/////

Пенжім ауылындағы жанжал: Мәселенің мәні тереңде

3427 рет қаралды
1
фото: Озодлик

Сабырға шақырған жиын мәселені шеше ме?

Оқушылардың төбелесінен соң шыққан шудың дүбірімен  Республикаға танылған Пенжім ауылы Алматы облысының Панфилов ауданына қарайды. Ауыл аудан орталығы Жаркенттен  шығысқа қарай 18 км-дей жерде орналасқан. Халық саны 2009 жылғы санақ бойынша 5081 адам деп көрсетілген, ауылдық округте  12 мыңнан астам адам, соның ішінде 7 мыңнан аса қазақ, 5 мыңға жуық ұйғыр тұрады.

28 қазанда Республика халқының назарын өзіне аударған ауылдағы оқиға   9, 10, 11 сынып оқушылары арасындағы сөзталастан туған төбелестен кейін ушыққан. 20 адам қатысқан төбелес кезінде екі бала жарақат алып, аудандық ауруханаға түскен.

«Jetisy media» орталығы таратқан ақпаратта аудандық аурухана Бас дәрігерінің орынбасары Ержан ҚОЖАХМЕТОВТЫҢ  айтуынша, 2005 жылы туған жасөспірім ашық бас сүйек-ми жарақатымен түскен, қазір жағдайы тұрақты.   Науқасқа ота жасалды, қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, реанимация бөлімінде ем алуда, қазір толық есін жиған.

Зардап шеккен екінші адам да ашық бас сүйек – ми жарақатымен орташа ауырлықта түсті. Жағдайы тұрақты.

Оқиға әлеуметтік желіге тарап кеткен соң Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, аудан әкімі Талғат Өмірәлиев бастаған мемлекеттік қызметкерлер барып мәдениет үйінде жиын өткізді. Азаттық радиосы тікелей эфир арқылы көрсеткен жиында қазақ және ұйғыр этносының өкілдері сөз сөйлеп мәселенің мән-жайына үңіліп, халықты сабырға шақырды.

Жиынның 1 сағат 06 минутында сөз алған ауыл тұрғыны «Совет одағы кезінде осы ауылда мектептегі жиналыс та, басқасы да ұйғырша өтетін, ол кезде біз үндемедік, өйткені барлық ұлттың құқығы тең болатын. Қазір қазақтың таксисіне отырма, дүкеніне кірме деген үгіт жүреді екен, екі ұлт екі бөлек жүр. Әуелі мешіттің өзі қазақ мешіті, ұйғыр мешіті болып бөлінді. Сол кезде ұйғыр мешітіне миллион теңгеден лақтырған кездер болды. Одан кейін «Бізді дін достастырмаса, басқа ештеңе достастырмайды», деп екі мешітті қостырдық. Бірақ қазір ешкім ол мешітке ақша аудармайды», – деді.

Жиынның 1 сағат 16 минутында сөз алған адам бұл оқиға бірінші рет емес, үшінші рет қайталанып жатыр, ол кезде де балалар сотталмасын деп алып қалып едік, тағы шықты. Сол себепті жарақаттаған бала жазасын алсын деді.

Бауыржан есімді тұрғын мәселенің түбіне үңілуге шақырып, егер бірге өмір сүреміз десек, Жаркентте қазақ бөлек такси болып, ұйғыр бөлек такси болатынымыздың тамырына балта шабуымыз керек деді. «Екі жаққа да оңай тиіп отырған жоқ, осы мәселені қазір шешпесек, бұдан да жаман жағдай болуы мүмкін. Ұйғыр халқының ішкі саясатына өзгеріс енуі керек, сіздер  балаларыңызға алдымен Қазақстан мемлекетінің азаматысың деп үйретіңіздер», – деді.

Аудан әкімі Талғат Өмірәлиев, біздің саясатта біраз кемшіліктер бар болуы керек, енді соны мойындап, тамырын табуымыз керек, ол үшін ауыл әкімі Ерлан, ішкі саясат мамандары қай жерде қандай жұмыс жасауымыз керек, дегенді зерттеп маған айтасыңдар, деп тапсырма берді.

Осы жиынның соңына таман сөз алған жігіт мектепте шыққан даудың түбі оның атауына қатысты екенін айтты. Оның айтуынша, Абдолла Розыбақиев атындағы мектеп болған соң, үйғыр ұлтының балалары мектеп біздікі дейтін көрінеді. Сол себепті аудан басшыларынан мектеп аты мен ауылдағы бірнеше көше атын ауыстыруды сұраған тұрғынға облыс әкімнің орынбасары бұл мәселені қарастыратынын айтты.

Жиын барысында ұйғыр халқының атынан сөз сөйлеген жасы үлкен азаматтар кешірім сұрап, жұртты сабырға шақырды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай оқиғаларға көбіне билік тарапынан тұрмыстық-жанжал деген баға беріледі де, халық арасындағы екі ұлт өкілдері бір-біріне деген өкпесін айтады. Мемлекеттік орындар, құқық қорғау орындары, ақсақалдар жиылып осындай жиын өткізеді. Алайда, араға біраз уақыт салып осыған ұқсас оқиғалар қайталана береді. Бұл мемлекеттік саясаттың мемлекетшіл сананы қалыптастыруда ықпалы аз ба әлде заңның үстемдігіне халық сенбей ме деген сауалды жауапсыз қалдырады…

Естеріңізге сала кетейік: Бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру)  және Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (Топтасып жасалған бұзақылық) бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

1 Comment

  1. Қазақстан әр қазақтын уйі шанырағы. Қандай жағдай туса да осы елде қалып қорғайтын сол қазақ болады сол себепті әр жағдайда да қазақ ұлты бір саты жоғары тұру керек. Егер біздің билік әркімге жалтақтауын қойып кімнің кім екенін зан жүзінде бекітсе басқа улттар қазақстанда қазақтын бас улт екенін мойындаса және сыйлы көзбен қараса елімізде бундай мәселелер улт аралық қақтығыстар болмаушеді. Осыны біздің керемет ақылды ел басында отырған азаматтар тусінсе деген ойдамыз. Ай қайдан бірақ…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар