Өткен аптада зейнетақы қорындағы шекті меженің айтарлықтай көтерілгенін жазған болатынбыз.
Қоғамдық резонанс тудырған мәселенің қалай өрбіп жатқанынан да хабардар еттік. Кеше Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін бірнеше айға ұзартуын, яғни 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін шегеруді тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты.
Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен, осы бағыттағы дұрыс қадам.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды”, – делінген Берік Уәлидің инстаграм парақшасындағы жазбасында.
Парақшамызға жазылыңыз