////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

3089 рет қаралды

ӘЛЕМГЕ КАРТАНЫҢ КӨЗІМЕН ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ ЕКЕН

Жауайын деп, тұтаса қоюланып, төмендеп келе жатқан қара сұр бұлтты аспан астындағы жылмағай жазыққа жанарың шағылысады. Әлемдік картадан немесе глобустың бетінен қарағанда аядай аумақтағы Англияның 50 миллион халқы әр бір шаршы шақырымда тікесінен тік тұрып сыймай, құжынап жатқан шығар деп ойлауға болатын балаң ойыңның жалғандығына сенесің. Мына ұлан байтақ иесіз жатқан даланы көріп, әлгі ойыңнан өзің шошисың.
Әлемге картаның көзімен қарауға болмайды екен. Осыншама жеткілікті жері, мекені бола тұрып, басқаның жаратқаннан бұйырған меншігіне көз алартып, иесін қынадай қырып, күшпен басып, тартып алып, қаныпезерлікпен келген біреудің қожайындық жасауы қандай әділеттікпен бағалануға болады. Америкаға барсаң да, Африкаға барсаң да, Австралияға барсаң да ағылшындар. Ал мұнда Үлкен Британияда ағылшындардың ата қонысында, қара шаңырағында қалғандар кімдер? Ол басқа әңгіменің арқауы болмақ дүр…


Қара орманның шетіне іліндік. Жіңішке жол бізді ескі бір қорғанға алып келді. Кісі бойынан да биік тас қорғанның ішінде шіркеу ғимараттарына ұқсайтын еңселі ескі үй тұрды. «Шіркеу ғой» деп едім, жолбасшымыз, мұның шіркеу емес, осы алқаптың бұрынғы иесінің үйі болуы мүмкін деп түсіндірді. Ары қарай белуардан келетін тас қашаны жағалап жарты шақырымдай жүріп, кілт бұрылып қалың орман ішіне ендік. Түп-түзу біткен, көк тіреген, бір қарағайы бір үйдің қабырғасын жабатын байлық…
Жаңбыр жауа бастады. Жер беті лезімде жұмсарып, табанымыз тиген жер сиырдың жас жапасын басқандай езіліп, той батпақ етіктің жұлығына жабысып, балағымызды былғап, тайғанақтап жүрісіміз мандымай қалды. Жапырақ жапқан сары ізге түсіп, тағасыз атпен мұз кешкендей тәлтіректеп жүріп, бітік өскен кісі бойы сояк шөп арасымен жүрдік.  Ары қарай, қапталдай жүріп трассаға шыға келдік. Біз дардай биікке көтеріліп кеткен екеміз. Дардай – үлкен, нардай, дыңдай деген мағынада ғой. Үлкен бір қалашықтың тап төбесінен шығыппыз. Бірыңғай сұрғылт шатырлы, көше-көше, қаз-қатар тізілген қызыл ала қоңыздай тұрғын үйлер бір бөктерді жаппай алып жатыр. Анау орталық тұстан бірнеше шіркеудің мұнаралары мен мұндалайды. Хексам деген кент осы екен.

Ньюкасл – Горбридж – Хексам

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар