/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2783 рет қаралды

«АҚ АДАМҒА» ЖОЛЫҚТЫҚ 

Қайдан келіп, қайдан тұрғанымды, қайда кетіп бара жатқанымызды да білмеймін. Жолбасшымыздың артынан сүмеңдеп еріп келеміз. Негізі біздің жүріп келе жатқан жолымыз жаяу серуенші-саяхатшыларға арналған, белгілі сызбасы бар маршрут болса керек-ті. Айналамды көзбен шолып, көргенімді, көкейіме орнықтырамын.
Біз үлкен егістік алқабын жиектеп жүрдік. Қыбыр еткен тірі жан көзге түспеді. Өзінің тума халқын жер бетіне, бес құрлыққа шашып жіберіп, мына арал бос қалғандай құлазып жатыр. Менің осы ойым әлде кімнің құлағына жетті ме, ә дегенше алдымыздан аяғында су етігі бар, үстінде жұқалау сұры күртеше киген, жұқа шалбарынан арық адам екені білінетін, жүзі мосқал, ақ адамға жолықтық.

Ақ адам деппін-ау. Шындығында бұл жирен шашты, сары түсті кісі еді. Адамзат баласын түр-түсіне, нәсіліне қарай ажыратқанда ақты сары деп, сарыны ақ деп, қоңырды қызыл деп үйреткен тарих мұғалімімен дауласқанымда «ғылымды сен түзетпейсің» деп аузымды жапқаны тағы да есіме түсті. Сонда ақты сары деп, сарыны ақ деп ғылымға мызғымастай, бұзылмастай етіп енгізіп, шегелеп тастаған ғалым өң-түсті ажырата алмайтын дальтоник болған ба? Әлде бұл ғылымға зорлап, әдейі енгізген, қолынан келіп тұрған заманда қонышынан басқан астамшылық ба екен? «Мен ақпын, мұнтаздаймын, тазамын. Ал сен ….» деген мемендік, өркөкіректік те бар ма екен? Бұл әділетсіздік қой. Ақ сөзінің өзі адалдық, пәктік, күнәсіздік, әділдік символы емес пе? Оны тек өзіне бұрып апарып еншілеп алуға бола ма? Әйтпегенде мұндай көзге ұрып тұрған дүниеден жаңылысу мүмкін бе? Басқасы басқа біздің түсімізге, өңімізге дейін тартып алыпты ғой? Осыны санамызға суырылмастай етіп сіңіріп тастапты. Ал біз болсақ сол мүлдем қате ұғымды түзетуге құлшыныс қылмай, солай қалыптасып қалды деген енжарлықпен әлі күнге дейін малданып, өзімізді де алдап, келешек ұрпақты да алдап жүрміз. Шынтуайтында Еуропа халқының сары түсті, ал Азия халқының ақ нәсілді екені жасырын дүние емес қой. Осыны түзетіп, ақты ақ деп атауға неге болмасқа? Халық ауыз әдебиетінде, мысалы «Қыз Жібек жырында»


Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап…
Қыз Жібектің ақтығы –
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы –
Ақ тауықтың қанындай,- деп жырлаған бағзы дана жырауларымыздың көзі сарыны ақ деп адасқан ба? Ғылыми атау бойынша осы үзіндіні,
«Сары маңдайы жарқылдап,
Қыз Жібектің сарылығы-
Наурыздың сарша қанындай,
Сары бетінің қызылы-
Сары тауықтың қанындай,- деп жырлау керек екен ғой.
Ақан серінің,
Бірінші бір қыз келер ақша мандай,
Ажары, ақша беті сағымданып,- деп келетін жолдары, халықтың аруларының арын ақ сүтке, етінің ақтығын аққу құстың ақ мамығына, адалдығын ақша қардай пәктігіне теңеуінің барлығы бекер болғаны ма? Ақын, сал-серілерінің «Ақ сүттей толықсыған уыз тамақ», «Ақерке ақ күмістей сенің жүзің», «Ақ маңдайға жарасар қиылған қас», «Айсұлу алма мойын, ей, ақтамақ», «Аққудай аппақ шырай біткен көрік» деп әуелете шырқатып салатын әндеріндегі қазақ қызының ішкі және сыртқы сұлулығынынң табиғи, нақты сипаты емес пе? Сары нәсілді аруды көріп тұрып оған «ақ дидарлы, ақ тамақ» деп айту жарасар ма еді. Керісінше мазақ, қорлау болмас па?!
Бұрындары бір жазғаным бар еді, Азияда отырып Таяу шығыс елдері деп Арабия түбегін көрсетеміз деп. Тап сондай түсінікке міне тағы да тап болып отырмын. Біз еуропалықтардың жасаған жалған «ғылыми» атау, түсініктерін көшіріп, қотарып күн көрген стереотиптен шығып, рухымыз жаңғырып, өзіндік санамен ой қорытып, өздік санамен өмір сүретін заманға қашан жетерімізді кім білсін? Мен үйге келген соң он бес жасар ұлымды шақырып алып, кеудемді ашып тұрып:
– Балам, менің мына етімнің, терімнің түсі қандай? дедім. Ол маған өте бір таңданған кейіппен қарап, әлде мына әкемнің есі дұрыс па деп тұр ма екен, сонан соң сәл жымиды да,
– Әрине Ақ,- деді.
– Ал мамаңның ше?
– Оны сен білесің ғой,– деді де сырт айналып кете беріп кілт тоқтап,– жоқ, сарысың, сары нәсілдіге жатамыз, негізі ол дұрыс емес, бірақ солай дейді ғылым…
Мен үндемей отырып қалдым… Ертең Ұлттық бірыңғай тестіде осындай сұрақ келетініне күманданбаймын. Ал оған талапкердің дұрыс ойлап тұрып, теріс берген жауабы дұрыс болатынына да күманданбаймын.
Адаспайық, біз ақ нәсілдіміз!
Батыста жасалғанның бәрі бақыр емес-ау? Батыстыкі десе бас салып, ол мейлі өмірдің қай саласында да болсын, ылғамай, екшемей, елек, сүзгіден өткізбей, тым болмаса бір шайнамай су қараңғылықпен қылғытып жұта беретін болсақ жаһанданудың жойғыш есігін өзіміз ашып кіреміз-ау…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар