Желтоқсан оқиғасы – 70 жылғы сеңді қозғаған оқиға. Желтоқсан көтерілісі – Қазақтанның жаңа тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі екені рас. Алайда, дәл осы оқиғаға лайықты саяси баға берілді ме? Ол даулы сұрақ. Ал, оқиғаның куәсі болған желтоқсаншылардың пікірі қандай?
Ханшайым Иманбаева, «Ұлы Желтоқсан – 1986 көтеріліс» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Ол қыз дұрыс жасады. Қазақ елін қазақ басқаруы керек. Тіпті ол орыс не өзге ұлт өкілі болған күнде де қазақстандық болуы керек еді. Егер қазақстандық болса, тілімізді, ділімізді білетін адам болса, біздер оған қарсы болмайтын да едік. Ал, Колбинді әкеліп қою дұрыс болмады. Біз сол үшін бас көтердік. Мен сол кездегі әрекетіме өкінбеймін. Неге? Себебі бүгінгі тәуелсіз еліміз сол желтоқсаннан бастау алды деп сенемін. Сол үшін ризамын».
35 жыл бұрын 27 жаста болған Ханшайым үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды, сөйтіп жары мен 7 жасар қызынан ажырауға мәжбүр болды. Тағдырдың тезінен өтіп, мойымаған Ханшайымның өмірі Желтоқсан оқиғасынан кейін мүлдем басқа арнаға бұрылған. Әйтсе де, сонау сексен алтының қақаған аязында үш күн бойы бейбіт шеруде тұрған өзге де мыңдаған жастар секілді Ханшайым да бұл әрекетіне еш өкінбейтінін айтады.
Гүлбаһрам Жүніс, Республикалық «Желтоқсан-86-Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Гүлбахрам «желтоқсаншыларды» Желтоқсанның, 86-ның, Тәуелсіздіктің құрбандары емес, күрескер деп атайды. «Ешқашан өкініш болған емес, керісінше мақтан тұтамыз. Өйткені, бүгінгі күні біздің балаларымыз, немерелеріміз өз елі, өз жерінде. Құдайға тәубе! Мемлекетіміздің егемендігі нық болсын. Біз көрген қиыншылықты болашақ ұрпақ көрмесін. Қазақ елінің тәуелсіздігі біз үшін зор мақтаныш» – дейді Гүлбаһрам Жүніс.
Не нәрсенің де екі жағы болатынындай. Бүгінгі күніне, елдің тәуелсіздігіне шүкіршілік ететін, Желтоқсан оқиғасына қатысқанын мақтанышпен баяндайтын Гүлбаһрамның өкініші де жоқ емес. Гүлбаһрамның айтуынша, өзі үшін нағыз ауыр жаза бұл емес, қоғамнан аластатылғаны еді. Ол сол кездегі қоғамның қарым-қатынасы, көзқарасы. Ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-көлем, әріптестердің тарапынан көрген құқай, жазаның ең ауыры болған. « … олардың әрқайсысы сөзбен түртіп, алакөзбен қарап, ортаға қоспады. Тіпті бізді осы қаладан қуып, ауылдарға жіберді ғой. «Оқуға, жұмысқа қайта орналаса алмайтын болдық», Алматыға қайтып келместей қылып қудалады. Ал, ауылға келген соң тағы қаңқу сөз, табалауға қалдық, «Пәленше балам Алматыда оқып жатыр деп еді. Пәленшенің баласы пәлен жерде қызмет істейді деп еді, ауылда жүргені қалай, оқусыз, жұмыссыз». Біз үшін ең қиыны да, ең ауыры да осы болды. Бұл түрмеде отырғаннан да бетер ауыр еді» – деп аяқтады сөзін Гүлбаһрам Жүніс.
«Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуанбаевтың пікірінше 1991 жылы Кеңес Одағының құлауына әкелген бірден-бір оқиға – Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы. Нұрлыбектің айтуынша, «тізбектеле жанған шам құсап, Кавказ елдерінде, Прибалтика елдерінде, барлық 15 одақтас республика елдерінде бірінен соң бірі, көтерілістер болды. Бұл оқиғалар 1986 жылы басталып 1991 жылы КСРО-ның құлауына келіп тірелді. Алматыдағы оқиға барлығының бастауы десек болады. Бастап берді. Қазақ жастары алаңға шығып, «Колбин Москвасына кетсін» деген талап қойды. Сол кезде Әуелбеков, Назарбаев деген сияқты Қазақстан азаматтарының есімі атала бастағаны еді. «Осылардың біреуін қойыңдар» деп талап етті жастар» – дейді Нұрлыбек Қуанбаев.
Нұрлыбек Қуанбаев қазіргі таңда желтоқсаншылар әлеуметтік тұрғыда мемлекеттен қолдау алғаны жайында айтады. «Алматы қаласында түрме азабын көріп келгендер бар. Олар түгел дерлік пәтермен қамтамасыз етілген. Одан кейін қудаланған, оқудан, жұмыстан шығарылғандарға да пәтер беріліп жатыр. Бүгінге күнге келер болсақ, «Желтоқсан» оқиғасын жастарға патриоттық тәрбие беру құралы ретінде қолдану керек. Болашақта «желтоқсан оқиғасы» халықты араз қылатын емес, қазақстандықтарды, соның ішінде мемлекет құраушы ұлтты біріктіретін факторға айналуы тиіс» -дейді желтоқсаншылардың бірі, бірлестік төрағасы Нұрлыбек Қуанбаев.
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев та осы пікірді қолдайды. Ол қазақ жастарына патриоттық тәрбие беруде Желтоқсан оқиғасының маңызы зор екенін айтады. Болаттың айтуынша, «желтоқсаншылар жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында институт, колледждерде патриоттық рухтағы кездесулер өткізіп, жас ұрпаққа Желтоқсан оқиғасының маңыздылығын насихаттауы қажет».
Желтоқсанның ызғарын әр қазақ азаматының жадынан өшіру мүмкін емес екені ақиқат. Желтоқсан оқиғасының маңызын ұмытпауымыз, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіміз шарт. Өйткені, қыршындай жастар сақылдаған аязда жанын пида етіп, еркіндік пен азаттық үшін құрбандыққа барды. Жастық шағы түрме қабырғасында өтті, қала берді мемлекет тарапынан қудалауға, қоғам тарапынан табалауға қалды. Олар жарқын, жайлы өмірді емес, болашақ ұрпақтың еркіндігі үшін тар қапасты таңдады. Осы мақсатта оқу, білім, жұмыс, мансаптан бас тартты. Бұл уақыт Желтоқсаншылардың жеке өздері үшін ғана емес, бүкіл отбасы үшін азапты уақыт болды.
Парақшамызға жазылыңыз