Бұл туралы FT (Financial Times)басылымына сілтеме жасаған www.kaztag.kz сайты жазды.
Халықаралық бизнес басылымы FT (Financial Times) Қазақстанның бар байлығының 55 пайызы тек 162 адамға тиесілі, олардың көпшілігі Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты деп хабарлайды.
Хабарламада «KPMG (аудит, салық және кеңес беру қызметтерін ұсынатын фирмалардың халықаралық желісі) 162 адам немесе 19 миллион халықтың 0,001%-ы Қазақстан байлығының 55%-ына иелік ететінін есептеді. Олардың көпшілігі тұңғыш президентпен қандас немесе іскерлік байланыстар бойынша жақын. Назарбаев ел ішіндегі келіспеушілікті аяусыз тұншықтыратын посткеңестік режимнің бір түрінің символына айналды, ал билеуші топ миллиардтаған қаржыны шетелге көшіре алды және оны легитимді шымылдықпен жасыру үшін әлемнің ең жақсы заңгерлері мен лоббистерін жалдады», – делінген.
Сондай-ақ, Назарбаевтың металлургия және банк секторындағы активтерге иелік еткені туралы да пікірлер айтылады. Басылымның жазуынша, Эксетер университетінің Қазақстан бойынша жетекші сарапшысы Том Мэйн тұңғыш президентті «заманауи клептократияның ең күшті үлгілерінің бірі» («клептократия» – мемлекетті ұрылар мен алаяқтар қауымы басқаратын жағдай, Мінбер.кз) деп сипаттайды.
FT қаңтар айының басында Қазақстанда болған тәртіпсіздік ширек ғасыр бойы әбден пісіп-жетілген жағдайдың салдары деп санайды. 1995 жылы 21 қарашада американдық кәсіпкер Джеймс Гиффен швейцариялық банк шотына ондаған миллион доллар аудара бастады. АҚШ прокуратурасының хабарлауынша, Гиффен делдал болып, қазақстандық мұнай кен орнын сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатқан америкалық Мобил мұнай компаниясынан миллиондаған ақша алған. Бұдан бес жыл бұрын Қазақстан мұнайы мен құнды қазбалары коммунистердің бақылауында болған Кеңес империясының құрамында болды. Енді Нұрсұлтан Назарбаев металлургия зауытындағы балқытушыдан Коммунистік партияның жоғары лауазымды көшбасшысына дейін барды. Ол ондаған миллиард долларлық мұнайдың құқығын қаламсаппен бір түртіп жеке бизнеске бере алатын. Ол үшін оны тек көндіру керек болды», – деп толықтырады басылым.
Мақалада, Швейцария төлемдері қазақ билеушілерінің көп жылдар бойы сайлаудағы алаяқтық пен саяси қуғын-сүргін арқылы билікті сақтап қалуға мүмкіндік беретін байлық – табыс табуға болатынын көрсеткені, де айтылады. «2004 жылы Гиффенге АҚШ заңгерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды бұзды деп айып таққан кезде, олар Назарбаев швейцариялық банк шотының шынайы бенефициары екенін анықтады. Айыптау қорытындысына сәйкес, Назарбаев осы заңсыз табысының 45 мың долларын қыздарының бірі оқитын беделді швейцариялық мектепке оқу ақысын төлеуге жұмсаған. Алғашында төлемдердің жария болғаны Назарбаевтың көңілін бұзды. Ол АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Дик Чейниден өзінің құқықтық мәселелерін жеңілдетуге көмектесуін өтінді, бірақ нәтиже болмады. Ақырында оның жолы болды. Гиффеннің адвокаттары ЦРУ оның төлеп жатқан төлемдерінен хабардар екенін алға тартты. Сотқа қатысты заңды даулар прокурорлар не алуға болатынын келіскенше істі жылдар бойы созды. Олар сыбайлас жемқорлық айыптарын алып тастады және Гиффен қарапайым айыппұл төлеп, салықтық құқық бұзушылықтар үшін кінәсін мойындады, – деп еске алады, басылым.
Басылым сондай-ақ «Chatham House-тың жуырдағы есебінде Назарбаевтың достарының бірі мыс өнеркәсібіндегі 135 миллион фунт стерлинг үлесін қалай тегін алғаны сипаттаған. Назарбаев коммерциялық мәмілелер бойынша заңсыз комиссияларды «үнемі» алып отырған, тау-кен және мұнай салаларында жасырын акцияларға ие болған және «оффшорлық банктік шоттардың желісін» жүргізген», – жазады басылым. Сонымен қатар, FT «Назарбаевтың тұрақты жұмысының бірі Қазақстанның орасан зор табиғи байлығын әлеуетті бәсекелестерді күшейтпей-ақ бөлісу болғанға ұқсайды» деп қосты. Мысал ретінде басылым Қазақстанда ақша жинаған шетелдік олигархтардың үштігін, сондай-ақ тұңғыш президенттің отбасын көрсетеді.
Аударған: Назым Дүтбаева
Парақшамызға жазылыңыз