////

Әр ана өз ошағының түтінін түтетіп, балаларымен өз үйінде отырсын!

3464 рет қаралды
фото: cabar.asia

Осыдан бұрын біз Алматы қаласындағы «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» Қоғамдық қорының «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасын еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырғаны туралы жазған болатынбыз. Осы жолы қоғамдық қордың әлеуметтанушысы Татьяна Резвушкинадан жобаның неден басталғаны және қалай жүзеге асырылғаны туралы сұхбат беруін өтіндік.

– Сіздер бұл жобаны қашан бастадыңыздар және не себептен осы саладағы жоба қызықтырды?

– Мен, осы қордың әлеуметтанушысы боламын. Қордың президенті Маргарита Өскембаева осы институтқа және «ARASHA» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспанаға басшылық етеді. Баспана Алматы қаласында орналасқан. Біз жыл сайын зерттеулермен айналысу үшін, екінші жағынан өз тәжірибемізді жаңарту мақсатында жобалар, гранттар және қаржыландыру көзін іздейміз. 2021 жылы наурыз айында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және оның құрылымдық бөлімі болып табылатын Азаматтардың бастамасын қолдау орталығы жобалар байқауын жариялады. Көптеген жобалардың ішінде «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» атты жоба болды. Біз байқауға қатыстық. Байқау өтінішін толтырдық, жобаның мақсаты мен міндеттерін қалай көретінімізді жаздық. Тапсырмалардың бір бөлігін тапсырыс беруші қалыптастырды. Сөйтіп, біз бұл байқаудан өтіп, жеңімпаз болдық. Жобаны министрлік қаржыландырады, бізге 15 миллион қаржы бөлінді. Наурыз және қараша айларының аралығында осы жобаны жүзеге асырдық. Сонымен қатар, басқа да гранттық байқауларға қатыстық. Бірақ, бізді дәл осы жобада қызықтырғаны жобаның Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіруге бағытталғаны.

– Дағдарыс орталықтарының жағдайы қалай және орталықтар қызметінде қандай мәселелер бар?

– Біздің бұл салада тәжірибеміз көп, орталықтарды өз жұмысымызға тартамыз, олардың шешілмеген мәселелері жетерлік.

Біріншіден, мемлекеттік және мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарын қаржыландыру екі түрлі. Яғни, мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарын қаржыландыру көлемі едәуір аз. Осыған, қарамастан олар да дәл мемлекеттік орталықтар сияқты арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетіп отыр.

Екіншіден, кадрлар тұрақсыздығы. Дағдарыс орталықтарындағы кадрлардың – психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, басшылары кәсіби өте тез шаршайды. Мұндай барлығынан шаршау күйі жиі жағдайларда қызметін тоқтатуға деген ниетті қалыптастырады.

Үшіншіден, еңбекақы мөлшерінің төмендігі. Мысалы, мемлекеттік дағдарыс орталықтарындағы психологтар 120 мың теңгеден бастап жалақы алуы мүмкін. Ал, мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарында олардың жалақысы 60-80 мың теңгеден жоғары болмайды. Яғни, айырмашылық екі есе. Сәйкесінше, осының өзі жоғары кәсіби, жоғары білікті мамандарды бұл салада қызмет етуге еш ынталандырмайды.

Төртінші, біздің қоғамда белгілі бір стереотиптер қалыптасқан. Бұл стереотиптер дағдарыс орталықтары мен мұндағы қызметкерлердің пайдасына емес әрине. Атап айтсақ, дағдарыс орталықтары ерлі-зайыптыларды не жұптарды ажырату үшін барлығына дайын деген стереотип бар. Дағдарыс орталықтарының беделі үшін де жақсы емес

Бесіншіден, көмекті гендерлік сезімтал, әйел құқықтары мен зорлық-зомбылық мәселесіне немқұрайлы емес адамдар ғана көрсетеді. Олар да көп емес, өйткені Қазақстан халқының көпшілігі гендерлік теңдік идеясын қолдамайды. Бұл мәселеге де біз зерттеулер жүргіздік, нәтижелерін көрдік және қоғамда ерлер мен әйелдердің рөлі туралы түсінік өте дәстүрлі екенін түсінеміз. Осы мәселелердің барлығының жиынтығы өте қиын жағдайды туғызады.

– Жоба барысында мемлекеттік және мемлекеттік емес орталықтар арасында қандай да бір айырмашылық байқадыңыз ба?

– Қазақстанның 17 өңіріндегі дағдарыс орталықтарының қызметіне мониторинг жүргіздік. Біз олардан жұмыстарында қандай проблемалық мәселелер бар, қиындықтар бар, қандай жақсы жақтары бар деп сұрадық. Нәтижесінде, біз өте қызықты жайды байқадық. Мемлекеттік дағдарыс орталықтарының қызметкерлері өз жұмыстарында өте ресми, формальды және бюрократиялық. Олар көбіне дағдарыс орталықтарында өздерінің құндылықтары, идеялары, ұстанымдары сәйкес болғанынан немесе осыны дұрыс деп есептегеннен емес, шартты түрде жұмыс орны болғандықтан жұмыс істейді. Керісінше, мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарының қызметкерлері идея тудырады. Олар қызметі тоқтап қалмай, тұрақты жұмыс істеуі үшін табыс табудың түрлі амалдарын ойлап табады. Мысалы, орталықта бар төсек-орын санынан көп әйелдерді қалай қабылдауға болады, балаларды мектепке не балабақшаға орналастыру үшін құжаттарын ресімдеуге қалай көмектесуге болады. Маргаританың баспанасында түрған әйелдердің тағдырынан өте қызықты кейстер мен тарихтар бар. Баспанада үйлену тойы да болды, сәби де дүниеге келді және адамға ауруына байланысты ота жасау үшін қаржы да жинап, емдеп жіберді. Үкіметтік емес ұйымдар өз жұмысын ұйымдастыруда формальды емес, олар жанып тұрады. Мемлекеттік орталықтар, өкінішке орай олай емес және бұл байқалып тұрды. Және мониторинг барысында пайда болған жаңа өзекті проблема – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары – әйелдерге мемлекеттік көмек көрсету стандарттарының барлығы балаларға көмек көрсетуді қамтымаған. Барлығы да әйелдерге көмек көрсету мақсатында жасалған, ал әйелдер барлық жағдайда жалғыз келмейді, кейде олар балаларымен келеді, балалардың саны 4 немесе 6 болуы мүмкін. Көп жағдайда балаларға көмек көрсету үшін ресурстар жоқ. Балаларға көп жағдайда медициналық көмек, психолог, әлеуметтік қызметкердің көмегі қажет болады. Ал, ресурстар шектеулі.

– Дағдарыс орталықтарының қызметкерлері туралы не айта аласыз?

– Мониторингтің тағы бір қызығушылық тудырған сәті, бұл дағдарыс орталықтарындағы қызметкерлердің құндылықтар жүйесінің әртүрлі болуы. Біреулері, «ия, біз отбасының ажырағанын қаламаймыз, күйеуінің әйеліне қол жұмсап, зорлықтың сорақысын көрсетуіне қарамастан, біз әйелдерге қарым-қатынасты жақсартуға көмектесеміз, күйеуінің көңілі толуы үшін әйелдерді үй жинауға, тамақ дайындауға, балаларға қарауға үйретеміз» дейді. Басқалары, «біз әрқашан әйелдің жағдайына қараймыз, ұсыныстар мен түрлі нұсқалар ұсынамыз, бұл жерде өзіне не жақсы екенін әйел адам өзі шешеді» дейді. Дағдарыс орталықтарында заңгер, кеңесші болып қызмет ететін ер адамдардың әдетте гендерлік сезімталдығы анағұрлым төмен. Олар зорлық-зомбылыққа әйелдің өзі себепші болады деген пікірде және кей жағдайда мәліметтердің құпиялылығын сақтамауы мүмкін. Біздің мониторинг барысында бір орынсыз жағдай болған, яғни заңгер құрбан-әйел адамның аты-жөні, жұмыс орнын жариялап, нақты кейсті айта бастады. Біз нақты әйел туралы ақпаратты жария қылмай, мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау үшін ол заңгерді тоқтатуға мәжбүр болдық. Қорыта келе, басты мәселелер кадрлардың тұрақсыздығы, біліктілігінің төмендігі және осы сала, тақырып, мәселеден хабары жоқ адамдардың жұмыс жасауы дер едім.

– Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде пандемия кезінде зорлық-зомбылық саны көбейді деп дабыл қақты. Біздегі статистика қандай?

– Біздегі дағдарыс орталықтары туралы статистика тұрақты емес, өзгеріп отырады. Өйткені, дағдарыс орталықтары үнемі біреуі ашылып, келесісі жабылып жатады. Пандемия кезінде де көбі жабылып қалған немесе керісінше ашылған. Нақты анық саны жоқ. Барлығы да мақсатты жұмыс жасайды. Алайда, қызметтерінде ерекшеліктері бар. Мысалы, Ақтөбе облысындағы дағдарыс орталығы «Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қайта бейімдеу орталығы» деп аталады. Анықтап айтар болсақ, мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер де, тұрақты мекенжайы жоқ адамдар да, қиын жасөспірімдер де тұрады, барлығы осында. Мамандандырылған дағдарыс орталықтары бар, мысалы Нұр-Сұлтан қаласында үлкен, 4 қабатты дағдарыс орталығы бар. Өте жақсы қаржыландырылады, барлық мамандары бар, 35-ке жуық төсек-орыны бар.

Әрине, статистика да, ресми мәліметтер де пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардаптарынан жүгінулер саны күрт өскенін көрсетеді. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтында мәліметтер бар, біз осы мәліметтерді жинап, зерттеп көрдік. Көрсеткіштер 2 есеге өскенін байқадық. Бірақ, бұл жерде де нақты сандарды бере алмаймыз, себебі дағдарыс орталықтары мен баспаналарда вирус анықталса, олар жабылады. Біреулер пандемия екенін біле тұра, орталықтарға жаңа әйелдерді қабылдау үшін бөлек бокстар мен бөлмелер болу қажет екенін түсіне тұра, сол жерде қадағалауы да мүмкін және олар жабылмаған болуы мүмкін. Алайда, дағдарыс орталықтарының басым көпшілігі пандемия кезінде жабық болды. Сол себептен орталық, баспаналардың қызметкерлері де жұмысынан айрылды, жаңадан жүгінген әйелдер мен балаларды қабылдау тоқтап қалды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласын реттейтін заң нормалары жайында айтсаңыз?

– Қазір 2016 жылы қабылданған отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу заңы қайта қаралуда. Жазда осы қабылданатын заң жобасының айналасында хейт пен негатив көп болып, қызу талқылау жүрді. Мәжілістегі жұмыс тобы бұл заңды жетілдіруде. Біз осы заң жобасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық баптары әкімшілік баптан қылмыстық бапқа ауыстырылады деп үміттенеміз. Біз жоба аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша инспекторлар, ювеналды полиция инспекторлары, учаскелік инспекторлар үшін тренингтер өткізгенбіз. Сол тренингтерде полиция қызметкерлерінің өзі де «біздің агрессорларға әсер ету тетіктеріміз жоқ» деген пікір білдірген еді. Ескерту, арыз немесе қорғау нұсқамасы деген не? Бұл – фикция және жұмыс істемейтін тетік. Жұмыс істеу үшін агрессорларды қорқытатын және тоқтататын нақты, қатал санкциялар қажет.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықты түпкілікті бір жобамен жоя алмайтынымыз белгілі, алайда жағдайды жақсарту үшін тағы да қай бағытта жұмыс істеу қажет деп есептейсіз?

– Ия, тағы бір айта кететін жай, агрессорлармен жұмыс мүлдем жүргізілмейді. Агрессорларға арналған бағдарламалар, оңалту орталықтары, оларға көмектесетін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің тегін қызметі де жоқ. Біздің жобаның мақсаттарының бірі – агрессорлармен ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізу болды. Еліміздің 17 аймағындағы полиция учаскелерінде қорғау нұсқамасын алған агрессорларды жинадық, олармен өзіміз, психологтар, заңгерлер сұхбаттастық. Оларға отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарын түсіндірді. Агрессорлардың көбі «Бізге көмектесіңізші, кеңес беріңізші. Қайда барамын? Маған кім көмектесе алады?» деді. Олардың кейбіреулері өзгеруге, өзін-өзі тәрбиелеуге дайын, бірақ оларға кім көмектесетіні және қайда бару қажет екені жайында ақпарат жоқ. Өкінішке орай, Қазақстанда әзірге әйелдерін тұрақты ұрып-соғатын топтағы еркектерді тәрбиелеу үшін ештеңе жасалынып жатқан жоқ. Осы саладағы жұмыс күшейтілсе дейміз.

– Орталықтардың қаржыландырылуы қалай?

– Біз мониторинг аясында дағдарыс орталықтарынан оларды қаржыландыру туралы ақпарат сұраттық. Негізі аса көп мөлшерде және тұрақты болмаса да, өсім бар. Бір жыл бір мөлшердегі сома бөлінсе, келесі жылы ол мөлшердегі сомадан төмен бөлінуі мүмкін. Бірақ, ол мөлшерден неге көп немесе неге аз бөлінуінің себебі ешқалай түсіндірілмейді. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік дағдарыс орталықтарына бөлінетін қаржы мөлшері мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарына бөлінетін қаржы мөлшерінен көп. Айырмашылығы айтарлықтай. Оған қоса мемлекеттік дағдарыс орталықтары негізгі басымдыққа ие, олардың тұрақты орналасқан орыны бар, яғни әйелдерді қабылдау және оларды тұрғызу үшін тұрақты орын бар. Ал, мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары орындарын үнемі ауыстыруға мәжбүр, өйткені олар ғимаратты жалға алады. Ғимаратты жалға алу үшін ақша төлейді және оның құны өте қымбат болуы, мысалы: айына жарты миллионға жуық сома болуы мүмкін. Сондықтан, әйелдер тұрақты түрде жүгіне алатын орынның жоқтығы әйелдерді қамтуға әсерін тигізу мүмкін. Мысалы, Маргарита Өскембаеваның баспанасы биылғы жылдың өзінде 3 рет орын ауыстырды. Олар жаңа орынға енді үйреніп, барлығын ұйымдастырып, орналасқан кезде ғимарат қожайыны «мен сіздерден тартымды, тиімді жалға алушыны таптым» деп ғимаратты босатуды өтінуі мүмкін. Ол жерде қауіпсіздік камералары орнатылған, төсек орындары, шкаф және басқа да жиһаздар сатып алынады. Көшу әркез өте қиын. Дағдарыс орталығының байланыс нөмірлері, мекенжай және басқа да мәліметтер ауысады. Бұл да жақсы жағдай емес. Мемлекеттік дағдарыс орталықтарының саны мемлекеттік емес дағдарыс орталықтарының санынан аз. Барлық әйелдер жалпы шарттарға сәйкес жарты жыл ғана тұра алады. Егер де бір ерекше жағдайлар болатын болса, онда 9 айға дейін тұра алады. Осы тұрғыдан келсек қаржыландыру бар, бірақ тұрақсыз және тең емес деуге болады.

– Ол әйелдер дағдарыс орталығынан шыққан соң қалай өмір сүреді?

– Әдетте, біз әйел дағдарыс орталығынан кеткеннен кейін оның тағдыры қалай қалыптасқанын қадағалайтын бағдарламалар бар ма деп сұраймыз. Мұндай бағдарламалар жоқ десек болады, бәрі бірдей бұл мәселемен айналыспайды. Әйелдер дағдарыс орталығында болған уақыт ішінде кейін тұратын орынды өзі жалға алу мүмкіндігі пайда болатындай әйелдің білім алуын, мамандыққа ие болуын және жұмысқа тұруын қамтамасыз етуге тырысады. Немесе әйелдің туысқандарымен байланысып, егер олар әйелді қабылдауға келісім берсе, сол туысқандарымен бірге тұру үшін апарады. Алматыда «Береке» атты әлеуметтік жоба бар, жеке кәсіпкерлер үйлер салып, соның ішінен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары болған әйелдерге бірнеше пәтерді бөлген. Бірақ, бұл осындай жалғыз жоба. Көбіне әйелдерге жұмыс тауып береді, олар тұрақты түрде қаржылай табыс табады. Осының есебінен пәтерді жалға ала алады.

– Бір жылда қанша әйел дағдарыс орталықтарында тұра алады, статистика бар ма?

– Дағдарыс орталықтарында тұратын әйелдердің статистикасын айту мүмкін емес, өйткені әйелдер келеді, кетеді. Үнемі ішкі миграция жүріп отырады. Мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары 20-25 орыннан артық ұсына алмайды, өйткені жағдайлары жоқ. Мемлекеттік дағдарыс орталықтары әйелдер мен балаларға бұдан да көп орын ұсына алады. Кейде олар 50 – 70 адамға дейін сыйғыза алады. Қазіргі уақытта (қараша айы) Маргаританың «ARASHA» атты баспанасында 5 әйел адам және 9 бала тұрып жатыр. Балалар дағдарыс орталығына түскен кезде оларды мектепке ресімдейді. Балалар оқиды.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет, еңбегіңізге табыс тілейміз!

 

Ресми статистика мәліметтеріне жүгінетін болсақ Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы сайтындағы ақпаратқа сәйкес Дағдарыс орталықтарының саны, соның ішінде пана үйлерімен (жүгінген ерлер мен әйелдер саны, барлығы соның ішінде зорлық-түрлері бойынша) 2002 – 2020 жылдар аралығына берілген. Қай жылды алып қарасақ та дағдарыс орталықтары ең аз дегенде 20-дан кем болмаған. Ал, соңғы жылдары оқиғалар саны төмендемепті де. Бұл елімізде дағдарыс орталықтарына сұраныс бар екенін, бола беретінін, ал сол сұранысты қанағаттандыру жағы әлі ақсап тұрғанын баяндаса керек.\

Келесі деректерде 2000 – 2020 жылдар бөлінісінде әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны берілген  Бұл мәліметтерден біз 20 жыл ішінде елімізде әйелдерге отбасында, тұрмыста зорлық-зомбылық жасау жағдайы қалай өзгергенін көре аламыз. Мемлекет тарапынан, мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан жасалған жұмыс аз емес, әлі де жасалуда, мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе азаймай тұр.

Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықты бір жоба аясында немесе бір ғана ұйым не мекеме бір күнде түпкілікті жоя алмайтыны белгілі. Сол үшін біз күштерді біріктіріп, қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастырудың жолын іздегеніміз жөн.

Альфия Шамай,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар