім. Сөйтсем ақпарат жинап, сұхбат алып, мақала жазу да қолымнан келеді екен. Мұны маған осы жоба дәлелдеді. Күнделікті тапсырмалар, пайдалы сабақтар, білікті тренерлардың арқасында небәрі 6 айдың ішінде тісқаққан тілші болып шықтым. Сол үшін де жоба ұйымдастырушыларына, “Мінбер” сайтына алғыс білдіремін.

Мен осы жобада жүріп, журналист болып жұмысқа орналастым. Мамандығым — педагог. Сондықтан “журналист ретінде жұмыс істеймін” деген ой мүлдем болмаған еді. Алайда “Мінбер” сайтында жазған материалдарыма, жалпы 5 ай ғана болған журналистік жолыма қарап “Жетісу шұғыласы” газеті мені жұмысқа алды. Қазір бір басылымның тілшісімін».

Альфия Шамаева, «Азаматтық журналистер» жобасының қатысушысы:

«Қазір заман талабына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін жасың не ұлтың аса маңызды емес, ең алдымен білім, білік, тәжірибең болуы керек. Сол себепті оқу, тренингтерді үнемі іздеп жүремін. “Мінбер” сайты “Азаматтық журналистер” жобасына қатысуға өтініш қабылдай бастағанда еш ойланбастан “өтініш жіберемін” деп шештім. Біріншіден, жетекшім — Есенгүл Кәпқызы болады екен, екіншіден, жас ерекшелігі жоқ, үшіншіден, журналистика қатыссыз азаматтарға арналған. Егер бәріміз бірігіп өзгерістер әкеле алатын болсақ, неге бақ сынап көрмеске?! Сөйтіп өтініш жібердім. Жобаға қабылданғаным туралы қуанышты жаңалық келді.

Бұл жоба оқыту мен тәжірибені бірге қамтыған. Наурыз-тамыз аралығында әр аптаның бір күні журналистика саласының үздіктері журналистика негіздері мен кәсіптің қыр-сырын үйрететін 2-3 сағаттық тренинг өткізді. Апта сайын азаматтық журналистер чатында кураторларымыз тақырыптар мен оларды жазуға арналған дәстүрлі жиналысымызды өткізіп тұрды. Соның арқасында материалдарды дайындау аса қиын болмады.

Бұл — мен үшін кәсіби журналистиканы оқыту бойынша қысқа уақыт ішінде жан-жақты, сапалы білім мен дағды, тәжірибе берген жоба. Әйтпесе осы машықтарды үйрену үшін арнайы курстар іздеп, ақы төлейтін едім. Ал мұнда тренингтің барлығы тегін, кураторлармен болады, барлық тренермен кері байланыс бар. Жалпы азаматтық журналистер жобасына қатысу — кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік берді. Бұрын да қоғамдағы өзекті мәселелерге немқұрайлы қарай алмасам, қазір мүлдем басқаша көзбен қараймын. Қазір айналадағының бәрі тақырып. Жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Негізгі мамандығым — шет тілі пәнінің мұғалімі, бірақ қазір мұғалім емеспін. Аудармамен, әлеуметтік жобалармен айналысамын, соңғы жылдары коммуналдық мекемеде БАҚ-пен байланыс маманы болып қызмет етемін. «Азаматтық журналистер» жобасы маған жаңа мамандықты, жаңа кәсіпті игеруіме мүмкіндік берді. Өмірімді жақсы жағына өзгерткен, мүмкін бірге өзгерген жаңа достар таптым».

Айтпақшы, MediaCAMp Fest 2021 медиафестивалі аясында Internews өкілдігінің «Азаматтық журналистер» жобасы бойынша ішкі байқауында «Ветер перемен» номинациясы бойынша Арайлым Нұржанқызы жеңімпаз атанды. Оның жол сапасының сын көтермейтінін баяндаған материалдар циклі үздік деп танылды. Сондай-ақ, осы байқауда «Үздік азаматтық журналист (Тәлімгер таңдауы)» номинациясын Альфия Шамаева жеңіп алды

Авторы Жәнібек Нұрыш.

www.internews.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар