Осыдан бірнеше ай бұрынғы мақаламызда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әйел қауымы бастарын қосып, Әйел адамдардың зейнетке шығу жасын азайту қозғалысын бастағаны туралы жазған едік. Сол қозғалыс аясында жасалған іс-әрекеттің бүгінгі күнге дейін алып келген нәтижелері бар ма екен?
Осы сұрақ бойынша желтоқсанның 23-күні елорда төрінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен талқылау өткізілді. Іс-шараға қозғалыс мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Төрайымы Рамазанова Ләззат Керімқұлқызы, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, зейнетке шығу жасын азайту бойынша жұмыс тобының басшысы Сарбасов Ақмәди Әділұлы, Денсаулық сақтау министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты. Іс-шараны Ләззат Керімқұлқызының ұсынысымен зейнетке шығу жасын азайту бойынша жұмыс тобының кезекті талқылауы деп атады.
Қозғалыс көшбасшысы Майкен Ертайқызы бұған дейінгі кездесулердің нәтижелі болмағандығын айтты: «Сіздердің баяндамаларыңызды тыңдап шаршадық, оларды өзіміз де білеміз. Күннен күнге біздің қозғалысымыздың қуаты еселеніп келеді. Мысалы, мобильді қосымшаларда 12 мыңдай қатысушысы бар 4 чатымыз бар. Зейнет жасын азайтуды талап ететін петицияға 200 мыңға жуық адам қол қойды».
Сонымен қатар талқылауға еліміздің бірнеше аймағынан ZOOM қосымшасы арқылы 100-ге жуық қатысушы қосылды. Онлайн да, оффлайн да қатысушылар арасында сұрақтар мен ұсыныстар көп болды. Соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналардың, жалпы жасы 55-тен асқан әйел адамдардың денсаулығының нашарлауы, зейнет кодексін әзірлеу мүмкіндігі, жұмысқа қабылдаудағы жас ерекшелігіне байланысты дискриминация және т.с.с. сұрақтар қозғалды. Әр сұраққа сәйкес маманнан орынды жауаптар қайтарылды. Денсаулық сақтау саласының өкілдері, дәрігер Сауле Ибраева қатысушылардың өткен кездесуде қойған сауалдары мен сұраныстары бойынша әйел ағзасының жас ерекшеліктеріне байланысты өзгерістерге ұшырауы туралы ақпаратты, тіркелген әр түрлі ауруларға шалдыққан әйелдер саны бойынша статистиканы ұсынды.
Яғни, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде республика бойынша статистикалық мәліметтерге сенсек, келесі диагноздармен тіркелген 50 жастан асқан әйелдер саны мұндай: эндокриндік аурулар, тамақтанудың, зат алмасудың бұзылуы бойынша – 378280 адам; көз және қосалқы аппарат аурулары – 35055; қан айналым аурулары – 1434594; тірек-қимыл жүйесі аурулары – 65083; зәр шығару жүйесінің аурулары – 149263; жарақаттар, улану – 289; уланудан және басқа да әсерден кейінгі салдар – 588; тыныс алу мүшелерінің аурулары – 95796 әйел адам.
Сонымен қатар мамандар 2020 жыл қорытындысы бойынша орташа жас ұзақтығы – 71,37, ал ер адамдар бойынша – 67,09, әйелдердің орташа жас ұзақтығы – 75,53 екенін баяндады.
Қорыта келгенде, белсенді әйел қауымы кездесу нәтижесі ретінде өз резолюцияларын әзірледі. Оның мәтіні келесідей болды:
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Нұр Отан республикалық партиясының депутаттық фракциясын біздің келесі ұсыныстарымызды талқылауға қабылдауын сұраймыз.
- Өткен жүз жылдықтың 90-жылдарындағы қиындықтарды, әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарысты, COVID-19 пандемиясын, 55-59 жас аралығындағы әйелдер өлімі деңгейінің 3,4 есе артуын, әйел адамның физиологиясына байланысты менопаузадан кейін әйел ағзасында иммунитеттің төмендеуі мен созылмалы аурулардың асқынуы сияқты қайтымсыз өзгерістердің басталуын ескере отырып, әйел адамдардың зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды сұраймыз.
- Біздің әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтару ұсынысымызды қарамас бұрын, 60-жылдары туған әйелдер мен қазақстандықтар үшін ауыр 90-жылдары еңбек еткендер 60 жастарында зейнетке шығуы үшін зейнетке шығу жасын әрі қарай арттыруды 60 жаста тоқтатып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан оған мораторий жариялауды сұраймыз.
- Қазақстан Реаспубликасының Еңбек кодексінің жұмыс берушілер тармағына толықтырулар енгізуді сұраймыз. Нақтылай келгенде: меншік формасына қарамастан, жұмыс берушілерге өздерінің есептерінен зейнетке жақын жастағы әйелдерді, 30 жыл жұмыс өтілі бар ардагерлерді мерзімінен ерте зейнетке шығуын рәсімдеуге құқық беру. Бұл әйелдерге жұмыс берушінің есебінен мерзімінен ерте төленетін зейнеттің көлемін ең төменгі жалақыдан кем емес және зейнетке шығу жасына дейін төлеп отыруы.
- Бұл құқық бөлек жұмыс берушілерге жас ерекшеліктерінен пайда болған ағза өзгерістеріне, жүре пайда болған созылмалы ауруларға байланысты әрі қарай еңбек ете алмайтын әйелдерді, еңбек ардагерлерін зейнетке мерзімінен ерте шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай әйелдер ауырып, әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы алып, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдейді.
- Әйелдер мен еркектер үшін «зейнеталды жас» санатын белгілеу және осы санаттағы тұлғаларға арналған преференцияларды белгілеу мәселелері бойынша зейнетақы заңнамасына өзгертулер енгізуді ұсынамыз. Іс жүзіндегі заңнамада «зейнеталды жас» – бұл зейнетке шығуға екі жыл қалғандағы жас. Ал әйелдердің зейнетке шығу жасы 5 жылға артқан (58-ден 63-ке дейін). Сәйкесінше, әйелдер үшін «зейнеталды жасын» зейнетке шыққанша 5 жыл бұрын белгілеген орынды болады.Егер зейнетке шығу жасын арттыруға мораторий іске жарияланса, ол жағдайда «зейнеталды жас» іс жүзіндегі заңнамадағыдай зейнетке шыққанша екі жыл бұрын болып қала береді.
- 2-4 бала тапқан әйелдердің зейнетке мерзімнен ерте шыға алу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз:
егер 4 балалы болса, 55 жаста;
егер 3 балалы болса, 57 жаста;
егер 2 балалы болса, 59 жаста.
- Бөлек кәсіби санаттағы қызмет өтіліне байланысты әйелдердің зейнетке мерзімінен ерте шыға алу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз: зиянды өндіріс (№1, 2 тізім бойынша), медициналық көрсеткіштерге сәйкес 50-ден асқан әйелдерді жұмысқа жіберілмейтін ауыр еңбек жағдайындағы өндіріс, ұстаздар, орта буын медициналық қызметкерлері, дәрігерлер және де мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әйелдер.
Жанар Байтілес,
суреттерді түсірген автор
Парақшамызға жазылыңыз