Мына алмағайып заманда Қазақстан секілді алып территорияда тәуелсіз мемлекет құрып, оның болашағының баянды болуы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан барша қазақстандықты бүгінгі ұлық мереке Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен құттықтаймыз. Кәрі тарлан тарихтың өлшемімен қарасақ, отыз жыл деген өте аз уақыт. Бірақ, буыны бекіп бұғанасы қатқан жас мемлекеттің жүріп өткен жолына қарасаң, бұл Қазақстан үшін ғасырға бергісіз кезең. Сол себепті де әркім өзіне есеп беріп, осы отыз жылда не істей алдым, тәуелсіз еліміздің дамуы үшін Қазақстанға қандай еңбек сіңіре алдым дегенді бағамдайтын да уақыт жетті.
Әрине, Қазақстан табиғи байлығы, геосаяси орналасуы жағынан теңдессіз мүмкіндікке ие ел. Біріншіден, жер көлемі жағынан әлемде 9-орынды иеленетін алып елдің негізгі табыс көзі қазба байлығы. Шикізатқа иек сүйеген мемлекеттердің дамуы да, табыс көзі де тұрақты болмайды. Десе де, Қазақстан айналасындағы көршілерімен салыстырғанда Алла берген байлықтың арқасында көш ілгері. Бәлкім сондықтан да шығар саяси тұрақтылықты бірінші байлығымыз ретінде ауыз толтыра айтамыз. Дегенмен, осындай бай мемлекетте кедейлер неге көп, ауыл халқы неге қалаға құмар, ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға неге салғыртпыз, ауылдан қалаға келген елдің әлеуметтік проблемалары неге тасада қалды, экономиканы диверсификация жасау, тіпті қарапайым күнделікті тауардың барлығын неге сырттан аламыз, импортқа тәуелділіктен неге арыла алмадық деген сауалдарға келгенде күмілжіп қалатынымыз рас.
Біріншіден, бізде Советтер одағынан қалған жеке басқа табыну, жағымпаздану секілді әдеттерден арыла алмадық. Кейде бұл жағынан Советтер Одағынан да асып түскендей боламыз. Кешегі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай үлестірілген атақ даңқ, сый-сыяпаттарға қарасаңыз, біз тек билікті мақтағандарды ғана ұлықтап, сынап пікір білдіргендерді көзге ілмегеніміз көрініп тұр. Біз марапаттау жағынан Брежнев заманынан да асып түстік. Құр мақтан, даңғазалықтың шектен шыққандығын көріп отырмыз.
Екіншіден, сол Советтер Одағынан мұра боп қалған жалған құжаттар дайындау, өзіңді өзің алдау, еңбек өнімділігінен гөрі жалған есепке сену дағдысынан арыла алмадық. Кезінде қаншама зауыттың, фабриканың ашылуын жасадық, дабырайтып ақпарат құралдарынан жарнамасын жасап, шаршы әлемге жар салдық, бірақ, біраз уақыт өткеннен кейін ол зауыттардың аты болғанымен, заты жоқ екендігіне көзіміз жетті. Отыз жылдық тарихымызда сынық ине өндіре алмай көрші Ресей, Қытай, Қырғызстаннан ала дорба арқалап, тірлігімізге талғажау еттік.
Үшіншіден, жекешелендіруді оңды-солды жүргіздік, елдің байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Салдарынан қоғамда ат төбеліндей ғана азғантай топ байлыққа белшесінен батты, қарапайым халық өз үлесінен құр қалды.
Төртіншіден, қоғамның ең үлкен дертінің бірі – жемқорлық асқынып, белшемізден баттық. Бұл күнде мемлекеттің қаржысын асап қалуды мақсат ететіндердің қатары көбейді. Жылда атағы дардай бағдарламалар қабылданады, бірақ сол бағдарламалардың діттеген жеріне жетіп, орындалғанын немесе берген нәтижесін көрген емеспіз. Барлығы ұраншылдықты шаңына көміліп қалады. Соларды қабылдағандағы басты мақсат әлдекімдердің қалтасын толтыру, ақша жымқыру болған секілді.
Бесіншіден, осының бәріне қырағы көзін тігіп, қоғамды қалғып кетуден сақтандыратын журналистердің үгіт насихат бригадасына айналуы. Қазіргі журналистика Советтер одағындағы журналистикадан да асып кетті, қоғамдық сананы манипуляциялау, тек мақтау мадақтау, одан қалса арзан күлкі, жеңіл әзілге орын беру қазіргі журналистикадағы негізгі тенденцияға айналды.
“Ауруын жасырған өледі” дейді, біз қоғамдағы ауруды бүркемелеп, өз өтірігімізге өзіміз сеніп келеміз. Бірақ, бұның түбі жақсылыққа апармайтынын Советтер Одағының мысалы-ақ көрсетіп берген жоқ па? Сондықтан, болашағымыздың баянды болғанын шынымен қаласақ, шындықтың бетіне тура қарап үйренейік. Мереке құтты болсын.
Парақшамызға жазылыңыз