/

Тәуелсіздікпен бірге туған тұлғалар

2113 рет қаралды
youtube.com

Биыл азаттығымызға, ел сүйсінген егемендігімізге, тынысы бөлек Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Азаттықтың ақ таңымен жарыса дүниеге келген кешегі сәби, бүгін қоғамның жүгін арқалаған білікті маман, бірегей тұлға. Мінбер сайтының тілшісі әр салада қызмет етіп жүрген тәуелсіздік құрдастарымен сұхбаттасып қайтты.

Алғашқы кейіпкеріміз Алматы облыстық саяси-қоғамдық “Жетісу” газетінің тілшісі Еңлік Кенебай. Еңліктің жары әскери қызметкер, қылығы мен қызығын көрсетіп отырған қос перзенті бар. Үлкені Айнұр, анасы сияқты қалам мен қағазға құштар. Бала күнінен әдеби кітаптарды сүйсіне оқып, Алаш зиялыларының біліміне қызыққан бойжеткен журналистика саласын таңдады. Бүгін сол таңдауына дән риза.

“Қазіргі таңда бала тәрбиесімен айналысып үйде отырған анамын. Тәуелсіздік маған “қазақтың намысшыл, рухы биік, нағыз патриот, білімді ұрпақты тәрбиеле ” деп тұрғандай болады. Сол себепті 4 жасар қызыма Алаш зиялыларының шығармаларын жаттатуды бастадым. Жалпы, бала тәрбиелеу деген ең үлкен жұмыс. Алаңсыз, ашық асқан астында осылай ұрпағымызбен күліп-ойнап жүргеніміздің өзі Тәуелсіздіктің арқасы. Әр адам еліне аз да болса пайдам тисе екен деп ойлауы керек. Ал пайда келтіре алмасақ зиян келтірмеуіміз керек. Мен қазір тау қопарып, тас үгітіп еліме пайда келтіріп жатқан жоқпын. Бірақ мен жүрегіммен, іс-әрекетіммен өзімше пайда келтіруге тырысамын. Мәселен, елімнің болашағы үшін ана тілімнің ақсап, өзге тілдің көлеңкесінде қалғанын қаламаймын. Біз әр дүниені аздан, кішкентайдан бастауымыз керек. Мәселен, қалтафонымның ішкі бағдарламалары түгелдей қазақ тіліне ауыстырылған. Ал банкоматтан ақша шешуге барғанда міндетті түрде қазақ тілін таңдаймын. Бұл бір ұсақ дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ бәрі ұсақтан басталады деп ойлаймын.
Біздің еліміз сап даламыздай дархан ғой, шіркін! Менің болмысым да сондай. Қолымда бар болса бәріне көмектескім кеп тұрады. Жоқ деп айта алмаймын. Тегінде бұл қасиет әр қазақтың бойында бар ғой.
Тәуелсіздік әрбір қазақстандық азаматтың қалыптасуына зор ықпал етті деп айтуға болады. Алаңсыз білім алуыма, қалаған мамандыққа мемлекеттік грант ұтуыма, бала күні армандаған Алматы облыстық “Жетісу”” газетінің тілшісі болуымның бәріне осы Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізгенімді ұмытпаймын. Тәуелсіз ел болмасақ мұндай жетістікті тек түсімізде көрер едік. Сондықтан егемендіктің қадірін біліп, бағалайық дегім келеді,” дейді журналист Еңлік Кенебай.

Кейіпкерлеріміздің бірі-журналист болса, бірі-шәкірттеріне махаббат пен білім беріп, һәм даналардың жолымен жүрген ұлы ұстаз. Жазира  Кожаханова Жетісу жерінің тумасы, ұстаз. Үш баланың анасы, төртінші перзентінің өмірге келуін асыға күтіп жүр. Музыка пәнінен тәлім беретін Жазираның жолдасы да өнер саласының үздігі, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.

“Азаттықпен астасып дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Біздің балалық шағымыз бақытты өтті. Қайғы мұңсыз, уайымсыз өстік. Аталарымыз көрген ашаршылық, соғыс, зұлмат заман бізді айналып өтті. Бәрі егемендіктің арқасы. Қыздарыма да жиі осыны айтып отырамын. Тәуелсіздік сұрағаннан келген жоқ, күрес пен аласапыран арпалыстан келді,”-дейді Жазира Кожанханова.

Иә, орда бұзар отыз жасқа толып жатқан азаттық құрдастары темір үзер күшке ие. Солардың бірі, темір жол саласының қызметкері Самат Сагымбаев. Бүгінде 5 баланың әкесі, берекелі шаңырақтың отағасы атанып отырған азамат, азаттықпен жарыса дүние есігін ашқанын мақтана айтады.

“Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Бір уақыт әсіресе, жастар осы жайлы ойланса деймін. Біздің алаңсыз, тыныш ұйықтағанымыз үшін әуелі Жаратқанға шүкір айтуымыз керек. Содан кейін бізге Тәуелсіздікті сыйлаған рухы биік, намысшыл аға, апайларға алғыс айтуға міндеттіміз. Мерейлі мерекеміз құтты болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!”-дейді Самат Сагымбаев.

Егемендікпен бірге көзін ашқан жас буынның бірі Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының аспапты артисы Жандос Әміриса. Аспаптың құлағында ойнайтын өнерпаз жігіт үлгілі әке, адал жар. Берекелі отбасын Тәуелсіздіктің сыйы деп біледі.

“Жақында ғана Түрік елінен оралдық. Әрине, Тәуелсіздіктің торқалы тойын азаттығымызды алғаш мойындаған елде дүркіретіп өткіздік. Түрік ағайындардың ыстық ықыласына бөлендік. Мен өзімді үнемі “Тәуелсіздіктің құрдасымын” деп айтып, мақтанып жүремін. Қазақтай текті халыққа Тәңірдің берген тәтті сыйы Тәуелсіздік емес пе? Мен осындай елде дәл азаттықтың ақ таңы атқанда өмірге келгенім үшін бақыттымын. Шынымды айтсам, азаттықтың құрдасы болудың да өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені, «Менің Қазақ­станым» Әнұраны мен па­триоттық әндер шыр­қалғанда тебірене­мін. Кешегі аға буын болмағанда, осылай емін еркін жүре алар ма едік деп ойлаймын. Елім, жерім гүл­денсе, Қазақ­станның мәртебесі өссе деп тілеймін. Елбасы  да ет жақынымдай болады маған. Әр сөзін санамда сақтауға тырысамын. Күш-жігерін, білімін, уақы­тын, бар ғұмырын елі үшін аямаған Көшбасшының парасатты жолымен жүре білсек, шіркін,”- дейді Жандос Әміриса.

Сіз бен біздің алаңсыз ұйқымыз бен риясыз күлкіміз үшін қасық қаны қалғанша күрескен аға буынның арманы осы азаттық еді. Күресті, мақсаттарына жетті, әттең көре алмады. Азап пен ауыртпашылықтың артынан арай болып атқан Тәуелсіздіктің қадірін білейік. Өткеннің бұлыңғыр түні мен, бүгіннің ашық аспанына көпір бола алған Тәуелсіздік құрдастарына тек толағай табыс тілейміз.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар