22.10.2021.
«ЖАҢБЫР ВАЛЬСІ», «КӨКЕЙКЕСТІ» және «КЕНЖЕ ТАЛ»
Біздің Британия жеріне келгенімізге бүгін бір айдың жүзі болды. Туған ай тураған еттей деген осы екен. Әне-міне дегенше отыз күн өте шықты. Бүгін отызыншы күн. Қазан айының жиырма екісі. Аптаның жұмасы.
Жасымнан апта күндерін бірінші күн, екінші күн, үшінші күн… жарты азат, бүтін азат деп айтып қалыптасқандықтан бесінші күнді жазуда болмаса ауыз екі тілде жұма деуге жаттыға алмадым. Бұл Алтай қазақтарының сөйленісіндегі тілдік ерекшелік. Сонымен бүгін жұма. Жұманы жеті күннің сұлтаны деп те айтады ғой. Жаратушының аман атқан әр бір таңы, есен жеткен әр бір күні қымбат.
Таңертеңгі тұп-тұнық аспанды сағат он шамасында бұлт торлап ұп-ұсақ, мап-майда жаңбыр жауып тұр. Терезенің сыртынан Шопеннің «Жаңбыр вальсі» – сырылдаған су дауысы естіледі. Сондай жағымды сырыл, сіркіремейді, сызылып сөйлегендей. Сөйте тұра салмақты саз. Сәкеннің (Сейфуллин) сыр сандығының ауызы баяу ашылып, ақ жібек алақандай сұлу әуендер суыртпақтала ақтарылып ағып, жайыла төгіліп жатқандай. Лүпілі баяу үлбір үн «құлақтан кіріп бойды алған» сайын құлқыңа сіңіп, жан жүйені тәп-тәтті, бал шырынды мұңлы ой торлайды.
Көз алдымда: қайқы бармақ хас шебердің қолынан өнген өрнекі сырмақтай сары ала орман, самсаған сары жапырақтар; Сабындап жуғандай жылтыр жолдар; Жаңа ғана жуынып шыққан мөлдір машиналар; Мақпал қара шашын шайып-жуып қайыра тараған қыз бейнелі қырмызы үйлер; Қою ой, қоймалжың ауа ұшы қиыры жоқ алысқа жетелейді…
Баламның Алматыдан арқалап келген домбырасын қолыма алып, тарта алмасам да қоңырлатып, құлақ күйін келтіріп, өз әуенімді, Тәттімбеттің «Көкейгестісін», Құсайынның «Кенже талын» тыңдағым келді. Мына жаңбыр құдды Алатаудан бері қарай, құлдай төгіліп, Алматыда жауып, мен ақ жаңбырға малынып, малшынып Абай көшесімен ілби, шылқа су, езілген жапырақтарды табаннан сыз өткізе сиыра басып, Абайға, Абай ескерткішіне қарай келе жатырмын.
Есіме Абайдың «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген өлең жолдары оралды. Ой, жарықтығым-ай!… Тірліктен түңіліпсің. Қайғыдан қауып-қауып қан да жұтыпсың. Айналаңнан дос, «мұңдасарға кісі» таппай аласұрған күндерің де кем емес екен. Бәрі-бәрі еттен өткен бір таяқ. Абай оған мұңая ма? Абай ол үшін күйінді ме? Тұрмыс үшін, оның жолында жанып кететін жан Абай ма еді? Тұрмысты жеңетіндей әл қуат, күш-қайрат Абайда асып төгіліп жатқан жоқ па? Оған Абай мұқтаж де емес, мұқтаж да болмапты. Сонда өмірдің бар қызығынан баз кештіретін сөзді айтқызған не? Тірлік иесінің ойлы һәм ойсызы бар-ау, сірә. Сонда қазақтың ойлысы қанша, ойсызы қанша? Бұл бір ғана Абайдың кейісі емес, бүкіл қазақтың ойлысының кейісі емес пе. Ойлысы көңіл күйден күйреп, күйіктен күйініп, тағдырдың тарттырған азабына шыдас бере алмай, өзі қалап өртеніп кетсе мына жалғанда қазақта шын қызық қала ма?… Қызық дегеннің өзі не? Тұтау, от алу, жану, қызу, лаулау, сөну, өшу; Тумақ, өлмек – бір ғұмыр. Абайдың айтып отырғаны өмірден түңілу емес екен. Керісінше өмірдің басы мен аяғын бағамдағаны болса керек…
Мына қаланың үйінің бәрі қызыл кірпіштен қаланған. Қызыл… Қызылжар деген қала бізде де бар. Бірақ биліктің қазір Қызылжар деуге дәті жетпейді. Мағжан туған өлке.
Е, Абайға, Абайдың осы жұмбағын Мағжан шешіп кеткен жоқ па еді. «Сұм өмір абақты ғой саналыға».
Абайда – Ой, ал Мағжанда – Сана. Абайда – Жалған, Мағжанда – Өмір, Абайда – Қызық, Мағжанда – Абақты. Бұдан: Ой Сана, Жалған Өмір, Қызық Абақ. Ғажап! Алғашқы екеуі тепе-тең: Ой Сана, Жалған Өмір. Ал Абақ дегеніміз не? Өмірдің соңы, Көр емес пе?! Соңғы түйін: «Аяз Би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», Қызық Көр! Қызық көр!
Маңдайыма күн сәулесі түсті… Терезеге жақындап сыртқа көз салдым. Жаңбыр басылыпты. Шығарда жап-жарық. Аспан ап-ашық.
(жалғасы бар)
Парақшамызға жазылыңыз