////////

Ділдәр Мамырбаева: Ит – жады (әңгіме)

1669 рет қаралды

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі,  жазушы Ділдәр Мамырбаеваның Ит-жады әңімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

Адамдардан көңілім қалғанда мен сендерді дос тұттым.

Бұл менің кішкентай, тіптен кішкентай кезімде болған оқиға. Еңісі, қыраты, дөңі көп күзеуге көшіп келген кезіміз. Үйден таяқ тастам жерде жыңғылды тоғай. Еңіс қуалап ағатын жылға. Оның жиегіндегі құрақ, қамыс, қоға, сексеуіл қайтқан құстың әуеніне қосылып шулап жатады. Жыңғылдың ақ, қызыл, қызғылт гүлдері шоқтанып, топтанып көз тартады да тұрады. Апам оның қабығы мен тамырын алып тері бояйды. Қабық теріп келуге мені жұмсайды. Сеңгірлекпен шатастырма дейді. Сеңгірлек – ақ таспа. Тоғайға келгенде әдеміліктен басым айналады. Ағаш, бұталардың жапырағы мен гүлдерін түнімен кім бояп қоятын болды екен деп ойлап, аңдығым келеді. Күн болар бәлкім деп,  одан тез айнимын. Атып келе жатқан таң бояу шашырататын шығар дегенге тоқтаймын. Ертемен мен де келіп сол бояуға малынып боянғым келеді. Ақ, қызыл, қызғылт, сары, күлгін… Түу, айта берсең көп.

Кенет алдымнан тайыншадай денелі ит шыға келді. Ақымақтанып тұрғандай: «ау-у-у-у» деп дыбыс шығарды. Үре алмайтын да ит болады екен-ау деймін. Ол мені жеп қойғысы келіп тұрғанын білдім. «Ау-у-у» деді. Өз-өзінен тиышсызданып, мазасы кетті. Мен Құттыаяқты ертіп шықпағаныма енді өкінгендеймін. Мына иттен қорқайын дедім. Ол болса тұмсығын төмен салып жіберіп, аяқтарымен топырақты боратып жіберді. Бұрқасын басталып кеткендей. Шолақ құлағы едірейіп сезімтал, иісшіл Құттыаяқтың келе қалмасы мұндай жақсы болар ма… Тайыншадай ит етегімнен тартып қалғанда менің басым бұтаның түбіне тиді ме, әлде қорыққаннан есім кетті ме, әйтеуір дүние қыбыр-қыбырға, жыбыр-жыбырға айналып, ілбіп қалған. Тайыншадай иттің ышқынғанын, Құттыаяқтың өршелене, шабалана үргенін еміс-еміс естимін. Үй, ауыл алыстап, тұрған жерінен шегініп бара жатты. Бірнәрседен қарманғым келіп қолымды ашып, жұматын секілдімін. Басым даңғазадай болып, жүрегім лоблып, құсқым келгенде есім бір жиналды-ау деймін, тайыншадай иттің «ыр» ете түсіп, жорта жөнелгенін байқап қалғандаймын. Еңіс, дөң, қырат, қамыс, қоға жылжып бара жатқандай. Құттыаяқ та қалжырап, даусы қарлыққан. Дөңгеленген жермен бірге екеуміз де дөңгеленіп барамыз. Есім жиылғандай болды. Айналам дабыр-дұбыр. Әудем жерде жатқан Құттыаяққа қарадым. Көзі бозарып кетіпті. Ағаш бұтағындағы көкек сұңқылдады, құр құрқылдады. Айналамдағы гүлдер қурайға айналып кетіпті. Ағаштарды, гүлдерді бояйтын бояуды іздеп басымды көтердім де, қап-қара  шыңырауға түсіп, шыға алмай арпалыстым.

Мені ауылға көтеріп келіпті. Аяқ-қолым, сүйегім дін аман. Бастың ішіндегі тетіктердің біреуі үзіліп кетсе ол да Алланың бұйрығынан шығар деп, таңдайымды көтеріп, қара ешкінің өкпесімен аластап, жатқызып қойды. Киіз үйдің есігі түрулі. Құттыаяқты көріп жатырмын. Тілі алақандай болып салақтап кетіпті. Екі бүйірі деміккеннен көтеріліп басылады. Менің өзіне қарап жатқанымды білді де, ыңыранып орнынан сүйретіліп тұрғысы келді. Қарны жарылыпты, ішегі шұбатылып жатыр. Көршы, сынықшы Иманбек ата келіп ішегін ішіне тығып, қарнын тікті. Иттің қабағы, ұрты салбырап кетіпті.

Жаным шыдамай көзімді жұмып алдым.

– Құтырған қасқыр болмаса ауыл шетіне қалай келіп жүр? – Иманбек ата қасындағы жас жігіттен таңдана сұрады.

– Қалай деріңіз бар ма? Бәрінен нысап кетіп, ашкөзденген заман ғой, шамасы не қартайған, не ауру. Өте сақ. Дем алысын білдірмей сырттай берді ғой.

– Сілекейі күйіп кетсін, тісі тиген жерге киіз күйдіріп басыңдар, қанына кетіп қалмасын. Балаға тиіспеп пе? – Иманбек ата үлкендердің әдетіне басып бір сұрағанын қайта-қайта нақтылап жатты. Тайыншадай ит дегенім қасқыр екен ғой деген ойдан мазам кетті. Мені қанды ауыз қасқырдың аузынан Құттыаяқ құтқарыпты. Баласындай қорғаштапты. Денеме сызат түсірмепті. Өзін менің жолыма пида етіпті. Қарны ақтарылып жатқанымен мен жаққа қарап, менің аман екенімді көрген соң, басын алдыңғы аяғының үстіне салып тыныш қана жатыр. «Сен үшін азаптанып қиналып жатырмын» дегендік жоқ. Қайта осы бір шайқаста күш басымдылығын көрсеткеніне дән риза секілді, өмір мен өлімнің дәмін сезгендей өте ойлы кейіппен қарады. Жанына барып, өзіме деп арнайы пісірген тамағымды алдына қойдым. Көз салмады. Зауқы жоқ. Сылап, сипасын дегендей басын төмен салды. Шөлдеп, су ішкісі келіп тұрғандай болып көрінді. Көк тоғайдағы қайнап шығатын жылғаның мұп-мұздай мөлдір суын әкеп итаяғына құйдым. Тұмсығын бір батырды да, денесі құрысқандай, ызалы әрі жалынышты дауыспен ұзақ қыңсылады.

– Мына итті тоғайға апарыңдар. Шыққа аунасын. Өзіне керекті шөбін тауып жесін. Өзін-өзі сөйтіп емдесін. Жазылса үйге қайтып келеді, жазылмаса өлігін көрсетпейтін есті ит қой бұл, – Иманбек ата жанындағы жас жігітке дереу тапсырмасын орындау керектігін ұқтырды.

Құттыаяқ кеткелі мен сүлесапа күйге ендім. Үлкендер бұл оқиғаны ұмытып кеткен секілді. Тоғайға барсам көзіммен, көңіліммен итімді іздейтін болдым. Кейде екеуміз ойнағанда өтірік бірдемені тіміскілеген бола қойып, мені алдайтын әдеті бар еді. Дәл солай алдымнан арсалаңдап шыға келетіндей көрініп, алаңдаймын. Әлде адамдарға, маған өкпелеп далада тамақ іздеп қаңғырып жүрген бұралқы иттердің қатарына қосылып кетті ме екен? Жоқ, Құттыаяқ олай істемейді. Жақсылығын бұлдамайды. Айналасына жыңғыл шоғырланып, топтанып өскен бастауға келемін. Түбіне тесіле қараймын. Жылт-жылт еткен ақ тастарды көріп, ар жағынан Құттыаяқ шыға келмес пе екен деп тағы сұғынамын. Содан тасқа басымды соғып барып есімді жиямын. «Құттыаяқ, мен кейін саған үлкен ескерткіш орнатамын!» деп онымен іштей сөйлесіп, іштей уәде беремін. «Ит періште болып келіп қасқырдан құтқарған» деген сөз сүйегіме сіңді ме, әлде басқа бір себебі бар ма, ит көрсем үстіне түсіп кетердей өбектеймін. Олардың кескіні салынған суреттерге аяулымды көргендей тесілемін.

– Ит жының бар сенің, болар бала боғынан деген, өзіңдей Бейсекүл мен Айшаны қарашы, кәдімгі қыз, сенің отырысың мынау, – дейді – үйді иттің суретіне толтырып, тегің жаман ба, өзің жамансың ба біле алмадым ғой, –  шешем бармағын тістеп басын шайқайды. Ашумен қабырғадағы суреттерді жұлып-жұлып алмақшы.

–  Тиіспеңіз. Ол аспанға ұшқан Белка, Стрелка, Лайка ғой, – деймін қорғаштап, қабырғаны нәп-нәзік иығыммен жауып.

– Әдірем қалсын. Адам тындырмағанды осылар тындырып па? Қазір кәлләсына келгенді істей беретін болыпты-ау. Ал мынауың ше? – апам көзін сығырайтып, қабағын шытып, суреттерге жаулана қарайды.

– Дахштейн деген таудың мұзы еріп, сел болғанда 5 күн бойы күні-түні дем алмай селден адамдарды құтқарған овчарка. – Мейірімі оянып, жүрегі жылып кетті-ау деймін, суреттің бетін жұмсақ сипап өтті. Мен де қуана түсіп:

– Апа, мынау соғыс кезінде хат тасыған, байланысшы болған, жаудың танкісін өртеген батыр иттер, – деп әңгімені көсілтіп жібердім.

– Алланың шеберлігі де, пендесін құтқару үшін істеген айласы ғой, – апам бұл жолы да басын шайқады. Жылы, жағымды.

– Ал мына қалқан құлақ жұқа сарының қасында тұрған жалпақ тұмсық қара ит не тындырған?

Қызығуы оянып келеді. Мен де әңгімем жақпай қалмасын дегендей сөзімнен жаңылыспауға тырысудамын.

– Бұл суретке әлемдегілердің бәрі таң қалады.

– Әлемдегі жұртың ит пен бала көрмеп пе? – апам тыржиды.

– Ол мына суретті салған адам мен суреттегі баланың тағдырына қатысты. Он сегіз жасар суретшіні әкесі соттың оқуын оқи қоймадың деп  үйінен қаражатсыз қуып жібереді.

– Қазақтар ма? – сөз қыстырып қойды.

– Жо-жоқ. Шет елдіктер ғой.  Содан ол басқа бір жерге барып, шеберхана ашып сурет сала бастайды. Оған қол-аяғы жеңіл Александр деген бала көмектесіп жүреді. Өз суретін салғызуға тіптен құмар болады.

– Бекер, – деді апам қарап тұрмай, – суретке құмар болмау керек.

– Сонымен бірде суретші Александрдың шиені қомағайлана жеп, шырынының езуінен еріксіз ағып тұрған кескінін салғанда, көрушілердің тәбеті ашылғаны сондай, жартысы желініп, жартысы желінбеген ауыздағы шиені ұстап көргілері келіп ұмсынатын болған. Бірақ бұл суретшінің достарына ұнамайды. Жемістің шырыны емес, қан ағып тұрғандай екен деп бағалайды.

– Ниеттерінің жаманын-ай, – апам күбірледі.

– Бір аптадан соң суретші шеберханасына келгенде, қабырғаға шеге қағып, соған асылып өлген Александрды көреді. Шеге езуін тіліп кеткен. Қан саулап тұр. Дәл суреттегідей. Бұл оқиғадан соң суретшіден маза кетеді. Ұйықтай алмайды. Көзі ілінсе болды Александр көлбеңдеп: «Мұнда маған өте қорқынышты. Жалғыздықтан жалықтым» дейді.

– Астапыралла, астапыралла! Енді суретші өліп қалмасын де… – апам кәдімгідей қобалжыды.

– Онда неге бұлай істедің? – деген суретшінің сұрағына жауап бермей, ауаға сіңіп жоқ болады. Суретшінің басы дал болады. Не істерін білмейді. Содан кейін «Бала мен оның иті» деген сурет салады. Өз итінің кескінін келтіреді. Бір қарасаң қарапайым. Көп ұзамай суретшінің иті өзі жібіне өзі қылқынып өледі. Суретші туралы шу-дабыра дүниені дүрліктіріп жібереді. Жақындары теріс айналады, туыстары жек көреді.

– Опырмай-ә, балам, мұндай пәлелі суреттерге  құмар болмасаңшы. Жамандығы өзімен кетсін, – апам қорқа бастады.

– Баланың жанына иттің суретін салып берген соң суретшінің ұйқысы бұзылмайтын болыпты. Аруағы риза болған-ау шамасы, – Тұрған жерлері тау да, дала да емес жұқа сезіммен перделенген беймәлім бір дүние суретін тұңғыш көргендей ұзақ қарадым. Мұң-зар әуен кеудемді кескіледі. Ит көзіндегі қасірет табы анық аңғарылады.

– Е, бұл ит деген хайуаның о дүниеде де, бұ дүниеде де адамға серік екен-ау. Сені Құттыаяқ деген итіміз қасқырдан құтқарып қалып еді ғой. Адам болса талай рет есігімізге келіп тепсініп, міндетсір еді. Өлімтігін іздеп барып, аузына бір жапырақ құйрық май салуға да жарамадық қой. Сөйтіп жүріп адамбыз дейміз-ау, – қайдағы-жайдағы есіне түсіп апамның көңілі босады. Шамасы иттің алдында кейде ит боп  қалатынымызды мойындады-ау деймін, сөйте тұра:

– Тым жақсы көріп, артық еркелетсең итті бұзып аласың. Кейде иттің ұясына кіріп жатуға пейілді боп тұрасың. Сол мінезің ұнамайды. Жақсы көр, бірақ ит – жады болма! Мен төмен қарап отырмын. Бала кезімде ылыққан иттерді су шашып ажыратам деп ұятқа қалғаным бар. Ыңғайсыз іс істеді деп ойладым ба, әйтеуір үстеріне суық су құйып, шөп тиеген үлкен арбаның астына кірсе, ол жерден жалпақ бас ағаш күректің басымен соққылап, қыр соңдарынан қалмай қуғанмын. Бұл қылығымды әкем байқап, жер-жебіріме жетіп, жекен суымды ішкізген. Апам сонымды айта ма деп едім, ұмытқан-ау деймін, үндемеді.

– Дүние, ақша, қызмет адамды бұзады. Итті не бұзады? – шынымен білмек болып сұрадым.

– Бір мысал айтайын. Оның итке ғана емес, адамға да қатысы бар. Баяғыда бір сұлтан үлкен сарай салғызыпты. Оның бір бөлмесінің қабырғаларын, асты-үстін тек қана айнамен қаптатыпты. Бір күні әлгі бөлмеге сұлтанның иті кіріп кетеді. Хайуан жан-жағына қарап, аң-таң болады. Айналасындағы қаптаған иттерді көріп не істерін білмей бір орында мелшиіп тұрып қалады. Жан-жағынан иттер оған аңтарылып қарап тұр. Қорыққанын сездірмеу үшін жай ғана тісін ақситады. Айнадағы иттер де тісін ақситады. Бұл одан сайын айбаттанып, ырылдауға кіріседі. Олар да қалыспайды. Енді үре бастайды. Айналасындағылар да үреді. Осылай жалғаса береді.

Таңертең бөлмесіне кірген сұлтан итінің аузы көпіріп өліп жатқанын көреді.

Ит қанша ақылды  болса да адамдай бола алмайды, теңеспейді – шешем ит-тірліктен, ит-жандылықтан аулақ бол дегенді ұқтырып, ақшам намазын оқуға тұрды.

Әңгіменің әсері ме, көңіл көзім мөлтілдеп, екі өкпем ауа жетпей қысылғандай болды. Аптығым басылып, тынышталғандаймын. Ауладағы итім өтірік үріп, ойын қысып, осы ием мені бір жаққа ертіп кетпес пе екен дегендей жүгіруге дайын тұр. Көзінде еркіндік пен еркеліктің оты жанады. Ұясының жанындағы қазығына әкеліп байладым. Онымен ойнауға зауқым соқпай қалғандай. Ол арлы-берлі далақтап жүгіріп, оралды да қалды. Арқа жүнін үрпитіп, желкесін күдірейтіп, ойнақылығынан ажырап: «не істеп қойдың?» дегендей таңдана қарады. Құйрығын бұлғаңдатып, өтірік үріп қояды. Баратын жерден қалып қоймайын дегендей қазықты кері айналып, босанып алды. Итімнің тұмсығынан ұстап едім, мұп-мұздай екен.

– Бүгін тойға үй-іштеріңмен барасыңдар ма? – көшенің басында тұратын Шағи жаныма келіп, ұзақ жөн сұрады. Итім оған айбаттанып, екілене үрді. Шынжырдан құтылса, бас салмақшы.

– Психикасы дұрыс емес ит қой. Мынадан құтылмайсың ба? – Шағи жан-жағына алақ-жұлақ қарағыштан, сырттай берді.

Итімнің құбыла қалған мінезін түсінбей қалдым. Бөтен адамды сәл қорқытып қоятыны болмаса, бұлай шабаланбайды. Әлде менің көңіл-күйімнің ауаны соған көшкен бе?..

Тойға баратынымыз рас. Ол Шағиға не үшін керек болды екен?!

Тойда отыра алмадым. Ерте қайттым. Келсем үйдің алдында бейтаныс машина тұр. Қақпамыз ашық. Таңдана жүріп аулаға кірсем, тізерлеп отырған біреудің иығына Майлыаяғым аяғын артып алған. Қозғалтпайды. Мені көріп әлгі адам тіптен бүгжиіп кетті. Сырттың шамын жақтым. Итімнің денесінің сәл-пәл дірілдеп, езуін ыржитқаны болмаса, сабырлылығынан танған жоқ. Бүріскен адамның бетіне қарадым. Шағи! Енді ол емес, мен сасқалақтадым.

– Қайдан жүрсің? – дедім, арғы ойын түсініп тұрсам да.

– Жоғарыдан қыдырып келе жатып саған соға кетейін деп едім – дейді міңгірлеп. Майлыаяқтың арқа жүні дүрдиіп кетті. Өтірік сөзге шыдай алмағаны. Бұйрық күтіп тұр.

– Босат, жібер! – дедім. Құлағы бітіп қалған ба, мізбақпайды.

– Босат, жібер! – даусым қатты шықты. Маған таңдана қарады. Иемде ес жоқ деп тұрғаны айдан анық. Мені түсінбей тұр. Тістері сақылдап барып басылды.

– Жібер! – дедім де, өзім Шағидың бетіне қарай алмай теріс бұрылдым. Тапырақтап басқан аяқ дыбысы алыстап барады. Итіме қарадым. Басын бір жағына қисайтып, шоқиып отыр. Тым сүйкімді. «Жақсы!» дедім. Нені айтқанымды түсінбеді.

– Адалдығың! – дедім құлағын шымшылап, мойнынан сипалап. Ол болса басын оңға бұрып сол құлағын, солға бұрып оң құлағының түбін ұзақ қасыды. Бұл оның «жүйкем жұқарды» дегенді айтқаны. Еркелеткенің керек емес дегендей қыңсылады. Ыза-кегін сыртқа шығара алмағандықтан екі өкпесі соғылып жатты.

– Болмайды, ондай адамдар тырнағыңа татымайды, – дедім жұбатып. Басын төмен салып, қабағының астынан ұзақ, тесіле қарады. Кінәлаған сыңайлы. Шағидың суық қолы ешнәрсе алып үлгермегендіктен, мен оның қылығын арына  жүктедім де қойдым. Итім бірнәрсе айтқысы келіп, айта алмай тұрғандай.  Ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптаған итаяқта балбыраған тамақ жатыр. Тәбет тартып бұрқырайды. Арнайы жасалғаны көрініп тұр. Бөтен қолдан тамақ ішпейтін итімнің бұл жолы қалай алданғанына таңмын, жартысы ішіліпті. Мен Шағидың адалдық мұхитындағы қап-қара абыройсыздық деген толқынның жалына жармасқанына ойымды да, санамды да жеткізе алмадым. Итім қайта-қайта қақалып, жөтеле берді. Ішінен қан кетті. Тамағына бірнәрсе қадалғандай. Үрейін десе басы қаңғырлап, ауырып кетеді. Ішек-қарны іріп кеткен сыңайлы. Қыңсылап өкпесі  соғылып жатты. Құйрығын көтеріп ызаланды. Көздері аларып қанталап кетті.

Содан кейін алдыңғы екі аяғын алға созды, басын оның үстіне қойды. Көзінен моп-мөлдір  моншақтар ақты. Мен басын сүйедім. Уысым жасқа толды. Денесі дір-дір етіп барып, аяқтарын созып жіберді де тынышталды. Мойнынан құшақтадым. Ішім әлем-жәлем болып күйіп барады. Аспан бұлыңғыр. Жеп-жеңіл мақтадай желпілдеп тұратын бұлттар қазір сұп-сұр болып жылауға шақ тұр. Айналадағы осы оқиғаға куә болған тал-теректер түк айта алмай тұнжырайды. Кешегі жасылдың бәрі күздің лайымен тапталып, қарақошқылданып, қабаржып кеткен. Бұдан сәл бұрын айналамда өріп жүретін жақұт сәулелер қалды ма екен деп қолымды жайсам, саусақтарым серейіп жатқан итімді қармады. «Адамдарды көбірек білген сайын иттерді соғұрлым жақсы көремін» депті ғой бір білгіш. Қалай дұрыс айтқан. Аспан жерге, мен итіме қарап ұзақ жыладым. Айналам сондай суық, бөтен. Ойнақы күшіктен алшаңдап басқан нән төбетке айналған итімнің аузына құйрық май тістеттім. Жағы қарысып қалыпты, езуінен сырғып кетті.

Итімнің құнын сұрап Шағиға бір ауыз сөз айтпадым. Ол адамгершілік, имандылық, рахымдылық пен мейірімділіктің жетегіне жүрмейтін пенде. Тұмсығын бұзып сенің ыза-кегіңді алмаған өкінішім ішімде қалды. Кейде кешірем, кейде кешірмеймін өзімді.

***

Ол күндері белден асып көрінбей кеткелі біраз болыпты. Итімді іздеп жетімсіреген көңіл қазір бәріне салқын тартқан. Уәде ұмытылған. «Ит-жады» атымды өзімнен басқа ешкім білмейді де.

Тек мына бір оқыс оқиға болмаса…

Көршім араққа сылқия тойып алыпты. Тәлтіректеп итінің жанына келді. Қысқа тұмсық, сүйір бас, кең кеуделі, тұрқы ұзын иті созалаңдап орнынан тұрды. Бөтен иісті жақтырмаса да ызбарланбады. Иесінің сырын біледі-ау деймін. Сонсоң ішіне түскен арақ дүлей күшке айналды ма, итінің құйрығынан алып, басынан айналдырып, айналдырып жерге ыңқ еткізді. «Қаңқ» еткен дауыстан басым зеңді. Адамға да, итке де қарай алмай тұрмын.

–Біттің, Мырқымбай! – деді иттің үстіне жауын жеңген адамдай төніп. Иттің денесі сәл-пәл дірілдеп жиырылып барып, басылды. Бас терісінің қатпарлары тереңдеп кетіпті.

– Мұның не? –  Жанына жетіп бардым.

– Сол. Терісін сатып шай-пұл жасаймын. – Көршім омырайған аузындағы кетік тістерін көрсетіп ыржиды.

– Қасиетсіз неме! – дедім дірілдеп. – Қасиетсіз неме!

Көршімнің сөз ұғар халі жоқ. Ауыр соққыдан көтенішегі үзілген итінің терісін сыпыруға кірісті. Соңғы рет шерін шығарып ұлып үлгере алмаған итке қарадым. Көз айналасындағы көзілдірік тәрізді белгілері айшықты боп көрінеді екен. «Төрткөз» ит қой. Көзі боз емес, қап-қара. Сырғып сорасы ағып жатыр. Шумақталған ыза шимайланып ішімді кеулеп барады. Адамдар аппақ дүниенің бетін қара күйемен айғыздап жатқандай.

Содан бері бүкіл ит біткеннің жиылып адамнан жапа шеккен тұқымдасын жоқтап ұлып жатқан дыбысы құлағымды шуылдататын болды. Сірә да солардың  ескерткіш-суретін салмай жаным тыншымас.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар